Суға түсу маусымы басталысымен төтеншеліктердің де жұмысы қыза түседі. Соңғы жылдары облыстың су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде азаматтардың түрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы жиі кездесуде. Мысалы, өткен жылы республика бойынша 317 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Суға кету оқиғасының 39-ы біздің облыс аумағында тіркелген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Асхат Тоғызбаев сақтық шаралары туралы айтып берді.
– Департамент қызметкерлері облыс аумағынан өтетін Сырдария өзені жағалауы және қала, аудан аумағында орналасқан су айдындарында тұрғындарға, әсіресе жастар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала мамандарын тарта отырып әр жұма, сенбі және жексенбі күндері бекітілген кестеге сәйкес рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда, – деді ол.
Былтыр біздің құтқарушылар суға батып бара жатқан 4 адамды құтқарды. Оның екеуі – бала. Айта кетейік, судағы 33 төтенше жағдайдың 6-уы балық аулау кезінде туындаған. Салдарынан 10 адам қаза болған. Ал жыл басынан 11 адам (оның 6-ы бала) суға кетіп, қаза болған. 1-24 мамыр күндері аралығында облыс су айдындарында 4 оқиға болды, 1 төтенше жағдай тіркелді.
Ақпарат ретінде айтсақ, 7 мамырда Сырдария ауданы, Амангелді ауылындағы «Жетікөлжарма» каналына шомылу кезінде 12 жастағы бала суға батып кетті. Ал, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылында 1997 жылы туған жігіт катамараннан суға құлап кетіп, қаза болды. Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округінде 3 жасар сәби аулада ата-анасының қарауынсыз қалып, суармалы арыққа құлап, мерт болған.
Оқыс оқиғалардың негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы. Өзеннің ағысы жылдам, терең, тік жар жеріне суға түсуге болмайды. Сондай-ақ, спирттік ішімдік ішіп суға түсетіндер қатары да сиремей отыр. Балалардың ересектер бақылауынсыз су жағасына баруы, суға түсуі, жүзе білмейтіні қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда. Қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы бақытсыз жағдайлар санын көбейтіп отыр.
Ұжымдар мен жастардың жаз айларында демалысты өзен-көлдер жағасында ұйымдастыруы соңғы жылдары үрдіске енді. Өкініштісі, осындай демалыстардың кейбірі бақытсыздықпен аяқталып жатады.
Облыста өзен және көлдерге суға шомылуға 1 маусымнан бастап рұқсат етіледі. Қазір арнайы орындар дайындалып жатыр. Шомылу маусымы кезеңінде департаменттің жедел-құтқару жасағының күштері (54 сүңгуір маман) мен құралдары (18 бірлік техника, ілмелі мотор – 16 дана, 29 жүзу құралы: катер – 5 бірлік, темір қайық – 6 бірлік, пластикалық қайық – 2 бірлік, үрлемелі қайық – 16 бірлік) әзірлікке келтірілген.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<