Сурет сарайындағы сұлулық

1606

0

Кескіндеменің көркем кеңістігіне еніп, галереядағы суреттерді көргенде ойыңыз сан-саққа жүгіреді. Түстер арқылы адам мінезі мен көңіл-күйін болжауға, болмыс ерекшеліктерін анықтауға, тіпті жаны мен тәнін сауықтыруға болады.

Сурет сала білу – табиғатынан талант дарыған, ерекше жандарға берілетін қасиет. Кез келген адам суретке бейім емес. Әйгілі суретші, әлемдік бейнелеу өнеріне кубизм бағытын әкелген қылқалам шебері Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген екен. Осындай таланттар Сыр топырағында да жетерлік.

Сыр өңіріне 2014 жылы облыс басшыларының тікелей қолдауымен қараша айында тарихи ескерткіштер тізіміне енген, бұрынғы әскери комиссариат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық музейдің бір бөлімі Көркемсурет галереясы ашылды.

Галерея қорына елімізге әйгілі суретшілер Әбілхан Қастеевтің, С.Романовтың, Г.Исмаилованың, А.Ғалымбаеваның, С.Сенчихиннің, Қ.Мамақовтың, Қ.Қожықовтың және Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, Қазақстан бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосып жүрген жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылары қойылған.

2019 жылы Қызылордада өткен қылқалам шеберлерінің халықаралық симпозиумында Қызылорда облыстық көркемсурет галереясына кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді.

Салихитдиннің көркемдік стилі

Қызылорда қаласында 1938 жылы дүниеге келген С.Айтбаевтың ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы дара буынға жататын ерекше тұлға екенін атап өткен жөн. Бұл кезең елуінші жылдардың соңында жас суретшілер шығармашылығының қарқынды өсуімен және олардың бүкілодақтық және халықаралық деңгейде таныла бастауымен айқындалады. Жас суретшілер аға буын қылқалам шеберлері тәжірибелеріне сүйене отырып, өз заманының жаңа көркемдік талаптарына сай, өзіндік жаңа стиль жасап шығарды. Қазақстан қылқалам шеберлері туындыларының мағынасы бірте-бірте күрделілік пен тереңдікке, қанықтыққа ие болды. Бұл жаңа көркем стиль – ұлттық философиялық идеяның негізінде жаңа көркемдік тілдің тез қалыптасуына, нәтижесінде қазақ бейнелеу өнерінің жалпы жаңа өрлеуіне әкелді.

– Салихитдин – шығармасы сол кездегі өзгеріске ұшыраған негізгі ағымдарды бойына сіңірген суретші. Айтбаевтың туындылары формаларының шарттылығымен, түстерінің қанықтылығымен, силуэттерінің анықтығымен ерекшеленеді. Оның кескіндемесінің көркемдік қасиетіне ХХ ғасырдағы әйгілі мексикалық Альфаро Сикейрос, француздық Сезанның жұмыстарындағы пейзажды түс пен жарықтың ерекше формалары арқылы беруін және дәстүрлі қолөнердің көркемдік стилін терең зерттеу әсер етті.

Ол өзінің шығармашылығында әсіресе сипаттаудан, бұлдыр әрі жеңіл ойдан арылып, суретшінің ішкі жан дүниесіне ену жолын ашты, заманауи өнердің тәжірибесін қолданып, социалистік шындықты көшіруден бас тартып, өз әлемін жасады. Кескіндеменің – пластикалық мүмкіндіктерін байытып, жазудың жеке мәнерін күшейтті, – дейді С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының меңгерушісі Кенжегүл Құлбараққызы.

Тума таланттың туындылары

Ол туралы «Суретші сахналық сюжетке және натуралық ұсақтыққа түбегейлі жат, өзінің дәл және нақты бағытының формуласын тапты» деп жазады орыс өнерсыншысы және өнертанушы Вильям Мейланд. Сонымен қатар «С.Айтбаевтың шығармашылығы айтарлықтай дәйекті түрде дамыды. Оның алғашқы туындылары – 1962 жылғы «Бақташылардың демалысы» мен 1966 жылғы «Бақыт» және 1969 жылғы «Қонақ келді» атты соңғы жылдардағы еңбектері арасында шығармашылық дамуының табиғи екендігін көрсететін мықты генетикалық байланыс бар. Оның басқа бір 1967 жылғы «Жас қазақтар» еңбегінде суретші үшін адам мен табиғаттың біртұтас бірігуінің поэтикасы айқын көрінеді» дейді В.Мейланд.

Иә Айтбаев 1966 жылы КСРО жас суретшілерінің Бүкілодақтық көрмесінде қойылған «Бақыт» картинасымен кеңінен танымал болды. Бұл туындысы республикалық кескіндемедегі төңкеріс ретінде қабылданды.

Суретші тосын композициялық шешім қолданған: алдыңғы планда орналасқан екі жас шопанның үлкен бейнелерінің перспективасы төменнен жоғары қарай алынған, бұл олардың фигураларына асқақтық және монументалдылық ерекшеліктер сыйлайды.

«Бақыт» картинасында жаңа стильге тән принциптер, яғни дәстүрлі сәндік қолданбалы өнер тәжірибесіне жүгінуді көрсетті. Айтбаевтың шығармалары үлкен модульді және жергілікті түсті жазықтықтардың динамикалық қатар өмір сүруі бар қазақ оюларының құрылымына негізделген. Олардың шығармашылығында мексиканың монументалды кескіндемесіне деген құмарлық маңызды рөл атқарды. Олар қазір әлемге айқын белгілерді көрсету үшін, қоспасыз дара түстерден тұратын дақтар қолданады.

Облыстық көркемсурет галереясының көркем қорында С.Айтбаевтың қолынан шыққан баға жетпес ондаған шығармашылық туындылары бар. Соның ішіңде «Егіс даласы» атты суреттемесінде, ол әсіресе жақсы көретін жанр қарапайым адамдардың өмірінен көріністер келтірген. Жылы мен суық түстердің батыл араласуы картинадағы кейіпкерлерінің көңіл күйі мен кешкі мезгілдегі ауа райын бере алған.

Айтбаевтың галереядағы шығармаларының бірі «Әке мен бала» эскиздік жұмысында өмір шындығын ұлттық тамырларымен байланыстырып орындаған. Бұл тамаша сурет өзінің шарттылығымен, композициялық құрылымының қарапайымдылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді.

«Ол өзінің қажымас құмарлығымен Қазақстандағы жаңа және мәңгілік кескіндеме өнерін құрды және қылқаламының қарқынды қозғалысымен 60-жылдарда революцияға шақырды, оның «Бақыты» тұтас ұрпаққа өнер әлеміне ашылған терезеге айналды». Бұл талантты суретшіге М.Әуезов, Б.Қарақұлов, С.Санбаев, О.Сүлейменов, Б.Тайжанов сынды достары мен басқа да қоғам және шығармашылық қайраткерлерінің берген бағасы еді.

Мойындау керек, оған өзінің ұлттық бағытын іздеу жолында постимпрессионистер Пабло Пикассо мен Поль Сезанның ықпалы көп болды. Дегенмен оның стилінің қалыптасуына мексикалық суретшілер Ривера мен Сикейростың шығармалары үлкен әсер етті. Олардың фрескаларының монументалдылығы Айтбаевты өзінің айқындығымен және лаконизмімен қызықтырды. Олардың композициялық шешімдері қазақтың халық өнеріне жақын болып шықты.

– Суретшінің сүйікті жанрлары портреттер, пейзаждар және ауыл өмірі көріністерінің эскиздері болды. «Түйе мен бала», «Қойшымен кездесу», «Тың жер. Түскі ас кезінде», «Ана» атты шығармалары оның философиялық дүниетанымының ерекшеліктерін пластикалық түрде білдіруге деген ұмтылысының жарқын мысалы. Оның портреттері «Құрлан апаның портреті», «Қызыл киімді әйел», жазушы Әнуар Әлімжановтың портреті реализм мен шынайылықпен ерекшеленді. Кескіндемеден басқа Айтбаев графикамен де айналысып, Олжас Сүлейменовтің «Балшық кітап», «Шуақты түндер», «Маймыл жылы» өлеңдер жинағын, «Қазақтың халық ертегілерінің» үш томдық басылымын иллюстрациялады, – дейді Евразиялық дизайнер одағының мүшесі Тұрсынбек Омаров.

Қазақ көркемөнері бүгінде тек ұлттық қана емес, дүниежүзілік мәдениеттің ажырамас бөлігі. Біз талантты суретшілердің арқасында әлемдік дәстүрдің ыңғайына жығылып, жойылып-жұтылып кеткен жоқпыз. Қайта ұлттық көркемөнерді әлемдік дәрежеге көтере алдық. Сурет өнерінің қазақ үшін де жат еместігін жатжұртқа дәлелдеуден қылқалам шеберлерінің еңбегі ерен.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<