Адамзат баласына ертеден таныс жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қай жерде мол қаражат болса сол жерге тамыр жайып, күні бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өткен болатын. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырып, онымен күрес қоғамның барлық мүшелерінің, барша халықтың борышы екенін насихаттау – міндетіміз. Бүгінде Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл – Заңғар Шындали жергілікті тұрғындармен, кәсіпкерлермен департаментте әр апта сайын жеке қабылдау жүргізіп отырады. Осы тұста, осындай бірқатар қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады. Одан бөлек, Заңғар Асқарұлы Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларына және шаһардағы кеден бекеттеріне іссапармен шығып, аудандық кірістер басқармалары мен кеден бекеттерінің қызметкерлерімен кездесіп отырады. Әр тоқсан сайын өткізіліп отыратын жиында, сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық туралы тақырыптар жиі көтеріліп отырады. Бірінші кезекте пара берудің себептері, пара алудың жағдайлары, түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік таныту туралды мәселесі кең қарастырылады. «Мемлекеттік кірістер қызметкерлеріне пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет.
Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үдесінен шығатынымыз сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі – азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті, Қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы құқық қорғау органдары.
Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес.
К.АЛПЫСБАЕВА,
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы





