Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамызға ортақ іс

534

0

   Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  баршамызға ортақ іс     Қазіргі таңда кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын сыбайлас жемқорлық даму тұрғысы әрқилы әлем елдерінің қай-қайсысын да алаңдатады. Қоғам дамуына аса үлкен кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықпен күресу біздің еліміздің бүгінгі күнгі өзекті мәселесіне айналып отыр.

      Қазақстанда бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналды. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресіп келеді. Қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыстықпен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер мен олардың пайда болуының алдын алу, жүйелі және тұрақты шаралар атқару арқылы елімізде сыбайлас жемқорлықты жоюға және болдырмауға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы болып саналады.

     Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, оны болдырмау мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде біршама жұмыстар жүргізіліп, арнайы дәрістер оқылып келеді. Соның нәтижесінде ү.ж. қараша айында «Жас Отан» ЖҚ ҚОФ жанынан құрылған «Жалын» облыстық пікірсайыс орталығы және Қорқыт Ата атындағы ҚМУ – не қарасты «Ақиқат» саяси дебат клубы мүшелерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлыққа жастардың көзқарасы» атты дебат өткізілді.

     Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, соның ішіндегі «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағытындағы кіші бағдарламасы бойынша қызметкерлер арасында мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысы мен санасын өзгертуді көздейтін талқылау болып өтті және қалалық білім бөлімімен бірлесе отырып, қала мектептерінде білім алып жатқан оқушылардың қолынан шыққан сыбайлас жемқорлыққа қарсы суреттер топтамасынан сурет байқауы ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Б.Бекмамбет,

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<