Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ

630

0

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің экономикасының дамуына кедергі келтіретін, қоғам дертіне айналған мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отыр.

 Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп ойлау теріс пікір, жемқорлықпен бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды. Сыбайлас жемқорлық барлық мемлекеттерде тамырын тереңге жіберген. Сондықтан онымен күрес тоқтаусыз, барынша қатал әрі нәтижелі түрде жүргізілуі тиіс. Ал, онымен күрестің тиімділігін арттыру кез келген мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Әсіресе, бұл серпінді даму үстіндегі және бәсекеге қабілетті әлем елдерінің қатарына кіруді мақсат етіп отырған біздің еліміз үшін өте маңызды.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтару сынды қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң бірнеше жыл ішінде жоғары маңызға ие болып, мемлекеттік қызметшінің күнделікті пайдаланатын оқу құралына айналды. Заңның ең басты құндылығы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіптен сақтауға, сондай-ақ жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, тыю және ашу жолында мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Өз кезегінде барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар құзыреттері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Н. ИТЕЛЬГИЕВА,

Қызылорда облысының Әділет департаментінің персоналмен жұмыс 

және ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<