Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ міндет

359

0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шiлдедегі №267 заңының 2-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы – сыбайлас жемқорлық деп танылады.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекетіміздің беделіне, демократиясына, ұлттық қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына, адам құқықтарының сақталуына үлкен қауіп төндіреді. Қазақстан қоғамдық күрделі мәселелердің бірі болып келетін жемқорлықтың алдын алып, күресу жолында бірқатар шараларды өткерді. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев халыққа Жолдауында: «Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес, ол мемлекет тиімділігіне деген сенімді түсіреді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді. Біз сыбайлас жемқорлықпен күресуді лезде күшейтуіміз, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы әрі қарай жетілдіруіміз қажет, біздің түпкілікті масқатқа қол жеткізуіміз үшін – сыбайлас жемқорлықты құбылыс ретінде жоюымыз қерек» – деген болатын.
Сыбайлас жемқорлық әсіресе мемлекеттік билік органдарында қауіпті және ол парамен ғана шектелмейді. Бұл жолдағы күресті алдымен сыбайластың өзінен бастау керек. Сыбайластың тамырына балта шабылса, жемқорлықтың да жолы кесілері анық. Сыбайлас жемқорлықтың өршуіне алдымен жерлестік, тамыр таныстық байланыс ықпал етеді. Сол арқылы сана-сезімдері мен білік-білімдеріне лайықсыз болса да, лауазымды орынға әлдекімдердің демеуімен келген біліксіздер – бұл жемқорлықтың нағыз бастау алар жері.
 Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сыбайлас жемқорлық – ол адам факторына байланысты, оның рухани және адамгершілік қасиеттерінің таяздығынан, қоғам мүддесінен гөрі өз мүддесін көбірек бір құлқынның қамын ойлайтын озбырлық ниеттерін жүзеге асырудан туындайтын қауіпті қылмыстың бір түрі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен тікелей айналысатын арнайы органдар бар. Бірақ бұл тек қана осы органдардың қызметі  деп түсінсек, қателескеніміз. Себебі, бұл дертпен қоғам болып күреспесек, толық айығу мүмкін емес. Бұл жағдайда ескеретін жайт, ол жемқорлыққа қарсы күресте көмектескен адам мемлекеттің қорғауында болады, ал қажет болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар ол адамның жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және де жәрдем беруші адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып есептеледі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қылмыспен, оның ішінде сыбайлас жемқорлықпен күресте құқық қорғау органдарымен барлық мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыла қимылдауын міндеттеп, жемқорлық індетінің тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайтынын айтқан болатын. Сыбайлас жемқорлық белең алған жағдайда еліміз бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосыла алмайтыны белгілі. Мұндай әрекеттер экономикамыздың бәсең дамуына, әлеуметтік жағдайымыздың төмендей түсуіне әкеліп соқтырады.
Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, одан бір нақты нәтиже шығармай, алға қойған мақсатқа толықтай жете алмаймыз. Жемқорлықпен күрес – науқандық шара емес және ол тек құзырлы мекемелердің ғана міндетіне жатпайды, онымен әрбір ұжым, бүкіл халық болып күресуіміз қажет. Мақсат бір, мүдде ортақ. Ендеше, өнімді еңбекке жетер тұстағы бастау алар тұсымыз заң қағидаттары мен темірдей тәртіп болуы тиіс. Бұл дерттің алдын алмаса, дендеп кетіп, қоғамға да, адамға да зиянын тигізері хақ. Сондықтан осы келеңсіздіктің алдын алу, болдырмау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғаса береді. Өйткені, өз мүддесін жоғары қоятын, қу құлқынның құрбаны болған жемқорларға біздің қоғамда орын жоқ.

Батыр РИМОВ,

Сырдария аудандық әділет басқармасы 

басшысының міндетін атқарушы  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<