Облыстық әкімдікте сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары бойынша атқарылған жұмыстарды талқылау отырысы өтті.
Отырысқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Ермек Тілегенов, облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Бақытжан Ідірісов, қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова және бейнебайланыс арқылы аудан әкімдерінің орынбасарлары, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжілісті облыс әкімінің кеңесшісі Мақсұт Нәлібаев жүргізді.
Күн тәртібінде Жаңақорған ауданындағы сыбайлас жемқорлық сипатында орын алған келеңсіз жағдай талқыланды. Аталған мәселе бойынша Жаңақорған ауданы әкімі аппарат басшысының міндетін атқарушы Әбілхайыр Бегманов баяндама жасады. Ол ауданда заң бұзушылықты болдырмау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.
– Барлық кент, ауылдық округ әкімдеріне, бөлім басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарға баса назар аударып, қосымша нақты іс-шараларды қабылдау тапсырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңының және әдеп кодексі талаптарының мүлтіксіз орындалуына әрбір қызметкерден бастап бірінші басшысына дейін жауапты болатындығы жөнінде жазбаша ескертілді. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және әдеп кодексінің талаптарын жете меңгеру үшін түрлі форматта құқықтық оқулар өткізілуде. Сондай-ақ, «NUR OTAN» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының, аудандық прокуратураның, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, басқа да құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен бірқатар шара ұйымдастырылды. Одан бөлек барлық ауылдық округтерде халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Ә.Бегманов.
Талқылау соңында М.Нәлібаев ұсынымда білдірілген мәселе бойынша сот шешімі қабылданғаннан кейін, тиісті басшыларға тәртіптік жауапкершілік қаралатынын айтты.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<