Сын сағаттағы Сыр жұртының жәрдемі

466

0

Тасқын суға төтеп беру үшін адам күші бірінші кезекте керек.  Қазір еліміздің барлық өңірінен құтқарушылар су басқан аймақтарға жұмылдырылуда. Төтенше жағдай болған күні Сырдың сарбаздары алғашқылардың бірі болып аттанды.

Наурыздың 26-сы күні авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қосалқы күш ретінде Қостанай облысына Қызылорда облысы ТЖД күш-құралдары жіберілді, 31 адамнан тұратын құтқару жасағын Қызылорда облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Досымов бастап барды. Олар өздерімен бірге 6 техника, 10 мотопомпа, 2 қайықты алып Қостанайға жол тартты. 27 наурызда олар Қостанай облысындағы Аманкелді ауданына жетті. Міне, сол сәттен бері ағысқа тосқауыл болып, тоқтаусыз жұмыс істеп жатқанына бүгін 23-күн. Осынша уақыт отбасынан жырақ жүріп, қиын шақта көмек берген төтеншеліктердің еңбегі расымен, ерлікпен тең.

– 27 наурыздан 31 наурызға дейін құтқарушылар Қостанай облысы Аманкелді ауданы Аманкелді ауылы Абай, Таңатхан палуан, Боданов және Дүйсенбин көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің ауласынан су тартып, су деңгейі 25-30 см-ге төмен түсті. Ауыл маңында орналасқан фазендалардан жедел құтқару жасағы құтқарушыларының күшімен моторлы қайықпен 26 адам, оның ішінде 2 бала қауіпсіз жерге шығарылды. «Дәулет» шаруа қожалығынан 110 бас асылтұқымды бұзау қауіпсіз жерге көшірілді. Жалдама өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Кемер-2» ауылын су басу қаупі төнгендіктен, өзеннің жиегін нығайтуға 500 қап топырақ қапталып, тасымалданды. Сонымен қатар, электр жүйесінің қызметкерлерімен бірге су тасқынынан зақымдалған және құлаған бағаналарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, – деді Ж.Досымов.

Сәуірдің 1-де Қостанай облысы Аманкелді ауданы Байғабыл ауылдық округі Алтыбас учаскесіндегі «Мирас» және «Нар тәуекел» шаруа қожалығына азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізілді. «Бекболат» шаруа қожалығынан 2 адам эвакуацияланды. Осы ауданның төтенше жағдайлар бөлімі және Қызылорда облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының  қызметкерлері бірлесіп жұмыс жасады. Сол күні Айтбай ауылы Талқанбай учаскесінде қызылордалық құтқарушылар  тасқынмен тынбастан арпалысты, 2 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Сол жерде қалған 1 адамға гуманитарлық көмек көрсетіп, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілді. «Сәт-2» ауылынан «Бес тарау» шаруа қожалығына да азық-түлік пен дәрі-дәрмек апарды. 

Бүгінге дейін Қостанайдың Аманкелді, Қарасу аудандарынан 57 адам, оның ішінде 18  бала қауіпсіз жерге көшірілді. 1400 қап құмнан дамбы жасалып, су тартылды.

Сәуірдің 2-сі күні Қызылорда облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Бейбітхан Спанов екінші топты бастап Ақтөбе облысына көмекке барды.  Олар Әйтеке би ауданы Әйке елді мекеніндегі Тереңсай плотинасынан аққан судан қорғау үшін ауыл тұрғындарын көшіру жұмыстарын бастап кетті. Ауылда төсек тартып жатқан науқасты зембілмен көтеріп, қайықпен құрғақ аумаққа жеткізіп, медициналық жедел жәрдем мамандарына тапсырды. Халықты эвакуациялау кезінде 83-ке келген науқас кісіні,  101-ге келген кейуананы немерелерімен бірге құтқарды. Ғасыр жасаған әже ақ батасын берді.

Күні бүгінге дейін Ақтөбе облысындағы қызылордалық құтқарушылар 388 адам, оның ішінде 73 баланы эвакуациялады. Сонымен бірге 1057 адам, оның ішінде 167 бала тасымалданды. Қайықпен 750 адам, оның ішінде 75 бала, «КамАЗбен» 301 адам, оның ішінде 72 бала құтқарылды. Батпаққа батқан 3 техника шығарылып, 10 тонна гуманитарлық зат тасымалданды. Ақтөбеге аттанған екінші топ 7 сәуірде Қостанайға жол тартты. 

Құтқарушылар жасағынан құралған үшінші топты төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Қадыржан Базарбек бастап Батыс Қазақстан облысына жолға шықты. Әскери бөлімдер қызметкерлерімен бірге Курени ауданындағы Жайық жағасында қорғаныш бөгетін бекітті, 2500 қапқа құм толтырылып, бөгет жасалды. Сондай-ақ Орал қаласындағы «Коминтерн» учаскесінде қорғаныш бөгетін жасау үшін  8000 дана қапқа құм толтырды.

Қызылордалық құтқарушылардың екі тобы аталған учаскеден қорғаныш бөгетін нықтады. Ақсай көшесінің тұрғыны Надежда Молоткова оларға алғыс білдірді.

Техника жеткізілді

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қол көмектен бөлек Сыр өңірі арнайы техникамен де жәрдемдесті. Су тасқыны болған аймақтарға көмекке 135 техника жіберілді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысына көмекке 106 арнайы техника жолға шықты.

Шиелі ауданындағы «КАР Logistics» ЖШС-ның «Шиелі-Сұңқар» филиалы, «РУ-6», «ТТК-Шиелі» «Волковгеология ГРЭ-23», «Уранэнерго» мекемелерінің ұжымы еліміздің зардап шеккен өңірлеріне қаржылай және техникамен көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырды.

Қызылорда ТЖД құтқарушыларымен бірге Апаттар медицинасы орталығы облыстық филиалының 3  қызметкері Орал  қаласына аттанды. Дәрігер Қалтай Әбсадықовтың айтуынша, олар осы күнге дейін  эвакуацияланған жергілікті тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде. Дәрігерлер жергілікті тұрғындардың денсаулығын қадағалап отыр.

Гуманитарлық көмек жалғасуда

Қызылордалықтар су тасқыны болған аймақтарға жәрдемдесуге жаппай жұмылуда. «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер өз үлесін қосты.

Сондай-ақ аймақтағы ірі мұнай компанияларының бірі – «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамы Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 50 млн теңгенің 120 тонна қайырымдылық көмегін жіберді. Жиырма тонналық 10 жүк көлігіне азық-түлік, газ плиталары, қайықтар мен құрал-саймандар, төсек жабдықтар, ыдыс-аяқ, гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмек тиелді.

Тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсетуден жергілікті компаниялар да қалыс қалған жоқ. Қайырымдылық керуенін және еріктілерді айтыскер ақын, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов бастап барды. Оның бастамасымен өнер адамдары, мәслихат депутаттары 3 млн теңге қаржы жинап, көмек берді.

Ақтөбе қаласы мен аталған облыстың Қобда ауданына 25 жүк көлігімен 83 млн теңгенің 112 тонна азық-түлік, көрпе-төсек, гигиеналық құралдар, дәрі-дәрмек, құрылыс заттары, 50 млн теңгенің 20 тонна жем-шөбі жеткізілді.  Ақтөбе облысында ашылған есепшоттарға 2,5 млн теңге қаржы аударылды.

Тасқыннан зардап шеккен басқа өңірлерге де гуманитарлық көмек көрсету үшін «Жастар орталықтары», сауда үйлері мен базарларда ашылған пункттерде әлі де гуманитарлық көмек жиналуда.

Оралдық оқушылар орналастырылды

Арал аудандық білім бөлімі Қазалыдағы теміржол бекетінен Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен 103 баланы қарсы алып, (5-9 сынып оқушылары)  «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығына орналастырды.

Оралдық балалар 10 күн бойы аталған орталықта білім мен тәрбие ғана алып қоймай, түрлі мәдени-сауықтыру шараларына қатысады. Сондай-ақ ауданның тарихи-мәдени орындарына  экскурсия жасайды.

Мекемеде балаларға барлық қажетті жағдайлар жасалып, офлайн оқу процесі, сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА, 

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<