Елбасы Н.Ә.Назарбаев айқындаған 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша қабылданған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 1-қадамын іске асыру мақсатында мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдері жаңғыртылды.
Бұл ретте, конкурстық негізде төмен тұрған лауазымнан бастап жоғары тұрған лауазымға тек позиция бойынша кемінде бір жыл еңбек өтілі бар болған жағдайда кезең-кезеңмен мансаптық өсу қағидаты заңды түрде бекітілді. Осылайша, мемлекеттік қызметке орналасу кешенді іріктеу мен жұмысты төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша жүзеге асырылып келеді.
Бұл үшін қызмет атқарып жүрген азаматтардың лауазымға орналасу басымдығын қарастыратын, ішкі және жалпы конкурстар институты енгізілді.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке азаматтарды іріктеудің үш деңгейі қарастырылған. Оның алғашқы деңгейінде үміткердің заңнамалық біліктілігі тест арқылы анықталса, екіншісінде іскерлік қасиеті бағаланады. Соңғысы – кәсіби біліктілігіне қатысты әңгімелесуден өту.
Жыл басынан бері іріктеудің бірінші кезеңіне, яғни, тестке 791 адам қатысып, оның 38 проценті шекті мәннен төмен емес нәтижеге ие болған.
Аталған тестілеуден өтуге дайындалып жүрген азаматтардың өз деңгейін тексеріп көруі үшін мамыр айынан бастап мемлекеттік қызметке түсуге ниетті азаматтарға сынама тестілеу басталды.
Сынама тестілеуге қатысу үшін «Персоналды басқару орталығы» акционерлік қоғамының өңіріміздегі маманына алдын ала 8-747-120-30-09 нөміріне қоңырау шалу арқылы жазылуға болады. Ол үшін операторға бар болғаны үміткердің жеке сәйкестендіру нөмірі мен байланыс телефоны қажет.
Содан соң кез келген банк бөлімшесіне барып, азамат бірінші рет сынама тестілеуге қатысатын болса, 3600 (үш мың алты жүз) теңге төлеп, түбіртек пен азаматтың жеке куәлігінің түпнұсқасымен Қызылорда қаласы, Бейбарыс Сұлтан көшесі №1 мекенжайы бойынша орналасқан тестілеу залына келуі керек.
Сынама тестілеуден қайтадан өтуге ниет білдірген азаматтар 2000 (екі мың) теңге төлеп, республиканың кез келген тестілеу залында тестілеуден өтуіне болады.
Қосымша ақпаратты «www.hrm-gov.kz» сайтынан немесе 8 (7242) 70-56-26 телефон нөміріне хабарласып біле аласыздар.
Е.САРЫМБЕТОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызмет
басқармасының басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<