Сынаққа тосқауыл қойған қозғалыс

480

0

Облыс орталығындағы «Тағзым» алаңында Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарды еске алу жиыны өтті. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 34 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Жиынның алғысөзінде ардагерлерге алғыс айтып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Семей ядролық полигонының жабылғанына 34 жыл толды. Мемлекетіміз тәуелсіз ел ретіндегі тарихи шешім қабылдады. Ұзақ жылдар бойы жапа шеккен халқымыздың қасіреті сейіліп, ядролық сынақтарға тосқауыл қойылды. Бүгінгі ұрпақ сол азаматтардың ерлігін ерекше бағалап, құрмет тұтуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Әбіш Семей ядролық полигонының елімізге әкелген қасіреті туралы сөз қозғап, сонда қызмет еткен ардагерлерге ризашылығын білдірді.

1989 жылдың 28 ақпанында Олжас Сүлейменовтың бастамасымен жалпыхалықтық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы құрылып, еліміз ядролық қарудан бас тартқан бірден-бір мемлекет ретінде әлемге танылды.

Жиналғандар ядролық сынақ зардабын тартқан азаматтардың рухына бас иіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштады.

Мұнан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 34 жылдығына арналған жиын өтті.

Басқосуға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Семей ядролық полигонын жабуда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының орны ерекше екені белгілі. Полигонның адам денсаулығы мен табиғатқа келтірер зиянын, адамзат баласына төндірер қауіп-қатерін ашық жариялай отырып, алғаш халықтық бастама көтерген де осы халықаралық ұйым болатын. Қозғалыс тәуелсіздік жаршысы болды. Жарты ғасырға жуық сынақ алаңына айналған аймақта облыс бойынша 1000-ға жуық ардагер Отан алдындағы борышын өтеген. Аймағымыздың дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген ұйым мүшелері, Семей сынақ алаңында әскери борышын өтеген ардагерлер қандай да құрметке лайық, – деді А.Есмаханов.

Жиында қоғамдық келісім мекемесі директорының орынбасары Дәулет Омаров, облыстық «Қызылорда-Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш және қоғамдық бірлестік мүшесі Қожабай Макиев баяндама жасады.

Сондай-ақ, қоғам дамуына атсалысып жүрген ардагерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<