Сындарлы диалог әрдайым сұраныста

390

0

Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты бірінші Жолдауын жариялағаны барша­мызға белгілі. Жолдауда көтерілген мәселелер қоғамдық өмірдің түрлі салаларын қамтиды. Атқарылатын  жұмыстардың барлығы бес институционалдық реформа және Ұлт жоспарын жүзеге асырумен байланысты екені негізделеді. Жолдау қағидаларын іске асыру үшін бес іргелі міндеттер айқындалды: заман талабына сай тиімді мемлекет, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, Қуатты өңірлер – қуатты ел.
Президент заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың бес міндетін атап көрсетеді. Жол­дау­да қоғамды мазалайтын не­гіз­гі мәселелер көшеде емес, аза­­­мат­тық диалог шеңберінде Пар­ла­­­ментте талқыланып, өз шеші­мін табу керектігіне ерекше тоқ­та­лады. Елімізде орын алып жат­­қан түрлі наразылықтардың куә­геріміз. Мысал ретінде, жер ми­тингтері, көпбалалы аналар на­ра­зылықтары, басқа да әлеуметтік мәселелерге қанағаттанбаған кейбір азамат­тардың наразылықтарын ай­туы­мызға болады. Сон­дықтан шеру­­лер туралы заңнамаларды жетіл­­діру маңызды.
Мемлекет басшысы саяси реформалар өз ретімен жү­ріп, іргелі қағидалары елдің қоғамдық-саяси жаңғыруы не­гізінде сәтті эко­но­микалық ре­фор­маларды жүргізумен бай­ланыстырады. Мемлекет тұрақ­­тылығының негізі ретінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы саяси жүйе­нің болашақ моделіне айналатынын дәйектейді. Біздің ойымызша, күшті Президент халқының алдында жағымды бейнені қалып­тастырғанға қарағанда, саяси билікте нақты мақсаттарға жетуді көздейді. Осы нақты мақсат­тарды жүзеге асыру үшін халықтың саяси қолдауы қажет. Ықпалды Парламент еліміздегі демократиялық құн­дылықтарды нығай­тып, атқарушы билік жауап­кершілігін қамтамасыз етеді деп ойлаймыз. Жария құқық пен саяси зерттеулер негіздеріне сүйеніп, есеп беретін Үкімет институттары мен тетіктерін анықтау қажет. Расында саяси жүйенің бұл формуласы қазіргі күрделі жаһандық ахуалдағы еліміздің мұқтаждықтарын қанағаттандырып, страте­гия­лық міндеттерді жүзеге асыруға ықпал жасайды. Бұл – өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын өмірге енгізудің іргетасы.  
Заман талабына сай тиімді мем­­лекет құру бағытындағы ша­ра­лардың төртінші мін­детіне қо­ғамдық келісімді нығайту жатады. Негізінен кез келген мемлекет үшін этнос­аралық қатынастар мәселесі өте күрделі. Еліміздегі көп этни­калық факторды тиімді пайдалану, мұны қажетті арнасына бағыттау тәуел­сіздік алғанынан бастап маңыз­­ды саналады. Бүгінгі таңда елі­­мізде қалыптасқан этникааралық қатынастар моделі қоғамдық келі­сім, ұлттық бірегейлікпен бірлі­гіміз­ді ны­ғайту­дағы ықпалы айқын. Сон­дықтан ұлтаралық келі­сім­­нің Қазақстан моделі әлемдік қауым­дас­тықтағы өзге елдерге үлгі болып отыр.
Қоғамдық келісім мен бірлік тәуелсіздіктің индикаторы әрі мем­лекет тұтастығының не­гізін қалады. Мемлекет басшысы Жолдауда «Ел бірлігі – оның әралуандығында!», – дейді. Тәуел­сіз Қазақстанның саяси тарихында Қазақстан халқы Ассамблеясының халық­тың бірлігі мен келісімін қам­тамасыз етіп отырудағы орны бөлек. Сондықтан еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағ­дайдың жасала беруі орынды деп ойлаймыз. Бұл тұста Мемлекет басшысы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлт­аралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келетінін айтты.
Президент азаматтардың құқық­тары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше мәселеге ерекше тоқталады. Азаматтардың құқық­тары мен қауіпсіздігін қорғаудың бас­ты факторы ретінде сот және құқық қорғау жүйелерін терең реформалау қажет. Қоғамда кеңінен таралып кеткен қылмыс түрлерін атап көрсетіп, Парламент пен Үкіметке жедел түрде ауыр қылмыстарға жазаны қатайтуды тапсырды. Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес те назардан тыс қалмады.
Мемлекет басшысы қар­­қын­ды дамыған және инклюзивті экономикада құ­ры­лымдық өзгерістер жасау­дың сегіз міндетін атап көр­сетті. «Білім экономикасы» ақ­параттық қоғам мен білім қоға­мына тән постиндустриал­ды экономика мен инно­вациялық эко­номиканың дамуын­дағы жоғары кезең екенін білеміз. Бүгінгі әлем­дік қауымдастықтағы ал­дыңғы қатарлы елдер жер қойна­уын­дағы қазбаларды емес, адамның ақыл-ойын басты байлық санайды. Сондықтан осы «Білім экономикасы» қағидаларына сүйену арқылы Орталық Азия­дағы беделімізді арттыру стра­тегиялық міндетін жүзеге асыра аламыз.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде ерекше мән беріліп келе жатқан жер мәселесіне тоқталып, жеріміздің шетел­діктерге сатуға жол беріл­мей­тінін атап көрсетті. Халық байлығы – жерді тиімді пайда­ланудың тетіктерін ұсы­нуды Үкімет пен Парламентке тапсырды. Бұл те­тіктер отандық аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің сапалы дамуына септігін тигізетініне сенімдіміз.
Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін бастаудың алты бағытына ерекше мән береді. Білім беру сапасын жақсарту үшін жасалған ұсыныстармен қатар, жастарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау білдіру қажеттігін дәйек­тейді. Еліміздегі жоғары білімнің сапасына жеке тоқталып, орын алып отырған келеңсіз жайттарды жойып, білім сапасын арттыруға күш салынатыны белгілі болды. Ұлттың ілгері дамуы үшін қажетті ғылымның рөліне тоқталуы саладағы көптеген мәселелердің шешілетініне сенім ұялатады. Ғы­лыми жұмыс­тардың жүр­гізілуі және  оның  тәжірибеде  қол­да­нылуы маңызды мәселе. Әсіресе, қоғам мүшелері үшін тиімділігі көп көріне бермейтін әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы зерт­теулерді қоғамдық құбылыс­тарға сай жүргізуге ерекше мән беруіміз қажет.  Білім беру, ғылыми мәселелермен қатар, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет қызмет­керлерін қолдау, әлеуметтік көмек беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілетін болды.
Президент «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бағытында төрт міндетті жүзеге асыруды тапсырды. Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында тұр­ғын­дар тарапынан бағалау жүйесін енгізу қажеттігіне тоқталды. Мұндай бағалаулар әлеуметтік желілерде, әсіресе фейк-парақша қолданушылар арасында жағымсыз жайттар кеңінен тарап жатқандығын байқаудамыз. Бұл шараны жүзеге асыру үшін тәуелсіз сарапшыларды тартқанды жөн санаймыз. Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру арқылы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру негізгі қағидаты айқындалды.
Біздің ойымызша, билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог әрдайым халық арасында сұраныста. Жолдауда айтылған қоғамдық диалог­тың мақсаты биліктің жоғар­ғы деңгейдегі ашықтығы және халық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жедел жауап беру деп ойлаймыз.

Мұрат НАСИМОВ,
Қызылорда «Болашақ»
университетінің
профессоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<