Сыр – Арал этнографиясы туралы толымды еңбек

2272

0

Алдағы аптада Ұлттық кітапханада этнограф-ғалым Тәттігүл Картаеваның «Сыр – Арал этнографиясы» («Qazaq kitaby» баспасы) атты кітабының таныстырылымы өтеді. Кітап Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында жарық көрді.

Тәттігүл Картаева – әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. Зерттеу бағыты – тарихи этнография, ескерткіштану, этноархеология. Үш жүзге жуық ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектердің авторы. «Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру», «Қазақстанның шөлді атыраптарының егіншілік-мал шаруашылық   ландшафттарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырудың тарихи себептері», «Қазақстанның ежелгі және қазіргі мәдениетіндегі қасқыр мен иттің рөлін этнозооархеологиялық зерттеу» атты іргелі жобаларының ғылыми жетекшісі.

Т.Картаеваның ғылыми жетекшілігімен Сыр – Арал этнографиялық экспедициясы, Сыр – Арал, Дариялықтақыр геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы, Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы, Шу-Іле аңғары, Қызылқұм геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы далалық зерттеулер жүргізді.

«Сыр – Арал этнографиясы» атты зерттеу еңбегінде ХІХ және ХХ ғасыр басындағы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойы, Арал теңізінің шығыс, солтүстік-шығыс жағалауы қазақтарының дәстүрлі этнографиясы, өңірдегі қазақ ауылдарының келбеті сипатталған. Осы өңір қазақтарының ру-тайпалық құрамы, тарихи дәуірлерде орын алған көші-қон ағымдары, дәстүрлі шаруашылығы, мерзімдік қонысқа көші-қоны, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары аймақтық ерекшелігі кешенді түрде қарастырылған. Сыр – Арал қазақтарының аймақтық ерекшелігін айғақтайтын этнографиялық ескерткіштер далалық зерттеулер материалдары негізінде айғақталған.

Зерттеу еңбектің таныстырылымында киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәдениеті мен суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ жүзгін, көкбұта, сексеуіл, тораңғымен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланысты қазақ халқының дәстүрлі білімдер жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен таныстыратын көрме өтеді. Аймақты зерттеу барысында белсенді қолданыстағы құдық түрлерімен қатар, жойылу қаупі бар және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды. Қызылқұм, Арал аймағында тұратын жұртшылықтың мал қора соғу, түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қызметінің түрлері, сондай-ақ үй кәсіпшілігін жүргізуі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсететін фотосуреттер қойылады.

Бұдан бөлек, іс-шарада Сыр – Арал қазақтарына тән ұсталық және зергерлік өнер бұйым түрлері көрсетіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<