Сыр аспанын тербеген сазды әуен

392

0

Тәуелсіз қазақ елінің тарихында есімі алтын әріппен жазылған аңыз адам, ұлтымыздың өнері мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл. Ән падишасының ғасырлық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып отыр. Мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқан мерейтойлық іс-шара талант иесінің туған жеріндегі тағылымды  істерге арқау болды.

Облыс орталығынан ән падишасының зәулім ескерткіші бой көтерді. Қазақтың қаһарман қызының дара тұлғасын асқақтатып, ұлттық нақышпен үйлескен сәулетті туынды Сыр халқының шексіз құрметінің айғағындай. Ескерткіш автролары сәулетші Б.Кененбаев пен мүсінші М.Сыдықовтың шығармашылық еңбегіне елдің алғысы ерекше.

Табиғи талантымен бағаланып,  өр болмысымен, өнегелі ізімен өзіндік қолтаңбасын қалдырған Роза Бағланова ғажап киім үлгісімен де  ұлт мәдениетін әлемге танытты. Әншінің бір естелігінде айтылғандай, Елизавета патшайым «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық екенін тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады» деген екен. Иә, дүниежүзінің 50-ден астам елінде қазақ әнін шырқаған ол шын мәнінде Отанды, туған елді сүюдің ерекше үлгісін көрсетті.

Аңыз әншінің асыл мұрасын насихаттауға арналған «Ақмаңдайлым» атты дәстүрлі республикалық ән конкурсы биыл облыста 5-мәрте ұйымдастырылды. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық академиялық драма театрында екі күнге ұласқан ән байқауына еліміздің барлық өңірінен 20-ға жуық жас әнші қатысты. Конкурстың талабына сәйкес Р.Бағланованың репертуарындағы ел жүрегінде жатталып қалған, ерекше әуезді ретро әндер қайта жаңғырды. Сонымен бірге, халық әндері және қазіргі заман композиторларының әндері де кеңінен насихатталды. Облыстық филармония жанындағы оркестрдің сүйемелдеуімен, жанды дауыста орындалған әндер көрермен көңілінен шықты.

Конкурсқа қазылық еткен әнші-композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы (қазылар алқасының төрағасы), ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің бас көркемдік жетекшісі Бақтияр Тайлақбаев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университеті «эстрадалық ән салу» кафедрасының профессоры Сембек Жұмағалиев, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, облыстық халық шығармашылығын дамыту және  мәдени-продюсерлік орталығының қызметкері Рамазан Тайманов, әнші, ҚР Еңбек сіңірген артисі, облыстық филармония әншісі Күлән Қалымбетова үміткерлер арасынан үздіктерді анықтады.

«Ақмаңдайлым» ән конкурсының бас жүлдесін Жамбыл облысынан қатысқан Дархан Қабыл жеңіп алып,  500 000 теңге жүлде иеленсе, І орынға лайық деп бағаланған Қызылорда облысының «Adajio» тобы 300 000 теңге жүлдені қанжығалады. Айта кетейік, қаржылай жүлделер Р.Бағланованың отбасы атынан табыс етілді.

Конкурстың ІІ орын иегері Нұр-Сұлтан қаласынан келген Қымбат Жамбылбек және Ақтөбе облысының өнерпазы Әкімжан Шакиров 200 000 теңгеден еншіледі. Ал ІІІ орын Қазалы ауданынан келген Сәкен Кермеш, Алматы облысынан Азамат Бақбергенов және Алматы қаласынан қатысушы Алмагүл Батталиеваға бұйырып, 100 000 теңгеден иеленді. Ал «Ақмаңдайлым» жүлдесі үшін Дәурен Ерманға, «Ән бұлбұлы» жүлдесі үшін Ілияс Қадырбайға 50 000 теңгеден табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурстың жүлде қорына Р.Бағланованың отбасы және облыс әкімдігі демеушілік жасады.

Ән конкурсының жеңімпаздарын марапаттау сәтінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, әншінің ұлы Тәжен Бағланов және қазылар алқасы атынан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар, Р.Бағланованың жеке продюсері болып ұзақ жыл қызмет атқарған ҚР Мәдениет қайраткері Қуаныш Өтешұлына қазақы дәстүрмен сый-сыяпат табысталды.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, конкурстың қазылар алқасының төрағасы, жерлесіміз Жеңіс Сейдоллаұлының пікірін білген едік:

– Қазақ ән өнеріндегі қайталанбас  дауыс иесі Роза Бағланованың есімін ұлықтау мақсатында туған жері – Сыр елінде өтіп жатқан іс-шаралар көңіл қуантады. Соның бірі – «Ақмаңдайлым» ән конкурсы биыл 5-ші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт аралығында қаншама жас талант өнерге қанат қақты. Алдағы уақытта бұл конкурсты халықаралық деңгейге көтеру керек. Бұған байланысты қажетті шаралар қабылдауға өз тарапымыздан үлес қосамыз. Сонда ғана аңыз әншінің ғажайып мұрасы әлемге насихатталады, – дейді ол.

Сырдың бойын сазды әуенмен тербеткен «Ақмаңдайлым» ән конкурсы мерекелік гала-концертке ұласты. Концертте әншінің өмірін баян еткен «Бұлбұл» телехикаясында Р.Бағлановның ролін сомдаған Зарина Жәкенова оның репертуарындағы ең танымал ән – «Ах, Самара городокты» шырқап, елдің ерекше ықыласына кенелді. Айта кетейік, «Бұлбұл» телехикаясы әншінің ғасырлық мерейтойы аясында мемлекет қолдауымен, «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілген.

Концертте қазақ өнеріне үздіксіз қызмет етіп жүрген, ҚР Еңбек сіңірген артисі Бақтияр Тайлақбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев, Сыр бұлбұлы, ҚР Еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова ән шырқап, ән падишасының рухын асқақтатты.

Конкурста бірінші орынды иеленген «Adajio» тобы А.Лекеровтың сөзіне жазылған композитор М.Төлебаевтың «Кестелі орамал» әнін нақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ, Р.Бағланованың репертуарындағы «На солнечной поляночке» (И.Соловьев-Седой, Алексей Фатьянов) әнін орындаған конкурс жеңімпазы Сәкен Кермеш, халық әні «Екі жиренді» қалықтата шырқаған бас жүлде иегері Дархан Қабыл тамаша талантымен көрермен қошеметіне бөленді

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»