Сыр елі руханият көшінің басында екенін көрсетті

647

0

(Тарихи тұлғаның мерейтойынан жолсапар жазба)

Биылғы 2023 жыл «ТҮРКСОЙ» ұйымының бастамасымен түркі әлемінде Ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Темірбек Жүргенов жылы» болып жарияланды.

Сәуір айының шуақты күндерінде қайраткердің туған жері   Қызылордада аз ғана ғұмырында қазақ қоғамының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан аңыз адам, тарихи тұлға Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығына арналған халықаралық деңгейдегі  мерейтойлық шаралар дүркіреп өтті.

Бүкіл Түркі дүниесі назар аударған дүбірлі салтанатқа Қызылорда облысы әкімдігінің шақыруымен және Қарағанды облысының әкімі Е.Бөлекпаевтың қолдауымен құрамында Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары А.Аманжолов, Ақтоғай ауданы мәслихатының төрағасы Р.Әбеуов, Д.Ермекова-Жүргенованың тәрбиесін алған жақын туысы Б.Балмағамбетова бар Қарағанды облысының арнайы делегациясының құрамында мен де  қатысып қайттым. Алаш қайраткерлерінің, қазақтың тарихи тұлғаларының, Ә.Ермеков пен Д.Ермекова-Жүргенованың өмірін зерттеп әрі насихаттап жүрген қайраткер, ақын ретінде арнайы атымды атап шақырған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

Алаштың Анасы атанған киелі Сыр елінің топырағына табанымыз тиген сәттен: «Арқадан Дәмеш әжеміздің төркіндері, құдаларымыз келді!» деп қазақи қонақжай көңілмен қарсы алып, күні-түні ықыласына бөлеген Т.Жүргенов және Жаңаталап ауылдарының азаматтары мен Жалағаш ауданы басшыларының, Дәмеш апайдың қайынжұртының құрметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Керемет ынтымақ! Бірлігі жарасқан Ұлттық болмыс! Меніңше, біз ұрпаққа ең алдымен осыны үйретуіміз керек.

Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейдегі, Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйіндегі кездесулерде Сыр елінің Алаш тарихы мен қайраткерлеріне, солардың насихатшылары мен зерттеушілеріне деген құрметіне куә болдық.

Темірбек Жүргенов Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінің тарихында өшпестей із қалдырған мемлекет, қоғам қайраткері, Өзбекстанның халық ағарту комиссары, Тәжікстанның қаржы халық комиссары болды.

40 жасқа толар-толмас саналы ғұмырын халқының Тәуелсіздігі мен ұлтының рухын қайта түлетуге арнап, қазақтың тарихында шын мәнінде рухани революция жасаған Т.Жүргенов елімізде 4000-дай, бір Алматының өзінде 18 мектеп салғызды. Қазақ мемлекеттік университетін, Тау-кен институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университет) ашқызып, Абай атындағы опера және балет театрының іргетасын қалатты. Ел ішінен табиғи таланттарды іздеп тауып, оларға жағдай жасап, 1936 жылы Мәскеудегі онкүндікте қазақ ұлтының рухы биік, мәдениеті мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігін жарқыратып көрсетті.

1923-1927 жылдары Орта Азия мемлекеттік университетінің студенті бола жүріп, Түркістан Республикасындағы Қазақстанның өкілетті өкілі (1923-1925), Ташкентте алғаш ашылған Қазақ педагогикалық институттың директоры (1926-1927) болды. Қайраткер тұлғаны  халқы қадірлеп: «Темір Нарком!» – деп атады.

«ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы С.Раев бастаған халықаралық  ұйымдардың өкілдері, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан және Алматы, Астана қалаларынан делегациялар, елімізге танымал мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлері қатысқан дүбірлі мереке Қызылорда қаласының орталығынан Т.Жүргеновтің жұбайы  Дәмеш Ермекова-Жүргенованың атындағы көше мен ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан басталды.

Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов ашып, Дәмеш апаның келіні  Б.Төлегенова естелік айтып, Т.Жүргенов қорының төрағасы С.Аңсатов лебізін білдірді.

«Бүгін ерекше күн. Дәмеш Жүргенова көшесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы мен Сыр бойы жұртшылығы атынан қош келдіңіздер дейміз!

1937-1938 жылдарды еске алсақ, қазақтың небір асыл тұлғаларының басына қара бұлт үйірілген заман еді… Сол қиындықта білімді де өнегелі аналарымыз, арыстарымыздың жұбайлары да қудалауға, репрессияға ұшырады. Соның бірі қазақ қыздарының арасынан суырылып шыққан білімді, білікті тұлға медицина саласының үздігі, Алматы қаласының құрметті азаматы Дәмеш апамыз еді. Оның еңбегі мен өмір жолы – бүгінгі жас ұрпаққа өнеге.

Қайсар жан Темірбек Жүргенов атылған 1938 жылдан бастап Алжир түрмесінде 8 жыл азапты өмір кешкенін білеміз… Мектепті үздік бітіріп, Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетінде білім алды. Сол білім ордасында сабақ берді. Сонда жүріп біздің аяулы ағамыз Темірбек Жүргеновпен отау құрды. Өкінішке орай, Темірбек Жүргенов атылғаннан кейін Дәмеш апамыздың азапты өмірі басталды. Тек 1946 жылы ғана ол кісі ақталып шықты. Бірақ өзінің қажыр-қайратын, болашаққа деген сенімі жолдасының жақсы атын шығарам деген үмітін өшірмеді. Ақталып шыққаннан кейін Сталинге, Сусловқа, басқа да құзырлы орындарға хат жазып, жарының қандай азамат екенін дәлелдеу үшін  күресті. Дәмеш апамыздың қажырлы еңбегінің арқасында 1957 жылы Темірбек Жүргенов толық ақталды. Халықтың өшкені қайта жанды, өлгені қайта тірілді. Тәуелсіздіктің арқасында тарихи әділдіктің орнауына қол жеткіздік», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Дәмеш апамыздың туған жері Қарағанды облысының әкімі Е.Бөлекпаев пен Арқа елінің алғысы мен  ыстық сәлемін  Ақтоғай ауданы мәслихатының төрағасы Р.Әбеуов жеткізді.

«…Қарағанды облысы, Ақтоғай елі – мынау көшенің аты беріліп жатқан Дәмеш Ермекованың туған жері, кіндік қаны тамған топырағы… Енді бүгін өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, қайтадан бір ұлы істің бастауы басталып тұр. Ол – Алаш арыстарының жан-жарларын құрметтеу… Дәмеш Жүргенованың атындағы көшенің ашылуы – соның бір айғағы» – деді ол.

Жасыратыны жоқ, Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенованың Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Былқылдақ өзенінің бойында туғанын (Қызыларай ауылдық округіндегі әкесі Әмірханның қыстауында әлі де ел тұрып жатыр), «халық жауының» әйелі болғаны үшін 8 жылға сотталып, босағаннан кейінгі 12 жылы Бурабай шипажайында, Қарағанды қаласындағы өкпе аурулары ауруханасында фтизиатр дәрігер болып қызмет істегенін Алаш жұрты, тіпті қарағандылықтар мен туыстарының  көбі, облыстық деңгейдегі кейбір басшылар да біле бермейді.

Былқылдақ өңірі – Әлімхан Ермеков туған, кезінде Г.Потанин арнайы келіп, белгілі мақаласында жазған, топырағында Алаш арыстары мен талай тарихи тұлғалардың ізі қалған, қазақ баласының географиялық санасында берік орнығуға тиіс, ашық аспан астындағы музей жасауға лайық, туристік бағдарламаларға қорықпай енгізуге тұрарлық Қарқаралы мен Ақтоғайдың ортасында жатқан қасиетті, киелі мекен.

Мерейтойлық шаралар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мемлекет және қоғам қайраткерінің 125 жылдығына арналған «Ұлт руханияты және Т.Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.

Белгілі ғалымдар, ҚР ҰҒА академиктері, елімізге танымал мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлері қатысқан жиында Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында естеліктер, жас ұрпаққа берер өнегесі туралы әңгімелер өрбіді.

Профессор Қылышбай Бисеновтің ұсынысымен Қорқыт ата университеті жанынан «Жүргеновтану орталығы» ашылып, зерттеуші ғалымдарға Т.Жүргенов атындағы грант тағайындалатын болды.

Конференцияда  «Т.Жүргенов және Алаш қайраткерлері» тақырыбында зерттеу жұмыстары мен жобаларды жүзеге асыруды және Т.Жүргенов пен Д.Ермекова-Жүргенованың қайраткерлігін жас ұрпаққа насихаттауда Қарағанды және Қызылорда облыстарының мәдени-рухани, ғылыми ынтымағын нығайтып, «халықтық дипломатияның» мүмкіндіктерін пайдалануды және конференцияның тұжырымдамасына енгізілген  пайымды ұсыныстарды тиісті орындарға жеткізуді ұсындым.

Себебі Т.Жүргенов және Алаш қайраткерлерінің рухани бірлігін түбегейлі зерттейтін кез келді.

Мысалы, Т.Жүргеновтің туысы, Алашорда үкіметінің мүшесі, Ә.Бөкейханның идеялас серіктерінің бірі Телжан Шонанұлы Тоқырауын болысында (қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының жері) мұғалім болып қызмет істеді деген нақты дерек бар. Алайда осындай тарихи құнды ақпаратқа тарихшылар әлі де толық назар аудармай келеді.

Ең бастысы, Темірбек Жүргеновтің Алаш көсемдерінің идеяларын іске асырушы, қазақ халқының тұғырлы мемлекет болуы үшін арпалысқан тұлға екені түбегейлі зерттелмей жатыр.

Нақтырақ айтсақ, ол 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнері онкүндігінде Кеңес үкіметінің басшылығына жасампаз мәдениеті мен өнері арқылы рухы өлмейтін қазақ ұлтының бар екенін дәлелдеді. Онкүндіктен кейін 1936 жылдың 5 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылып, дербес Республика атандық. Осының арқасында 1991 жылы Кеңес Одағы тарағанда жеке дара мемлекет болып Тәуелсіздік жариялауға мүмкіндік туды!

…Егерде бұрынғы автономиялық статус күйінде қалғанымызда, Башқұртстан мен Татарстан сияқты Ресей құрамында қалып қойған болар едік (академик Мәмбет Қойкелді).

Конференция аясында жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» деректі романының тұсаукесері жасалып, «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» тақырыбында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қаланың сәулетті салтанат залында Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор мен Т.Жүргеновтің ағайындары мен туыстары тоталитарлық режимнің құрбаны болып, «Халық жауы» деген жаламен атылған Темірбек бабамыз бен жұбайы  Дәмеш апайдың рухына арнап арнайы ас берді.

«ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы С.Раев бастаған халықаралық  ұйымдардың өкілдері, облыстар мен қалалардың делегациялары, елімізге танымал мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлері қатысқан арнайы аста Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары А.Аманжолов сөз сөйлеп, Дәмеш апамыздың туған жерінің ыстық сәлемін жеткізіп, құттықтау хат пен ескерткіш сыйлықтар тапсырды.

Дәмеш апайдың тәрбиесін алған жақын туысы Б.Балмағамбетова Д.Ермекова-Жүргенова туралы естеліктерімен бөлісіп, Т.Жүргенов тойын өткізуге ерекше еңбек сіңірген С.Аңсат ақсақалға, Сыр өңіріндегі іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ықпал еткен Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа және игілікті іске қолдау жасаған Қарағанды облысының әкімі Е.Бөлекпаев пен Ақтоғай ауданының әкімі Р.Кенжебековке Дәмеш Ермекова-Жүргенованың туыстарының атынан алғыс білдірді.

Қарағанды облысы басшылығы халықаралық деңгейдегі мерейтойлық осы шараға делегация құрамында баруға ақсақалдарға, қоғам қайраткерлеріне, өлкетанушыларға, ғалымдарға, қаламгерлер мен Д.Ермекова-Жүргенованың туыстарына сауын айтқанмен, көпшілігі жеке басының жағдайымен бара алмады. Өкінішті…

Келешекте Қарағанды қаласында халқымыздың қайраткер қызы Дәмеш Ермекова-Жүргенованың атында көше ашылып, бүкіл түркі дүниесі ардақтаған даңқты жерлесімізді ұлықтау шараларын Қарағанды облысында да өткізген кезде қарағандылықтар: «Сыр бойынан арнайы Дәмеш апамыздың қайынжұрты, құдаларымыз келді!» деп қуанатын күн де алыс емес.

Сыр еліндегі мәртебелі тойда Н.Бекежанов атындағы Қазақ музыкалық-академиялық драма театрында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» қойылымы мен «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жыр мүшәйрасының қорытынды кеші өтті.

Жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесі қазылар алқасының шешімімен «Зергер һәм балдақ» атты өлеңі үшін Сыр бойының ақын қызы Мөлдір Айтбайға берілді.

Ақындардың Дәмеш апайдың рухына арнаған жыр жолдарын тыңдап отырғанымда оның мына естелігі ойыма түсті: «…Үйдегі анаммен әрең қоштасып үлгердім. Құлымбетовтің, Садуақасовтың, Сырғабековтің әйелдері де қамалды. Түрмеде отырып үнсіз жылағанымызда, парлап аққан екі көздің жасы көл болды, 3-4 күндей берген тамағы тамағымыздан өтпеді, ұйқы көрмедік, тек жылаумен, қайғымен өткен күндер болды… Маусым айында оларға да үкім шығып, әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айырды. Лагерьге бірнеше айдан соң, қыс түсе әкетті… Жолдағы вагонда Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян анасы Гүлбаһрамның қолында көз жұмды… Князева деген әйелмен екеуміз Гүлбаһрамды бір күн қайрап, қолындағы сәбидің денесін әрең дегенде алып, түн ішінде вагонның бүйіріндегі тесіктен тымақ киген бір қазаққа: «Жер қойнына беріңізші» деп ұстаттық. «Бұл қай жер?» деп сұрап едік, «Саршаған деген станса», – деді әлгі қазақ…»

Жаның түршігеді… еріксіз қажырлы, қайсар қазақ әйелінің құдіретіне бас иесің!

Т.Жүргеновтің мерейтойында Сыр елі ұлт мақтаныштарының қайсар да қаһарман жарларына құрмет көрсетудің айрықша үлгісін көрсете білді. Осы игі бастаманы жақсы дәстүрге, мемлекеттік саясаттың бір бағытына айналдыруымыз керек.

Қасиетті Ораза айында келген қонақтарға арнап Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор мен Т.Жүргеновтің ағайындары мен туыстары өткізген «Ауызашар» рәсімі де қайраткерлер мен зерттеушілер, қаламгерлер ой бөліскен  толғамды ойлар мен рухани қазынаға толы мағыналы мәслихат болды.

Жақсының жақсылығын айтайық, нұры тасысын. Қызылордалық бауырларымыздың өзім байқаған бір ерекше қасиетіне көпшіліктің назарын аударғым келеді. Ол – кішкене баласынан еңкейген кәрісіне дейін, тіпті мемлекеттік қызметкерлері де Т.Жүргенов пен Д.Ермекова-Жүргенова туралы ақпараттар мен ұлттық рухани қазыналарды бойына әбден сіңіріп өскендіктен пайда болған  интеллектуалды  патриотизм! Келген қонақтың жай күтушісі емес, басшылықтың тапсырмасын ғана орындаушы қызметкер де емес, келген мейманға елінің, жерінің тарихы мен тұлғаларын, рухани қазынасы мен жетістіктерін таныстырып, ауылының ықыласын жеткізген Сыр елінің ұлдары мен қыздарына Алланың нұры жаусын!

Ел мен жердің киесі, топырақтың қасиеті, тектілік деген, міне, осы емес пе?! Шіркін осы қасиетті барлық аймақтар да танытса ғой!..

Т.Жүргеновтің мерейтойын өткізу арқылы Түркі дүниесі мен әлемге атағы мен абыройын танытқан Сыр елінің дүбірлі тойынан аттанып бара жатып, Алаш қайраткері, еліміздің қазіргі территориясын, шекарасын белгілеп, дәлелдеп, ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған атақоныстарының орнын сызып көрсетіп, мойындатқан Әлімхан Ермеков пен халқымыздың қайраткер қызы Дәмеш Ермекова-Жүргенованы ұлықтау шараларын туған жерлері Арқада өткізуді тезірек қолға алмасақ бүгініміз үшін өкініш, ал келешектің алдында ұят болатыны есіме түсіп, қатты тебіреніп кеттім…

Қазақ еліне ой салған Сыр бойындағы игі шаралар жалғасын таба берсін!

Барлық облыстарға жұғысты болып, ұлт қайраткерлерінің ұлылығы ұрпақтарға ұлағат болсын!

Қуаныш Мақсұтов,

ақын.

Қарағанды қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<