ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев Сыр еліне сапары аясында бірқатар маңызды жиындар өткізді. Ең әуелі өңірдегі мұнай-сервистік саладағы компания өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова соңғы жылдары кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндірудің көлемі төмендеп бара жатқанын алға тартып, бұл кездесу ортақ мәселелерді айқындап алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев мұнай-газ саласындағы қазіргі жағдайды баяндап, экономикадағы негізгі көрсеткіштерді тізбеледі. Сондай-ақ, отырыста мұнай және сервистік компаниялардың басшылары «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресурстар» АҚ вице-президенті Болат Көшербаев, «Жанрос Дриллинг» ЖШС бас директоры Алексей Мылтықбаев ортақ мәселе аясындағы ұстанымдарын білдірді. Отырыста компания басшыларының мәселелерін тыңдаған ҚР Президентінің көмекшісі мұнай қорындағы ахуал мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралғанын атап өтті. Бұл ретте қуаттылығы 6 миллион тоннаны құрайтын «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының құрылыс жұмыстары аяқталса, жоба Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компаниялар үшін мұнай жеткізу жүктемесін азайтуға оң септігін тигізеді
.Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мұнай-газ саласындағы негізгі мәселелерді шешу үшін кешенді жұмыстардың қолға алынғанын және мұнай-газ секторында қызмет ететін сала өкілдерін ортақ мүддеге топтасып, бірлесе күш біріктіруге шақырды.Мұнан кейін Қанат Бозымбаев өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті.
Отырысқа кәсіпкерлер, қала, аудан әкімдері, кәсіпкерлік саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға тікелей атсалысатын мемлекеттік мекемелер мен қаржы институттары жиналды.
Президент көмекшісі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ұдайы қолдау барын тілге тиек етіп, әрбір өңірлерде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен микроқаржы ұйымдарының тиімділігі туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ, жиында пандемия кезінде кәсіпкерлік саласында туындаған қиыншылықтар талқыланып, алдағы уақытта даму бағытында атқарылатын жұмыстар сараланды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<