Сыр елінің әуе қақпасы

371

0

Әуе қатынасы – облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін саланың бірі. Өткен аптада «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы ел игілігіне берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен Сыр өңірінің әуе қақпасы жаңадан бой көтеріп, халықаралық әуе рейстерінің ашылуына қол жеткізілуде.

Терминал ерекше архитектуралық үлгіде салынған. Жалпы аумағы 7500 шаршы метр, алып ғимаратта жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Аумағы абаттандырылып, төрт жолақты автокөлік жолы салынған.

– Жалпы жаңа терминалда сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетілетін болады. Бұл дегеніміз – жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар деген сөз. Жаңадан елу жұмыс орны ашылып, екі жүз он қызметкер жұмыс атқаруда.

Ескі терминалмен салыстырғанда көлемі үш есе үлкен. Өздеріңіз білесіздер, жаңа нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің қатысуымен пайдалануға берілді. Ашылғалы бері барлық рейстерді жайлы да көрікті терминалда қабылдап жатырмыз. Қазіргі таңда аптасына 26 рейс орындалуда. Оның 17-сі Астана қаласына, 9-ы Алматы қаласына қатынауда.

Жаңа жылдан бастап «Қызылорда-Көкшетау» әуе қатынасы ашылмақ. Сонымен қатар, Атырау, Ақтау қалаларына қатынауға әуе компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.

Жазғы уақытта «Қызылорда-Анталия» рейсі жалғасын табатын болады, – дейді «Қорқыт ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев.

Жеке инвестор қаржысына бой көтерген, аймақ үшін маңызды саналатын әуе қақпасы туризмді дамытуға, инвестор тартуға септігін тигізбек.

Айта кету керек, жаңа терминалда екі телескопиялық трап, екі лифт, екі эскалатор, екі баспалдақ, ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Сондай-ақ ішкі және халықаралық рейстерге арналған транзиттік жолаушылар залдары орналасқан.

Жаңа әуежай арқылы Қызылордаға келген жолаушы Талғат Айдархановтың айтуынша, қызмет көрсету сапасы өте жоғары.

– Алматыдан Сыр еліне алғаш келуім. Ұлттық университетте бірге оқыған курстас досымның қуанышына келіп қалдық. «Қорқыт ата әуежайы» – Сыр өңірінің салтанат көшінің жақсарғанының дәлелі. Қала көшелері тіпті керемет. Жаңа ғимараттар адам жанына жылылық сыйлайды. Астана мен Алматыдан кем емес. Жақсы әсермен қайтып барамын. Сыр елінің көркейе беруіне тілекшімін, – дейді ол.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<