Биылғы көктемгі су тасқыны оны басынан кешірген қай өңірге де оңай соқпағаны анық. Табиғи апаттың ең ауыр зардабы тиген батыстағы 3, солтүстіктегі 2 облысты былай қойғанның өзінде, орталықтағы Ұлытау облысының кейбір аудандарында бірқатар тұрғындар біраз әбігерге түсті. Жақында өңірдегі алдыңғы қатарлы мұнай компанияларының бірі – «Торғай-Петролеум» АҚ баспаналары мен қорадағы төрт түлігінен айырылып, өздерінің денсаулықтарына зақым келген Ұлытау ауданының 20 тұрғынын емдетуге демеушілік жасап, игі істің басынан табылды.
Акционерлік қоғам өңірдегі белді медициналық мекемелердің бірі – «Q-med company group» ЖШС-мен Медициналық қызмет көрсету шарты шеңберінде аталған ұйымның басшысы Раушан Базарбаймен келіссөздер жүргізіп, ұлытаулық тұрғындарды осы медициналық кешеннің шипажайында емдетуге шешім қабылдаған. Қыркүйек айының соңғы онкүндігінде аталған ауданның алғашқы 10 тұрғыны Қызылорда қаласына келіп, «Q-med company group» ЖШС шипажайында ем алуды бастады.
Өткен аптада осы ұлытаулық қонақтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Оған «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы Г.Мұсаева, «Торғай-Петролеум» АҚ бас директоры Д.Әбілқайыров бастаған кәсіпорын қызметкерлері мен «Q-med company group» ЖШС бас директоры Р.Базарбай, шипажай ұжымы қатысты.
– Біздің кәсіпорын табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмекті ұйымдастыру барысында Ұлытау өңірімен байланысқан еді. Облыс басшылығы қауіптің беті қайтқанын айтып, ол көмекті басқа өңірлерге беруді ұсынды. Жақында облыспен аттас ауданның әкімі Аманжол Мырзабеков хабарласып, сіздердің ем алуларыңызға қолұшын созуымызды сұрады. Біздің акционерлік қоғам мен Раушан Ахметуллақызы бірігіп, қолдан келгенше барымызды салдық. Міне, бүгін алғашқы нәтижесін көріп, елдеріңізге оралғалы отырсыздар, – деді Дәурен Тұрғанбайұлы.
Емін-еркін, ашық форматта өткізілген кездесуде сөз алған ұлытаулық ағайындар қиын күндерде демеу бола білген Сыр елінің азаматтарына ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
– Биылғы жыл біздің ауданға өте қиын соқты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін аудан тұрғындары мал қыстату науқаны мен көктемгі су тасқыны кезінде үлкен шығынға ұшырады. Мал басы, тұрғын үй, қора жайларының заңды құжаттары бар шаруа иелері Үкіметтен өтемақы алды. Ал құжаттары жоқ немесе толық емес шаруалар бұл жеңілдіктерді пайдалана алмады. Аудан бойынша осы табиғи апаттардан 231 бас ірі қара, 668 бас жылқы, 121 бас уақ мал шығын болып, 19 тұрғын үй, қора жайлары мен шаруашылық қоймалары пайдалануға жарамсыз болып қалды. Осы себепті Ұлытау ауданының әкімдігі осындай қиын-қыстау кезеңде шаруа қожалықтарының жұмысшыларына моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, табиғи апат кезінде денсаулығына зақым келген тұрғындарды емдетуге көмек сұраған болатын. Шүкір, қажетті емімізді алдық. Денсаулығымыз жақсарып, елімізге жақсы көңіл-күймен қайтып бара жатырмыз. Бізге қолдау білдірген «Торғай-Петролеум» компаниясының басшылығына үлкен рақметімізді айтамыз. Айрықша алғысымызды осы шипажайдың басшысы Раушан қызымызға жеткізгіміз келеді. Алғашқы күннен бастап жанымыздан табылып, бізбен бірге болды. Барлық емі ұнады. Кішкентай емхананы үлкен медициналық кешенге айналдырған іскерлік қабілетіне тәнті болдық. Бір сөзбен айтқанда, Сыр елінің азаматтарына дән ризамыз, – деді ұлытаулық Жамсап Ашенов ақсақал.
Ал тағы бір ем алушы Туғанай Амантаева болса, емнен бөлек, Қызылорда қаласының келбеті қатты ұнағанын айтады.
– Бізге шипажайлық емнен бөлек, Қызылорда қаласының көрікті жерлеріне, атап айтқанда, Орталық алаң, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Батырхан Шүкенов саябағы, «Анаға тағзым» орталығы, «Сыр Ана» монументі, «Қорқыт ата» терминалы, сол жағалаудағы нысандарға экскурсиялар ұйымдастырылды. Шынымды айтсам, қаланың келбетіне қатты тамсандым. Мен ауданда Мәдениет үйінде жұмыс жасаймын. Біз әдемілікті бірден байқаймыз. Осы жағынан алғанда, жасарған, жайнаған, құлпырған Қызылорда бізге ерекше әсер қалдырды. Көшелеріңіз неткен тап-таза?! «Анаға тағзым» орталығы қандай керемет! Жалпы, Қызылордадағы сұлулықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді ол.
– Табиғи апат кезінде бір түнде басымдағы баспанамнан айырылып шыға келдім, – дейді Қанат Берлібеков есімді азамат, – Үй-ішімізбен суда қалдық. Баратын жеріміз болмай, жатақхана жағалап кеттік. Ол кезде уайымнан денсаулыққа қарайтын жағдай болмады. Жақында мемлекеттің қолдауымен жаңа үйге көшіп, көңіліміз бірленген соң денсаулықтың қамын күйттеуге кірістік. Бізге осындай қамқорлық танытқан Дәурен Әбілқайыров ініміз бен Раушан Базарбай қызымызға бар жақсылықты тілейміз.
Жиында сөз алған облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Исақызы өңірде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етсе, медициналық ұйым басшысы Раушан Базарбай Ұлытау ауданының 20 тұрғынынан бөлек, тағы 10 тұрғынын қайырымдылық көмек ретінде өз шипажайында тегін емдететінін жеткізді.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<