Әкесінің жоспарын орындаған бала
Шәкең Сырдарияның «Ақлақ» тоспасынан екі шақырым жердегі Терістүбек деген ауылда дүниеге келген. Ауылдың алдындағы Баян көлі бір жағы теңізбен, бір жағы дариямен шектеседі. Елдің негізгі кәсібі – балық аулау. Олар екінші сыныпта жүріп-ақ ата кәсіпті де, құс атуды да үйреніп алыпты. Соғыс жүріп жатқан 1942 жылы әкесі Дәрмағанбет пен оның серіктесі Елеместі еңбек армиясына алып кетті. Содан колхоз басқармасы Байтақ Бүркітәлі екеуін оқудан шығарып алып, «әкелеріңнің жоспарын орындайсыңдар» деп балыққа жіберді. Мектеп директорының көнбеске амалы жоқ, қорқады, оны да еңбек армиясына жіберуі мүмкін. Жоспар дегеніңіз анау-мынау емес, 104 центнер, оған қоса 40 ау, қайық, құрал-жабдықтар бар. Олардың әкесі теңізден балық аулайтын еді, он үш жасар болса да қорықпай өркеш-өркеш толқыны бар теңізге шықты. «Аралбалық» комбинатының бастығы «Возрождение» аралынан шемейка аулауға әскерилерден рұқсат алады. Үлкен кемеге қайықтарын тіркеп, тау-тау толқындармен алысып, оған да жетті. Әскери аралға жақындатпайды. Бірақ балық көп, еңбектері қайтып бірнеше күнде олжалы оралды. Содан күзгі суық түскенде қарашаның аяғында ғана оларды босатып, мектепке баруға рұқсат берді. Басқарма әкелерінің жоспарын артығымен орындағандарын айтып, арқаларынан қағып, айлық жазып шығарып салды. Міне, соғыс балалары осылай есейген еді. Қаратереңде онжылдықты бітіргеннен кейін ол Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсті.
Атыраудағы айлар
1950 жылы институтты бітірген бойда жеті түлекті бұрынғы Гурьев облысына жібереді. Сөйтсе, бір жолдасы кадр тапшы дегесін таныс адамына сырттарынан өтініш жазып, шақырту алдырып қойыпты. Оны да кейін біліп, бұлар тас-талқан болып ашуланды. Бірақ амал жоқ, маман тапшы уақыт, жіберген жеріне баруға тура келді. Сөйтіп алғашқы ұстаздық жолын Атырауда бастады.
Бұл келген жер қаладағы жалғыз онжылдық қазақ мектебі екен. Оныншы сыныптың саны – 17, оқушылардың көбісі әскерден қайтқан үлкен жігіттер. Шалғайдағы ауылдардан келетін балаларға арналған 400 орындық интернаты және бар. Директоры әйел, үш орынбасарының бірі танысы Рыспанбетов екен. Түске дейін бес сағат, түстен кейін бес сағат сабақ береді. Онымен қоса осындағы балық комбинатында дүйсенбі сайын саяси сабақ өткізеді. Ол кездегі мұғалімдерге жүктелген тәртіп солай.
Ұстаздық жолы оңай басталған жоқ. Мектептегі жақсы сынып саналатын ұжымның жеті оқушысының алтауына екілік баға қойып жіберген еді. Содан сынып жетекшісі келіп үлкен шу шығарды. Балалардың білім деңгейі осылай деп бұл да қасарысып отырып алды. Дау қалалық білім бөліміне жетіп, ақыры арнайы комиссия шақырылды. Комиссияны басқарып келген орыс әйел шәкірттердің білімі тақырыпты жаттап алғандықтан жақсы болып келгенін, бұл дұрыс еместігін, өздерінің түсінігін айтуы керектігін айтып, жас ұстазды жақтап шықты. Содан бұның беделі көтерілді. Енді оған мектептегі ең бұзық сыныпқа жетекшілік ету тапсырылды. Сыныпқа кірсе, ондағы 17 ер бала отыр десе отырмайды, тұр десе тұрмайды. Олардың ересектерін бір-бірін нұқып тәртіпке келтіріп, үйлерінің мекен-жайын жазып алып, ата-анасына баратынын ескертті. Содан басты тентектің үйіне келсе, шарбағы кең, үйі ауқатты тұратын отбасы екен. Баланың әкесі қызмет істейтін адам сияқты. Мұның мұғалім екендігін естігенде таңырқап қалды. Мән-жайды естіген соң баласын шығарып жіберіп, оның келгеніне кәдімгідей риза болғанын жеткізді. Ертеңіне түс ауа мектепте үлкен ата-аналар жиналысы болды. Жиналысты жүргізген кешегі кісі ауатком төрағасының орынбасары екен. Бұны тұрғызып қойып «Сіздердің орталарыңыздағы Дәрмағанбетов деген жас мұғалім үйіме келіп, баламның сабағы мен тәртібін айтты. Бүкіл өмірімде оқушының үйін аралаған мұғалімді бірінші көруім. Басқаларың да осыдан үлгі алуларың керек» деп бұны тағы мақтады.
Бірақ Гурьевте елге асыққан бұған көп болудың сәті түспеді. Екі өкпесіне салқын тиіп, ауруханадан бір-ақ шықты. Дәрігерлер елге қайтуға рұқсат берді. Шәкеңді теміржол вокзалында мектептің 30-40 мұғалімі шығарып салуға келгенде қарт Атырауда мұның өткен айлары босқа кетпегенін сезгендей болды.
Қаратереңнің өркендеу жолдары
Туған жерге оралғанымен, сыр берген денсаулығы сауығып кете қойған жоқ. Күнде есіктің алдына шығып, күншуақта отырады. Бір күні әжесі теңізге шыққан әкесіне «бір қап тыран алып кел, бірақ балығың тірі болсын» деп тапсырма беріп жатқанын естіді. Ертеңіне қаппен келген балықты бұл аршып, әжесі қазанды қайнатып салып жатыр. Қайнаған жас балықтың майы қазанның бетіне шықты. Балаларға шыны жинатып алып, тазалап, оған қазанның бетіндегі кілкіген майды құйды. Сосын шыныларды қамыс қораның белдеуіне төңкеріп тығып қойды. Екі-үш күннен кейін оның майлы сорпасы жоғары шығып, түбінде түссіз мөлдір сулар қалды. Әжесі осы мөлдір суды күнделікті қасықпен ішкізіп еді, жағдайы түзелгендей болып тамақ алдыра бастады. Бірер жетіде жағдайы да жақсарды.
– Жалпы әжем Қаратаудағы мыңғырған түйесі бар бір байдың қызы екен, – дейді Шәкең өткенді еске алып, сонау төңкеріс кезінде, дүрбелең жылдары байдың малын өкімет тартып алып, өздері бас сауғалап қашуға тура келеді. Сонда әкесі малын бағатын бір жігітке «мына табыннан 100 түйені таңдап алып, қызды алып дарияның аяғына қарай қашыңдар. Тірі болсақ, біз сендерді сол жақтан іздеп табармыз» деген екен. Онсыз да талан-таражға түскен малдан бөліп алып, олар екеуі терістікке жүріп кетеді. Қармақшыға жеткенде сол түйелер тағы да қарақшыларға тап болып, бұларға бас сауғалауға тура келеді. Содан әлгі кісі әжемді боталы түйеге мінгізіп, «ең болмаса сен аман қал, дарияның терістік аяғындағы соңғы ауылға жет» деп шығарып салыпты. Әжем де сұрастыра жүріп өзеннің соңындағы ең соңғы біздің Терістүбек ауылына жетеді. Келіп шеткі үйге түйесін шөгеріп, құдайы қонақпын деп біздің үйге түскен ғой. Бұл – бір үлкен бөлек хикая. Соғыстан соң, 1948 жылдары әлгі адам әжемді іздеп келіпті. Ол кісі осындай зерделі, текті әулеттен еді.
Шәкеңнің елге келгенін естіген аудандық білім бөлімі маза бермейді. Денсаулық жағдайын айтса, көнбейді. Сабақ бермей-ақ, мектепке директор бол деп қолқа салады. Дәрігерлерге қаралып келіскен соң Октябрь және Шөмішкөл мектептерінде жұмыс істеп қайтты. Содан Қаратереңге мектеп директоры болып қайта оралды. Миллионер колхоздың басқарма төрағасы Мақсұтқали Демесінов Дәрмағанбетов Қаратереңнің тыныш өміріне өзгеріс жасай бастады. Сол кезде Хрущевтің баяндамасында «колхоздар өз күшімен көмектесіп, мектеп салып беру керек» деген деректива бар болатын. Мұны басқарманың жиналысына салып, бүкіл ауыл тұрғындары мен мұғалімдер жабылып, кірпіш құйып, жаңа мектеп салып алды. Мектептің жанынан интернат ашу үшін біраз жүгіруге тура келді. Аудандағылар штат, құрал-жабдық бергенімен «тамаққа қаржыны өзің тауып ал» деді. Колхоз ұн мен қанттан көмектескенімен, ет табу мәселесі қиындады. Ауылда төрт жылым бригадасы бар еді. Бригадирлердің үлкені Ізімбетов жақын ағасы және өткір адам болатын. Жағдайды түсіндіргесін басқармаға барып төрт жылым есебінен интернатқа бракка шығарып, төрт жылқы бергізетін болды. Өйткені, онда жататын да, оқитын да балықшылардың балалары деп, мәселені шешіп берді. Осылайша шалғайдағы шағын ауылдардың балалары орталыққа келіп білім алатын болып, Шәкеңнің ел алдындағы беделі арта түсті.
Дәрмағанбетов бұнымен тоқтап қалған жоқ. Білім ордасы жанынан кешкі мектеп ашып, ауылдағы жұмысшы, балықшы жастардың орта білім алуына көмектесті. Олардың арасынан Мәскеуге оқуға түскендер де болды. Сонымен бірге тал өсіріп, алма егуге де бастама көтерді. Қаратерең елуінші жылдары қайта өркендеу жолына осылай түскен еді. Ауданда ол кезде «Сольтрест» пен балық комбинатының және бірнеше колхоздарда жеті көптиражды газеттер шығатын. Аптасына 500 данамен шығатын «Озат балықшы» газетін тұрғындар жатпай-тұрмай оқиды. Кейде олар ауылды сынап та алады. Сөйтіп жүргенде басқа облыстарда радио газет бар дегенді естіп, Дәрмағанбетов облысқа дейін барып, жергілікті эфирден шығуға рұқсат алады. Ауылдағы радио-торабы халықтың мәдениет ошағына айналды. Кәдімгідей екі дауыспен хабар жүргізіп, соңынан концерт береді. Дәулетбай деген күшті домбырашы ағасын алдырып күй, терме орындататын. Ағасына кәмпит ал деп, ақша да беріп қояды. Халықтың өтінішін ескерген колхоз басшылары қаладан бір машина радио алдырып, бүкіл Қаратерең радиолы болып қалды. Сөйтіп жүргенде облыста көптиражды газеттердің байқауы өтіп, «Озат балықшы» бірінші орын алады. Бір күні аудандық партия комитеті «Аудандық газетте кадр жоқ, Дәрмағанбетовті газетке алдырыңдар» деп тәртіп береді. Содан мектеп директорлығын тастап, 1960 жылы жазда «Социалистік Арал» газетіне өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болып келді. Үш жылдан кейін газет жабылып, Қазалыға қосылған соң 1965 жылы қайта ашылды. Облыстық «Ленин жолы» газетінен Мәлік Сәрсенов редактор болып тағайындалады. Ол аупарткомның бюросында «Дәрмағанбетовті орынбасарлыққа беріңдер» деп отырып алады. Содан аудандық «Толқын» газеті осылай шыға бастады. Шәкеңнің мақалалары мен очерктері облыстық, республикалық газеттерде жарық көріп, қаламының қарымды да жүрдек екенін танытты.
Фельетон
мен телефон
Алпысыншы жылдары Шәкірат Дәрмағанбетовтің фельетондары елдің аузында жүрді. Сондай оқиғалардың бірқатарын автордың өзі қызғылықты етіп жеткізген еді.
Бірде аудандық партия комитеті газет редакторының орынбасарын коммунистердің мүшелік жарна төлеу барысын тексеріп келуге жібереді. Аудандық ветстанция бастығы мекемесіне жолатпай, қағаздарын бермей қояды. Бастықтың бір шикілігі барын сезген тілші оның бес жерден жалақы алатынын анықтайды. Өз қызметімен қоса мал базарда, балық комбинатында, тағы басқа бірнеше жерде ешкімге бермей ветдәрігер болып тіркеліп, айлық алады екен. Шәкең барып бес жерден анықтама алады да, райкомға ескертіп, газетке «Қазаншының еркі бар» деген фельетонды жарқ еткізеді. Бастықтың сенгені туысы екінші хатшы екен, фельетоннан кейін үш-төрт күн үйінен шыға алмай қалыпты. Партияның дүркіреп тұрған кезі, мәселенің арты үлкен дауға ұласып, әлгі кісі қызметімен қош айтысады.
Сол жылдары бүкіл облысты дүрліктірген тағы бір оқиға болды. Аудандық ауруханада емделушілер бір апта бойы тамақ жоқтығын айтып, редакцияға телефон соғады. Редактор Сәрсенов іссапарда болатын. Бұл журналист Ермағанбетовті дереу ауруханаға жіберіп, зерттеп келуді тапсырады. Шындығында да, ауруханаларға бір апта бойы тамақ берілмеген. Азық-түлікпен қамтамасыз ететін қалалық сауда қоғамының басшылығы олардың қаржысы болмаған соң қарызға біраздан бері азық-түлік босатпай отырғанын растап қағаз береді. Ертеңіне «Толқын» газетіне «Аурулар аш қалыпты» деген тағы бір фельетон бұрқ ете қалды. Сын мақаланың дауы аудан асып, облысқа жетті. Сондағы айтатындары «Кеңес заманында адам аш қалды деген не сұмдық», мәселе ушығып Шәкең Қызылордадан, обкомның бюросынан бір-ақ шығады. Бюрода бірінші хатшы С.Тәнекеев анықтамалармен таныса отырып, «Бұл жігітте не кінә бар, міне, жиырма адамның хаты тұр. Бір жеті тамақ ішпегендері рас екен» деп партбилетке жазылатын сөгістен құтқарып жібереді. Ал редактор іссапарда болғанын айтып, «газетке қол қойған Дәрмағанбетов, жазған Ермағанбетов, суретке түсірген Келмағанбетов» деп аудандық бюродағыларды бір күлдіріп алып, ол да құтылып кетеді. Бұл сөзі кейін мақалға айналды.
Фельетон мен сын мақалалар өткір жанр ретінде қоғамның, өмірдің келеңсіз жақтарын сынап, кемшіліктің бетін ашатын. Ол кезде де жемқорлықпен, сыбайластықпен күрес толастамаған еді. Аудандағы дайындау мекемесі тұтынушылар қоғамымен сыбайласып, жалған құжаттар арқылы қаржы жымқырғаны жөнінде газетке арыз түседі. «Иектерің қышымасын» деген сын мақалада осындай жағдай әшкереленді. Дайындаушылар ауылдардан мал сатып алған болып, оны сауда мекемесіне өткізіп, жалған құжатпен ақша жасап отырған. Осы мәселені зерттеген тілші Ақбасты, Құланды, Аманөткел, Қамбаш ауылдарына барып, тізімдегі адамдармен сөйлесіп, олардың мал сатпақ түгілі, агентті көрмегенін өз қолдарымен жаздыртып алады. Сөйтіп материал жинақталып, газетте жарық көреді. Ақыры жалған құжатпен ақша тапқандар құрыққа ілінеді. Ал «Өтірік филиалдар» деген фельетонның шуы да, дауы да көп болды. Ол кезде кәсіптік-техникалық училищелер ауылдарда механизаторлар мен шоферлар дайындау үшін үлкен мекемелерден филиал ашып, жұмыс істейтін. Жылдар өте келе ол формализмге айналып, ауылдағылар жалған фамилиялар толтырып, оған үш-төрт айлап стипендия төленіп келген. Тілшіге осындай хатпен арызданған адам мұны тексеріп, анықтауды талап етеді. Шәкең тағы да жолға шығып, Жақсықылыш, Тоқабай, Қарақұм ауылдарын тексеріп, ондағы филиалдардың жұмыс істемейтінін, бірақ біреулер почтаға келген стипендияны алып отырғанын анықтайды. Тек Октябрь ауылындағы кісі ғана ол ақшаға қол тигізбей отыр екен. «Өтірік филиалдар» шыққаннан кейін ауданды тексеруші органдар жауып қалды. Сонымен бұл мәселенің арты ушығып, біраз адам жазаланғаны бар. Бірақ Шәкеңе қоқан-лоққы жасаушылар да болмай қалған жоқ.
Сол уақыттарда белгілі ақын Мешітбай Құттықовтың үйіне сыйлас ағасы, партизан-жазушы Қасым Қайсенов қонаққа келеді. Содан Шәкең оларды үйіне шақырады. Меймандар Алматыға тапсырыс беріп, күтіп отырса, телефон шар ете қалыпты. Партизан ағамыз телефонды көтерсе, арғы жағынан біреу «Сені құртамыз, енді тірі жүрмейсің» деп дүрсе қоя беріпті. Алғашқыда сасып қалған жазушы жағдайды тез түсініп, телефонды қоя салады. Сосын Шәкеңе «Шәкірат-ау байқасайшы, мыналардың екпіні қатты ғой» депті күліп. Сөйтіп фельетон мен телефон оқиғасы осылай есте қалып еді.
Тоқсанның тұғыры
Облыстық және республикалық баспасөзде мазмұнды мақалаларымен, ойлы очерктерімен көрінген Шәкеңді «Ленин жолы» газетінің редакторы Ұзақ Бағаев қызметке шақырып, екі ауданға меншікті тілшілікке қабылдайды. Меншікті тілші газеттің аудандағы өкілі ғана емес, оның кәдімгідей көзі мен құлағы десе болады. Жетпісінші жылдардың басында редакциядан Қазалы ауданының «Өркендеу» кеңшарында бір сауыншы үш мың литр сүт сауып, рекорд жасап жатыр, соны суретке түсіріп, жазу керек деген тапсырма алады. Бұл аң-таң, екі ауданның жағдайын, көрсеткіштерін бес саусағындай біледі. Фермадағылар ондай көрсеткіш түгілі екі мың литрді әзер сауады. Редакцияға шығып, жағдайды түсіндірсе, «бұл – обкомның тапсырмасы» деген жауап алады. «Бірақ нақты жағдайды жазамын десең, оны көріңіз» дейді редактор. Бұл Қазалыға келіп ауыл шаруашылығы басқармасынан сол кеңшардың мәліметтерін мөр бастырып алып, фототілші Б.Омарәлиев екеуі «Өркендеуге» жетеді. Кеңшарға келіп, сауыншылармен сөйлессе шикіліктің ізі шығады. Сөйтіп келесі күні газетте «Жалған көтермелеу неге керек?» деген мақала жарық көреді. Бұл оқиғадан соң газеттің де, тілшінің де беделі артып, өтірік көтермелеу көбісіне сабақ болады.
Қаламгер Ш.Дәрмағанбетов ақты ақ, қараны қара деп жазатын, көп атқамінерлерді ықтырып жіберетін, ал беделі анау-мынау басшылардан кем емес журналист. Шәкең – ширек ғасырдан астам меншікті тілшілік қызметін атқарған еліміздегі алғашқы қаламгерлердің бірі. Облыс баспасөзінің қарашаңырағын басқарған Ұ.Бағаев, Қ.Әбенов, Н.Уәлиев, Ә.Рахымбеков сынды тәжірибелі редакторлармен қызметтес болып, газеттің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Інісі Шәкізат та республикаға белгілі журналист еді.
1980 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Арал арайы» кітабы шығармашылығының жарқын белесі болды. Журналист «Правда» газетінің 1948 жылғы санында жарияланған «Арал балықшылары құтқарылды» деген шағын хабарды негізге алып, оның кейіпкерлерін іздестіреді. Мұз үстінде ыққан балықшыларды құтқарған ұшқыш Хамит Қалиев есімді азаматты тауып, оның ерлігін көпшілікке паш етеді. Ал ыққан балықшылар – атасы мен келіні өзінің ауылдастары болып шықты. Сондай-ақ, адамдардың қилы-қилы тағдырлары, өмірге құштарлығы мен еңбек ерліктері туралы қалам тербеді. Қаламгердің очерктері әңгіме секілді жеңіл оқылатын, оқиғаны баяндау тәсілі өзгеше құрылатын.
Ш.Дәрмағанбетов елдің, жердің жағдайын, Арал теңізінің тағдырын жаза жүріп, оның қорғаушысы және қолдаушыларының біріне айналды. Шәкеңнің өмірі туған жерімен сабақтас, тағдырлас. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Аралға келген сапарында айдыны суға толған Кіші аралды, «Көкарал» бөгетін көрді. Бүкіл Сыр елінің атынан халықтың ризашылығын жеткізген де осы Шәкең еді. Сол тұста «Жезқазған-Сексеуіл» теміржолының жобасы дайындалып, жолды Шалқардан не Сексеуілден салу керек деген мәселе көтеріліп, ұсыныстар жоғарыға жіберіліп жатады. Шәкең Елбасымен кездескенде осы мәселені еске салып, «Біздің ұсынысымызды қолдаған қолыңызды беріңізші» деп көпшілікті бір күлдіріп алады. Кейін Елбасы сол кездегі Ресейдегі елші Қырымбек Көшербаевқа «Аралға барсам, бір үлкен кісі осылай деді» деп сүйсіне еске алыпты. Сонда әкім: «ол менің әкем ғой, Шәкірат деген ақсақалымыз» деген екен.
Қарымды қаламгер зейнет демалысына шыққаннан кейін жерлестеріне бастамашыл болып Ақбай алқабын игеруге шықты. Тынға түрен салған алқапқа сол жылдары «РЗА» АҚ президенті, белгілі азамат Самұрат Имандосов қол ұшын беріп еді. Көптеген аралдықтар егіншілікпен айналысып, қазір бұл жер берекелі танапқа айналды. Мұнда жаңа арна қазылып, өңір жасыл желекке бөленді. Шәкеңнің бастамасымен Еділ бойындағы аштыққа ұшырағандарға 14 вагон балық жіберген аралдықтардың тарихи оқиғасының 95 жылдығы аталып өтілді. Бүгінде ұрпақ жадында мәңгі жаңғыратын осы оқиғаның ғасырлық мерекесіне дайындалуда.
Шәкең үлкен өмір жолынан өтіп, ғибратты ғұмыр кешті. Қызылорда педагогикалық институтын бірге оқыған мемлекет және қоғам қайраткерлері Елеу Көшербаев, Дәуірхан Айдаров, көрнекті ғалымдар Раушанбек Әбсаттаров, Тотай Тұрлығұлов және басқа көптеген белгілі азаматтардың елдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестерін жас ұрпаққа айтудан жалықпайды. Шәкірат Дәрмағанбетов көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» құрметті атағымен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, ондаған мемлекеттік және мерекелік медальдармен марапатталды. «Арал ауданының құрметті азаматы». Шәкең – бүгінде үлкен әулеттің бәйтерегі, немере-шөбере сүйген қадірменді ата.
Ол – Аралдың тірі тарихы, шежіресі мен жаңғырығы, бекзат болмысты текті тұлға. Әлі күнге қаламымен халқына қызмет етіп, өткен мен бүгіннің алтын көпірі іспеттес оның мақалаларын оқырмандар қызыға оқиды. Жазушының мұрағатында 200-ге тарта бумада сарғайған құжаттар мен қағаздар туған жердің сыры мен жыры, адамдарының жарқын бейнесі десе болады.
Міне, бүгінде Шәкең Аралдың абызы мен батагөй ақсақалына айналып, 90-ның төріне шығып отыр. Той торқалы болсын!
Жұматәли ӘБДІРАМАН,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<