КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық “Сыр бойы” газетінің ардагері, ақын Рысты Бекбергенова биыл 90 жасқа толып отыр. Осы орайда “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Сыр елінің мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан қадірлі қаламгермен облыстық мемлекеттік архивінде кездесу кеші болды.
Кездесуде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Н.Әбілдаев қарт қаламгердің өнегелі өмір жолына тоқталып, Рысты Бекбергенованың осынау ғасырға таяу ғұмыр белесінде қоғамға, елге еткен еңбегі арқылы Сыр жұртшылығына кеңінен танымал екенін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын ардагерге амандық-саулық тілеп, абыройлы жолы ұрпаққа үлгі болатынын айтты.
Кеш қонағы Рысты Бекбергенова өмір жолының ащы да тұщы естеліктерін ойға алды. Балалық шағынан соғыстың зардабын тартып, ауыр еңбекке араласқан, онан соң әкесі “халық жауы” атанып, кейіннен ақталып, соғысқа аттанғаны жайлы сөз қозғап, көңілі толқыған қаламгер, бүгінде тіршіліктің қандай бір кедергілеріне мойымайтынын айтты. Еңбекпен есейіп, қажырлы мінезінің арқасында көздеген мақсатына қол жеткізгенін қызықты әңгімелеп берді. Сонымен бірге, ақын бірнеше кітаптары мен құнды марапаттарын архив қорына тапсырды.
Кездесуде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ғазиза Әбілда сөз алып, көрнекті қалам иесі, аймақтың ата басылымы – “Сыр бойы” (бұрынғы “Ленин жолы”) газеті ардагерінің көркем болмысымен көпке сыйлы, кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
– Кешегі соғыс уақытында балалық шағын бейнетпен өткеріп, отбасында қанша қиындықтарды бастан кешсе де, оқуға, білімге деген ерекше құштарлығының арқасында қасиетті қаламды қолына алды. Қазақтың заңғар жазушысы, көптеген қаламгерлердің ұстазы Зейнолла Қабдоловтың батасын алды. Шығармашылық өлкесінде кең танылып, қоғамда өзіндік болмысын қалыптастырды. Ақындық жолында адами құндылықты жырлап, жаратылыс заңдылығын, табиғи танымды, жан дүниенің сұлулық сипатын жырларына арқау етті, – деді.
Бұдан кейін архив қызметкерлері ақын өлеңдерін оқып, кештің ажарын аша түсті. Осы сәтте Рысты апамыз да шабыттанып, “Адам, адам…” дейтін жыр толғауын тебірене оқыды. Жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Қаламгердің өмір дерегіне қысқаша тоқталып өтсек, ол 1930 жылы 30 тамызда Ресей мемлекетінің Астрахань облысы Володор ауданы “Қызылтаң” колхозында дүниеге келген. 1951 жылы Атырау облысы “Мұнайлы” бекетіндегі жастар мектебін бітіреді. 1952-1956 жылдары Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педучилищені үздік тәмамдап, осы жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында “Қасым Аманжоловтың лирикасы мен қызметі” тақырыбында дипломдық жұмысын қорғап, кәсіби журналист атанды. 1961 жылдан бастап отыз жылға таяу облыстық басылымда қызмет атқарды.
Ақынның “Тұңғыш кітап”, “Ана жүрегі”, “Жырға сапар”, “Өмірім өлеңмен өрнектелген”, “Өмірдің ақ-қарасы”, т.б шығармалар жинағы жарық көрді. Бүгінде ұрпағының бақытына кенеліп отырған қазыналы қария.
Кездесуді қорытындылай келе облыстық мемлекеттік архив басшысы Жанат Абзалиева қарт қаламгерге құрметін білдіріп, ұжымның “Құттықтау хатын” және ұлттық дәстүрімізге сай сый-сияпат табыс етті. Ал ақын апамыз ағынан жарылып, батасын берді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<