Сыр медицинасының анасына – 100 жыл

696

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бүгін облыстық перинаталдық орталығының мәжіліс залында Сыр медицинасының анасы Мақашева София Өтегенқызының туғанына 100 жыл толуына орай еске алу шарасы болып өтті.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы, сала ардагері Маханов Тұрғанбай Маханұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлы және барша медицина саласының қызметкерлері мен Сыр мақтаныштары қатысты.

Қайталанбас тұлғаның өнегелі өмірін ұлықтауға арналған «Сыр медицинасының анасы» атты ғылыми-танымдық конференцияны облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы ашып берiп өз лебізін бiлдiрсе, одан соң сенатор Ақмарал Шәрiпбайқызы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Құттықтау хатын оқумен қатар өз құттықтауын жеткiздi. Сондай-ақ, сала ардагері Тұрғанбай Маханұлы София Өтегенқызы туралы жүрекжарды естелік сөзiн айтып өттi. Ғылыми конференцияда «Ұстаз ұлағаты. София Мақашеваның өмірдерегі. Білікті ұйымдастырушы. Дәрігер-маман» тақырыбында медицина саласының үздігі, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Құрмет орденінің иегері Маханов Тұрғанбай Маханұлы баяндаса, «Дәрігер және қоғам. Уақыт» тақырыбында аймақ бас дәрігері Олжас Ермекұлы, «Медицинадағы соңғы жаңалықтар. Инновациялар» тақырыбындағы облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Жасұлан Болатбекұлы, «Ана мен бала денсаулығын қорғаудағы өзекті мәселелер» тақырыбында облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Олег Вячеславович Ким баяндады. Әсем әнге ұласқан шара одан әрі медицина қызметкерлері арасындағы бильярдтан өтетін дәстүрлі турнирге жалғасты.

Сыр медицинасының анасы София Макашеваны ұлықтауға арналған шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Медицина саласының мақтанышы, Сыр медицинасының анасы – Мақашева Софья Өтегенқызы 1948 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласындағы медицина институтын бітіріп келген соң облыс аудандарындағы емдеу мекемелеріне бірден басшылық қызметке жіберілген. Нақтырақ айтсақ, 1948-1951 жылдары Шиелі, Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімдерін басқарды.
1952 жылы Қызылорда фельдшерлік-акушерлік мектебінің директоры болып, болашақ медицина қызметкерлерін даярлады.

1952 жылдан бастап облыстың денсаулық сақтау саласын үздіксіз 30 жыл басқарды.
Бұл жылдары Софья Өтегенқызы саланы өрге сүйреп, облыс медицинасының дамуына, қалыптасуына айрықша үлес қосты.

Мәселен, облыс ауруханаларындағы төсек орын санын 970-тен 6540-қа, дәрігерлер санын 92-ден 1427-ге жеткізумен қатар, орта буын медицина қызметкерлерінің санын да едәуір арттырды.

Сонымен қатар Софья Өтегенқызы еңбек еткен тұста медициналық бекеттер 76-дан 290-ға, санитарлық автокөліктер саны 19-дан 300-ге жеткен. Осы уақыт аралығында салаға жаңа технологияны батыл енгізе жүріп, жас кадрларды тәрбиеледі, ақылшы ұстаз атанды. Республикаға танымал дәрігерлер Ернияз Омаров, Тұрғанбай Маханов, Әскербек Төрекеев Софья Өтегенқызын өздеріне ұстаз, пір тұтатынын әркез мақтан етеді.

София Мақашеваның екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталуының өзін оның еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз. Ол сонымен бірге Қазақстан Компартиясының VІ, VІІ, Х, ХІІ съездерінің делегаты, облыстық партия комитеті мен халық депутаттары облыстық атқару комитетінің мүшесі болды.

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы», «Дәрігер» атына кір келтірмей, өз мамандығына әркез адалдық танытқан жанның есімі өңірімізде жиі жаңғыртылып тұрады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<