Көлік-логистика саласы өркен жайып келеді. Бұл орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Сыр өңірінің болашағы осы саланың дамуымен тығыз байланысты. Соңғы жылдары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің пайдалануға берілуі аймақтың экономикалық әлеуетін арттыра түсті.
Бұл бағытта сонымен бірге республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолының «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта жаңарту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын, Қызылорда облысы бойынша оның жалпы ұзындығы 204 шақырымды құрайтынын атап өткіміз келеді.
Аталған автомобиль жолының қайта жаңартылуы ел экономикасының дамуына, жүк пен жүк айналымының өсуіне серпіліс береді. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі қашықтық едәуір қысқарып, елдің оңтүстік өңірлерінен Орталық Қазақстан арқылы барлық аймақтарына, одан әрі Ресей Федерациясының өнеркәсіптік аймақтарына шығуға мүмкіндік туады.
Бұл жолдың 25+300 шақырымынан бастап «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1827 шақырымына дейін Қызылорда қаласын айналып өтіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізіне кіруге мүмкіндік береді. Онда әр көлік Шымкент бағытына және Самараға қарай жүре алады.
Қазір бас жобалаушы – «Каздорпроект» ЖШС, ПИИ «Каздорпроект» ЖШС және «Семдорпроект» ЖШС-ның консорциумы жобалау іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Жобалық-сметалық іздестіру жұмыстарына жалпы 583 млн теңге бөлінетін болады.
Жобалық-сметалық құжаттамалар қазіргі кезде Мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бірқатар жұмыстар бойынша тиісті құжаттар Мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Орталық аппарат Мемлекеттік сараптамадан өту қаражатын (23,275 млн теңге) жоспарға енгізуде.
Ол бойынша көптеген айналма жол мен жол өткелі салынатын болады. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталады деп күтілуде.
Фото: көрнекі сурет
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<