Сыр өнерінің Елордадағы салтанаты

540

0

Астана қаласының 25 жылдығына орай 8-9 желтоқсанда Қызылорда облысының Астана қаласындағы Өнер күндері өтеді. Салтанатты іс-шара 8 желтоқсан күні Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының Астана қалалық Жастар театрында сахналанатын Ш.Айтматовтың «Жәмилә» спектаклімен ашылады.

Келесі күні, 9 желтоқсанда мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр перзенті Т.Жүргеновтің 125 жылдығы аясында жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі сахналанады.

Елордалықтар назарына «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты үш бөлімнен тұратын көрме ұсынылады.

Көрмеге қазақ тарихындағы төрт астананың ізі қалған Сыр өңірінің өткені мен бүгіні арқау болған. Айталық, бірінші бөлімде Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан сақтардың астанасы болған ежелгі Шірік-Рабат, ортағасырлық Жанкент, Қыпшақ мемлекеті, Ақ Орда және Қазақ хандығының астанасы дәрежесіне көтерілген ортағасырлық Сығанақ қалашықтарынан табылған бірегей археологиялық жәдігерлер және биыл ел тарихына үлкен ғылыми жаңалық болып енетін «Шірік-Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары алғаш рет қойылады.

Екінші бөлімде Сыр бойындағы қазақтар пайдаланған құнды этнографиялық, теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы орналастырылады. Оның ішінде Сыр өңірінде өмір сүрген белгілі тарихи тұлғалардың Бұқарбай батыр Естекбайұлы, Қалмұхаммед ишан Маралұлы, Ер Сейітпенбет әулие, Сердалы би Бекшораұлы, Құлболды ишан Сұлтанұлы пайдаланған жәдігерлер бар.

Үшінші бөлімде ХХ-ХХІ ғасырлардағы аймақтың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы дамуының жетістіктері баяндалады. Сонымен бірге адамзат тарихындағы ғылымның жетістігі саналатын «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихы туралы мәлімет беретін экспонаттар қойылады.

Өнер күндері 9 желтоқсанда «Бейбітшілік және келісім сарайында» Сыр бойы өнер шеберлерінің гала концертімен қорытындыланады. Концертте Сыр бойынан шыққан танымал эстрада жұлдыздары Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарымбетов, Құралай Мейрамбек, сондай-ақ, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, биыл құрылған симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, Сыр өңірінің жыраулық өнер өкілдері және тағы да басқа аймағымыздың талантты өнерпаздары өнер көрсетеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»