Сыр өңірі алғашқы үштікте

332

0

Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жүк тасымалын және транзитті дамыту, педагогикалық кадр даярлау мәселелері қаралды.

Ведомство басшылары мен өңір әкімдері атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер жайлы хабарлама жасады.

Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойында орналасқан сервистік нысандардың 88,6 пайызы ұлттық стандартқа сәйкес келетінін және Сыр өңірі сервистік нысандарды цифрландыру бойынша алғашқы үштікте екенін айтты.

–    «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің Қызылорда облысына тиесілі аумағы – 810,5 шақырым. Оның бойындағы 53 жол бойы сервистік нысанында 1050 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде 47 нысан, яғни 88,6 пайызы ұлттық стандартқа сәйкестендірілген. Осы көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы алғашқы үштікке кіреді. Нысандар интернетке қосылған және «Google maps», «Яндекс.Карта» жүйелеріне енгізілген. Стандартқа сай емес 6 кешен бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Оның ішінде 2004 жылы салынған 2 нысан жыл соңына дейін, қалған 4-уі алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ретке келтіріледі. Алдағы уақытта салынатын жол сервистік объектілер ұлттық стандартқа сәйкес болуын қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар атқарылады. Бұдан бөлек, жол бойы кешендерін күтіп-ұстау шығындарының бір бөлігі ай сайын өтелуде. Қызылорда облысындағы жол бойы сервистік нысандарының сапалы әрі үздіксіз жұмыс жасауы қатаң бақылауда болады, – деді аймақ басшысы.

Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі арнайы мәжіліс өткізіп, талқыланған мәселелер бойынша негізгі жұмыс бағыттарын белгіледі.

Аймақ басшысы алдымен  облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысын таныстырды.

Облыстық бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімі және облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына Әбсаттаров Дінмұхамед Болатұлы тағайындалды.

–    Дінмұхамед Болатұлы – аймақтың кәсіпкерлік саласымен етене таныс, квазимемлекеттік сектормен қатар мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, мол тәжірибе жинаған әлеуеті жоғары кадр. Өңір экономикасын өркендетуде, негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуде кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы аса маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы жүктеген және Үкімет бекіткен көрсеткіштерге қол жеткізу жолында ауқымды міндеттер бар. Таяуда өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы отандық өнім өндірушілерді қолдау арқылы өңірдің экспорттық әлеуетін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің экономикадағы үлесін арттыру, халықты жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану – басты міндетіміз, – деді аймақ басшысы.

Онан соң күн тәртібіндегі мәселеге қатысты Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп, жеке жүк тасымалдаушылардың статистикалық ақпаратын жергілікті статистика органдарына мерзімінде ұсыну тапсырылды. Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы мен «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының Қызылорда облысы филиалына жол желісінің сақталуын тұрақты бақылау міндеттелді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша өңірлік жоғары оқу орындарының басшыларына педагогикалық мамандықтар бойынша оқуын аяқтаған түлектердің тұрақты жұмысқа тұруын қамтамасыз ету тапсырылды. Ал облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына педагогикалық кадр даярлауға бөлінетін грант санын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуге жауапты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<