Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды, нәтижелерді саралады. Вице-премьердің айтуынша, Қызылорда облысы негізгі экономикалық макрокөрсеткіштер өсімі бойынша бірінші орында.
Мұнан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары Қызылорда облысы негізгі капиталға инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша бірінші, құрылыс секторындағы өсім көрсеткіші бойынша екінші орында екенін атап өтті.
– Негізгі капиталға тартылған инвестициялардың өсу қарқыны 7,9%-ды құрады. Инвестициялар көлемі құрылыста 2,7 есе, білім саласында 56%-ға, көлік және қоймалауда 47%-ға өсті. Өңірлер бойынша ең жоғары инвестициялық көрсеткіштер Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астанада байқалды.
Өңдеу өнеркәсібі жедел даму тенденциясын көрсетуде. Өндірістің өсу қарқыны 7,4 пайызға жоғарылады. Көрсеткіш өсімі 16 өңірде тіркелді, оның ішінде Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары бар, – деді Н.Байбазаров.
Вице-премьер экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз етуде баса назар аударылуы тиіс шараларды да атап өтті. Олардың қатарында жеке инвестиция тарту, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейту, жаңасын іске қосу және т.б. бар.
Мәжілісте ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Сыр өңірі екі ай қорытындысымен жоғары даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін айтты.
– Қаңтар-ақпан айларында ел экономикасы 4,2%-ға, барлық макрокөрсеткіштер Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті, – деді Үкімет басшысы.
Үкімет отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі де қаралды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын іске асыру барысын баяндады.
– Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Өткен жылы 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5%-ы өңделді. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы техника алынды. Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы екі жылда құны 36 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырамыз. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталды, – деді аймақ басшысы.
Айта кету керек, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралды.
Нұрлыбек Машбекұлы жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашылатынын, жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтетінін айтты. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылады.
Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника (мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөліктері), 3 мың евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылатын болады. Осылайша полигонның қалдық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды.
Бұдан бөлек, шыны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады, жоба құны – 29 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылады.
Үкімет басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Қызылорда облысының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізуді тапсырды.
– Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарушылар аз. Қызылорда облысында әрбір аудан қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асыруда. Осындай оң тәжірибелер әр өңірде болуы керек. Жобалардың барлығын аяғына дейін жеткізу қажет. Ерлан Нұралыұлы, Қызылорда облысының оң тәжірибесін басқа өңірлерге тарату керек, – деді Премьер-министр.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қазіргі жоғары даму қарқынын сақтауды және бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды.
– Биылғы қаңтар-ақпан айларында макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасып, екі айда республикалық деңгейде бірінші орынға тұрақтадық. Аудандар мен Қызылорда қаласы бойынша макрокөрсеткіштердің оң қарқыны қалыптасты. Бұл үшін барлық әріптестеріме алғыс айтамын. Алдағы уақытта да алдыңғы қатардан көрінуге бірлесіп жұмыс жасайық. Ендігі міндет – экономиканың өсім қарқынынан өз кірістеріміздің ұлғаюын және бюджеттің жүз пайызға игерілуін сақтап қалу. Аудандар мен қалада негізгі макрокөрсеткіштің бірі құрылыс жұмыстарының көлемі Жалағаш, Арал, Қармақшы аудандарында төмендеу. Бұл бағытта аудан әкімдері жұмыс істеуі керек. Қызылорда қаласында өнеркәсіп өндірісі көлемі 5,6 пайызға төмендеді. Оның себебі мұнай ұңғымаларының сулануы және сарқылуы салдарынан мұнай өндіру көлемінің азаюынан орын алып отыр. Осы орайда қала әкіміне өнеркәсіп көрсеткіші бойынша өсімді қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша да аудандар мен қала әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырма берілді.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<