Сыр өңіріндегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндеттеріміздің бірі. Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес былтыр өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалды. Осының нәтижесінде, жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз, жастар арасындағы жұмыссыздық 4 пайызға төмендеді», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» бекітіліп, көрсеткішті 4,8 пайызға дейін төмендету көзделген.
«Бүгінгі күнге Өңірлік картадағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жеткіздік, яғни 19 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде тұрақтысы – 6952 немесе 36,6%, уақытшасы – 12055 немесе 63,4%, 16 мыңға жуығы – жаңа жұмыс орындары», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<