СЫР ПЕРЗЕНТІ

837

0

СЫР ПЕРЗЕНТІ Жаратушы әр адамның өмір жолын әр қилы етіп, пешенесіне нәсіп еткен. Алайда, қызығы мен қиындығы қатар жүретін ғажайып өмір кімдерден өтпеген?! Өткен күндерге көз жіберсек, талай азаматтар, әріптестеріміз еске түседі. Мына жалған дүниеге небір абзал азаматтардың келіп-кетіп жатқаны өмір заңдылығы болса керек. Алланың ісіне кім қарсы тұрған?! Әсіресе, сол адамның артында аты, хаты, ісі, ізі, қалып жатса, бұл қазақ соған шүкірлік жасаған.

Қалай дегенде, өзі өмірден озғанымен, көрген жұрттың жадында сақталатын жандар болады. Солардың бірі – денсаулық сақтау саласында өзіндік қол­таңбасы бар Мәлікайдар Байбосынов ағамыз болатын.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жа­мандығын айт, құты қашсын» дейді атам қазақ.

Мәлікайдар Байбосынов 1932 жылы Жалағаш ауда­нын­да дүниеге келіп, 1951 жылы Қар­мақшы ауданының орта­лы­ғындағы орта мектепті бі­тіріп, сол жылы Қарағанды қала­сын­дағы мемлекеттік медици­на инс­титутына түсіп, 1957 жылы, жол­дамамен Сырдария аудан­дық ауруханасына дәрігер маман болып орналасады. Көп ұзамай бас дәрігерлікке көтеріледі. Бұл кездері елдегі денсаулық сақтау саласының жағдайы мәз болмаса керек, оның  үстіне кадр мәселесі жетіспей жатқан кез. Ол уақытта небәрі 55 орындық төсегі бар ауруханада медициналық құрал­дар атымен жоқ, дәрі-дәр­мектер жетіспеушілігі орын ал­ған.

Міне, осы кезден бастап, Мә­кең халыққа медициналық көмек көрсететін 19 фельдшерлік-аку­шерлік медпункт ашып, оның 10-ы шалғай тұрғындар үшін, арнайы жасақталған болатын.

Аудандық аурухананың тө­сек-орны кеңейтіліп, күрде­лі жөн­деуден өтіп, маманданды­рыл­ған 15 орындық хирургия бө­лімі ашылып, 1960 жылдан бас­тап, халыққа хирургиялық ме­дициналық көмек көрсетіле бастады. Бұған дейін науқасқа хирургиялық көмек тек облыс орталығында ғана көрсетілетін. Аудан орталығына жас дәрігер мамандар келе бастады. Маман­дан­дырылған бірнеше кабинет­тер іске қосылды. Мәкең бас дәрігер, әрі ота жасаудың мама­ны ретінде өзінің іскер шебер­лігін танытып, аудан халқының ықыласына бө­ленді.

Ең алдымен, ол кісінің жа­саған еңбегін, азаматтық қал­пын, кісілік келбетін айту біздерге парыз болмақ. Облыс­тың денсаулық сақтау саласында жасаған еңбегі, өзіндік орны бар. Әріптестер арасында өзінің ерекшелігімен, азаматтық болмысымен, турашыл мінезімен, әркез әділеттік танытып жүретін.

Мәкең денсаулық сақтау са­ласын жақсарту мақсатында әр­дайым өз білімін де жетілдіріп отырды. Әр 4-5 жылда Алматы, Мәскеу, Ленинград қалаларында болып, іскерлік тәжірибесін толықтырып жүрді. Оның қара­мағында әр жылдары бірге бол­ған Бекет Жақыпов, Орынтай Мырзағұлов, Ерсұлтан Сегіз­ба­ев сынды азаматтар кейін облыста белгілі дәрігер мамандар атанды.

Мәкең жастарға жол көрсе­тіп, қол ұшын беріп, ұстаздық жасады. Сырдария хал­қына сыйлы, білікті дәрігер бол­ды. 4 рет аудандық, 5 рет ауыл­дық кеңеске депутат болып сай­ланды. 1974 жылы «КСРО Ден­саулық сақтау қызметінің үздігі» медалімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2 Алғыс хатымен, бірнеше рет облыстық, ау­­дандық денсаулық сақтау са­ласының гра­моталарымен, «Ең­бек арда­гері» медалімен мара­патталды. Бірінші дәрежедегі хирург ма­ман атанды. Жалпы 35 жыл еңбек жолының 12 жылын ау­дандық аурухананың бас дә­рігері қызметінде атқарып, қал­­ған 20 жылдан астамында ау­дандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі болды.

Елде туып, елде өскен ба­ланың қай-қайсысы болса да, оларға дала табиғаты бір бөлек. Соның ішінде Мәкең әр кезде аң аулау, балық ұстау сапарлары туралы естеліктерін жыр қылып айтып отыратын еді.

Біз Мәкеңді өзіне берілген жауапкершілікті мінсіз атқарған азамат деп білеміз. Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері, оташы маман ретінде Мәкең денсаулық сақтау сала­сы­ның дамуына зор үлесін қосты.

Жалпы, белгілі дәрігер Мә­лі­кайдар Байбосынов жайлы аудан халқының жадында жақ­сы естеліктер сақталған. Со­ның бір­қатары аудандық және облыстық баспасөз бетте­рін­­де жарияланды. Мысалы, «Сырдария» газетін­дегі С.Сүлей­ме­нов пен Ж.Балабай­қы­зының «Адам­ға өмір сыйла­ған» мақа­ласы ағаның өмір жолы мен қызметі жайлы көптеген кұн­ды мәліметтер бер­ген. Ал, «Тір­ші­лік тынысы» газетіндегі Мұха­меджан Нұр­ха­новтың «Мә­­лі­кайдардың соңғы моноло­гы» (ес­ке алу) шығармасында дәрі­гер өмірі­нің соңғы сәтін бейнелеп, таби­ғатпен үндестікте өмір сүріп, ел ардақтысы болған­дығы сурет­теледі.

Ардақтар дәрігер ем,

дүйім елім,

Қапыда кеттім қайтем,

күйінемін,

Менімен қолын бұлғап

қоштасқандай,

Елестеп тұрып алдың,

Иіркөлім.

«Ажал айтып келмейді» деп жатады. Өлімнің қай уақытта, қашанда жеңілі жоқ, өкініші бар.

Сыр еліне, облыстың денсау­лық сақтау саласына бір адамдай қызмет еткен, көп жылдар аудандық ауруханаға жетекші, көшбасшы болған, үлкен жү­ректі дәрігер әріптесімізді ел-жұрт болып қимай шығарып сал­ған едік.

Мәкеңнің денсаулық саласында жасаған еңбегі, өнегелі ісі, ешкімге ұқсамайтын ерек­ше келбеті жадымызда сақта­лып қалды. Артында өзіндей, кө­зіндей болып қалған ұл-қыз­дары, көзкөргендер тұрғанда, Мәкеңнің қадір-қасиеті көз алдымызда елестеп, рухы өмір сүретіні сөзсіз.

«Адамның өлген күні өл­ге­ні емес, ұмытылған күні өлге­ні» деген қағида бар. Мәкең – ұмытылмас тұлға!

Тұрғанбай Маханов,

Қазақстанға еңбегі 

сіңген дәрігер. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<