Сыр полициясының мерейі

837

0

23 маусым – Полиция күні


Аймақ тұрғындарының құқықтық қауіпсіздігін қорғап, қырағы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлері төл мерекелерін атап өтуде. Мерекеге орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасының бастығы Сәкен Бөрібайұлы БАҚ өкілдерімен кездесті. Өткенді еске алып, әріптестерін құттықтады.

Сыр полициясы бұл күні егеменді елімізде Қазақстан полициясының ірге тасын қалаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда жан қиған әріптестерін еске алады.
Тәуелсіздік жылдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде Полиция департаментінің 5 қызметкері қаза тапты. Бейбіт уақытта халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен милиция капитаны Әбішев Кеңесбек Махметханұлы, милиция лейтенанты Бектұрсынов Есен Бақтиярұлы, милиция сержанты Қалеков Қайрат Шаразадинұлы, милиция сержанты Сансызбаев Оразбек Шәкірұлы «Ерлігі үшін» медалімен, ал полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлы ІІ-дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Осы жасаған өшпес ерліктері мен батырлықтары халықтың есінде мәңгі сақталады.
Ішкі істер басқармасының ауласына 1985 жылы «қызмет бабында қаза тапқан сақшыларға арналған» және 2015 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне арналған ескерткіш-монументтері қойылған.
2005 жылдың 10 мамырында Ішкі істер министрінің № 273 бұйрығымен Қызылорда облысының Ішкі істер департаменті болып қайта құрылды. 2011 жылы Арал ауданы ішкі істер бөлімінің және 2019 жылы Жалағаш ауданы ішкі істер бөлімінің жаңа әкімшілік ғимараттарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
– Мемлекет басшысының «Жұртқа жақын полиция» Қағидатын орындау аясында тиісті жұмыстары жасалуда. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, тұрғындарды қауіп-қатерден қорғау үшін Полиция департаментінің материалдық-техникалық жағдайының жақсаруына жергілікті атқарушы органдарының көмегі зор болды. Қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен жергілікті атқарушы орган басшыларына алғысымызды білдіреміз, – деді облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасының бастығы Сәкен Бөрібаев.

Күндіз-түні тынымсыз еңбек үстінде жүретін әріптестерін құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

– Ішкі істер министрлігінің бастауымен ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы қабылданып, оның шеңберінде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да едәуір жақсарды, жалақысы көбейді, тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізімі артты.
Сол себептен полиция қызметкерлері антына адал, еліне адал қызмет атқаруы тиіс деп ойлаймын.
Құрметті ардагерлер, әріптестер барлығыңызды Полиция департаменті басшылығының атынан Полиция күні мерекесімен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, шаңырағымыз ырыс-несібеге толсын!, – деді облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасының бастығы Сәкен Бөрібайұлы.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»БАҚ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<