Сыр сахнагерлері Алматыда

545

0

Гастрольдік сапар шығармашылық ұжымға, театрларға айтарлықтай серпін береді. Әр театр өзінің қойылымын еліміздің қалаларында көрсету арқылы ең алдымен көрерменнің ризашылығына бөленіп, өнердің жаңа кеңістігін қалыптастыруды мақсат тұтады. Кейінгі кезде бұл дәстүрді аздап қолдан шығарып алған едік. Себебі пандемия халқымыздың барлық театрларын осы гастрольдік жүйеден ажыратып жіберді. Сол олқылықтың орнын толтыру, сахна салтын қайта қалпына келтіру үшін Алатаудың асқақ төріне Сыр елінің театр актерлері шығармашылық сапарға шықты.

М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының шығармашылық сапарының шымылдығы И.Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты тарихи дастанымен ашылды. Ашылу салтанатында облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Қазақстанның Халық артисі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов құттықтау сөз сөйлеп, Сыр сахнагерлеріне шығармашылық жетістіктер тіледі.

Аймақ басшысының қолдауымен араға 17 жыл салып, Сыр театры алматылық талғампаз көрерменмен жүздесіп, театр репертуарындағы үздік қойылымдарды ұсынды.

Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлболсын Қылышбаеваның айтуынша, бұл – театр тарихындағы Алматы қаласына ұйымдастырылып отырған бесінші гастрольдік сапар. Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғаш рет 1967 жылы ұжымды гастрольдік сапарға, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Сақтаған Тұрлымұратов пен бас режиссер, Қазақстанның Халық артисі Маман Байсеркенов бастап барған болатын. М.Әуезовтің «Қаракөз», К.Гольдонидің «Қонақ үйдің қожасы», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана», А.Тоқмағамбетов пен О.Бодықовтың «Арман азабы», В.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясы» сол кездегі астаналық көрермендердің талқысына ұсынылды. Гастроль қорытындысында Ш.Бәкірова Қазақстанның Халық артисі, Ж.Бағысова, Т.Айнақұлов, О.Әбдімомынов Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі деген атақтарға ие болған еді.

Ал 1979 жылы 15-25 тамыз аралығында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Шайтұрсын Әбдібаев пен бас режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір бастап Алматының талғампаз көрермендеріне М.Әуезовтің «Түнгі сарын», И.Эркеннің «Сау басыма сақина», У.Шекспирдің «Король Лир», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», Ә.Тәжібаевтің «Майра», Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғани», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» секілді күрделі дүниелерді апарды. Осы спектакльдерімен театр ұжымы өздерінің жеткен биігін, шығармашылық мүмкіндіктері мен кәсіби сипаттарын анық таныта алды.

Бертін келе, яғни 1990 жылы Алматы қаласына гастрольдік сапарды директор Асқар Кіребаев пен бас режиссер, Қазақстанның халық артисі Ерғали Оразымбетов ұйымдастырып, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Жанпида» романы бойынша қойылған «Ақырзаман», Иран-Ғайыптың «Күшігінен таланған», Қ.Сүйенішовтің «Сен де жалғыз, мен де жалғыз» спектакльдерін ұсынды.

Театр тарихындағы Алматы көрерменіне есеп берген үшінші гастроль қорытындысымен Серік Шотықов Қазақстанның халық артисі, Әлия Арысбаева, Бақытбек Алпысбаев, Асқарбек Сейілханов Қазақстанның еңбек сіңірген артисі деген құрметті атақтарды иеленді.

2006 жылы Алматыға төртінші сапарды театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбаев пен Хұсейн Әмір-Темір бастап барды. Театр репертуарындағы үздік қойылымдар У.Шекспирдің «Макбет» трагедиясы, Т.Әліпбайдың «Исатайдың барында», А.Сейдімбеков пен Б.Ұзақовтың «Қош бол, ардағым», Р.Отарбаевтың «Қандыөзек», Б.Майлин мен Ж.Аймауытовтың «Аласапыран», Иран-Ғайыптың «Қорқыт», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» спектакльдері ұсынылды.

– Осы жолы театр Алматы қаласына үш күндік гастрольдік сапармен төрт қойылымын алып барды.

Майталман режиссер Хұсейн Әмір-Темір және көркемдік жетекші Ақтөре Оразалы бастаған театр ұжымы Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы», А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу», Ш.Айтматов повесінің желісімен қойылған «Жәмилә», А.Кашьяптың «Кім?» спектакльдерін ұсынды. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Халық лық толы. Ел ағалары біздің сахнагерлерге жоғары бағасын берді, – деді театр директоры Мұхтар Ниязов.

Айта кетейік театр ұжымы бұған дейін де халықаралық, республикалық театр фестивальдеріне қатысты. Бірнеше мемлекеттерге гастрольдік сапармен барып, қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, мерейін асқақтатты. Атап айтқанда Ресей, Қарақалпақстан, Татарстан, Түркия, Әзербайжан, Ұлыбритания, Шотландия, Өзбекстан елдерінде өткен өнер додаларына қатысып, үлкен жетістіктермен оралды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<