Сыр сахнасында – классикалық музыка

1407

0

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрында облыстық симфония оркестрінің алғашқы концерті өтті. Облыстағы тұңғыш оркестр облыс әкімінің тікелей қолдауымен Қызылорда облысының 85 жылдығына орай облыстық филармония жанынан құрылған.

Өнер ұжымы 50-ден аса маманнан жасақталған. Оның ішінде ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптардың құлағында ойнайтын 30 кәсіби музыкант бар. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе.

Шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов қатысып, өнер ұжымына аймақ басшысының сәлемін жеткізіп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аймақта мәдениет саласында биыл қолға алынған жаңа жобалар мен жаңалықтарға тоқталды.

– Саланы дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне арнайы облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табысталды. Биылдан бастап облыстың мәдениет саласындағы 10 маман шетелдерде біліктілігін арттырады. Мүмкіндігі  шектеулі өнерпаздарымыздың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр іске қосылып, бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылды, – деді Ш.Байманов.

Аймақ кәсіпкерлері мен меценаттар өңірдің мәдени-рухани дамуына да үлестерін қосуда. Атап айтсақ, 1,5 млрд теңгеге салынған «Анаға тағзым» орталығы жақын күндері жұмысын бастайды. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналатын Хорасан ата кесенесінің айналасын абаттандыру, жарықтандыру, қоршау салу жұмыстары басталды. Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш кешені де бюджеттен тыс көздер арқылы қайта жаңғыртылды.

– Сыр өңірінің қасиетті орындары – Марал баба, Оқшы ата кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру, кесенеге баратын жолдар салу жұмыстары қолға алынды. Облыс орталығында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайы», құны 3,7 млрд теңге болатын мың орындық «Өнер орталығы» биыл ел игілігіне пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта симфония оркестрі жаңа бағдарламамен Өнер орталығында үлкен концерттер беретін болады, – деді Ш. Байманов.

Облыс әкімі аппаратының басшысы аймақ басшысының қолдауымен елу жылдық тарихы бар өңірдің өнер майталмандарының басын қосқан қара шаңырақ – филармонияның материалдық-техникалық базасы нығайтылғанын да атап өтті. Алдағы уақытта филармония Өнер орталығы ғимаратына көшіріледі.

Сондай-ақ, өнер ұжымына облыс әкімі атынан ықылас гүлі табысталды.

Оркестр тұсаукесер концертін елімізде сирек орындалатын күрделі туындылардың бірі – композитор Ахмет Жұбановтың «Абай» симфониялық сюитасымен бастады. Мұнан соң әрбір симфония оркестрі орындауы тиіс күрделі шығарма – Ф.Шуберттің №8 «Аяқталмаған симфония» си минор және қазақ, әлем композиторларының шығармалары орындалды.

Сонымен қатар, өнер сүйер қауым бірқатар халықаралық және республикалық конкурстың лауреаты Самал Байсейтова, Айдос Иманжаппаров, Ақылбек Табынбаев, Сымбат Тасбергенованың өнерін тамашалады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<