Cейсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Сыр самалы» аталатын бизнес санатындағы алғашқы тұрғын үй кешені құрылысының ресми таныстырылымы өтті.
Жобаның құны – 9,7 млрд теңге. Оны «Altyn land» ЖШС былтыр бастаған болатын. Тұрғын үй кешені алдағы жылы ел игілігіне айналады деп күтілуде. Көркі көз тартатын тұрғын үй 27 мың шаршы метр аумаққа орналасады. Оның ішінде коммерциялық ауданы 5 мың шаршы метрді құраса, жерасты тұрағында көлікке арналған 112 орын бар.
Тұрғын үй кешенінде пәтерлер 2-5 бөлме аралығында болады. Оны төлеудің түрлі жолы қарастырылған. Нақты ақшаға алған және басым бөлігін төлеген тұрғындарға жеңілдіктер беріледі.
– Халықты баспанамен қамту – еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлі 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы. – Осылайша 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Жарасымды істің жалғасы ретінде «Сыр самалы» тұрғын үй кешені қаламызға ерекше көрік беретін ғимараттардың бірі болары сөзсіз.
Облыс әкімінің айуынша, биыл бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй салынады. Оның ішінде Қызылорда қаласында 1544, аудандарда 346 пәтер, оның 16-сы жеті қабатты тұрғын үйлер болады.
Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен елді мекендердің сәнін келтіретін әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Бүгінде сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 10 мектеп іске қосылып, тағы 11-нің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады деп жоспарлануда. Қызылорда қаласындағы «Қан орталығының» және перинаталдық орталықтың құрылысы таяу арада пайдалануға беріледі. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде.
Болат Өтемұратовтың қоры есебінен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынып, жақын күндері ел игілігіне айналады деп күтілуде. Осы кезге дейін қалада бір ғана «Оқушылар үйі» болса, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.
Өткен жылы «Отбасы орталығы» өз қызметін бастаса, жуырда 1000 орындық «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылды. Оған қоса сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Инвесторлар қолдауымен 37 млрд 600 млн теңгенің жобалары іске асуда.
«Сыр самалы» тұрғын үй кешенін ресми таныстыру рәсімі мерекелік концертпен аяқталды. Отандық эстрада әншілері Мәдина Сәдуақасова мен Серік Ибрагимов жиналғандарға ән шашуын арнады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<