«Сыр сандуғаштары» ән салғанда

1294

1

«Бұлақ көрсең көзін аш» дейтін дана халқымыз қашаннан балаға сын көзбен қарап, сол арқылы оның бойындағы  қабілетті байқап, оны әрі қарай  дамытудан жаңылған емес. Елімізде  өнерімен әлемге танылып жүрген таланттар қатарының көп болуы осыдан болса керек.  Сонымен қатар дарынды балғындардың қабілетін шыңдап, шығармашылыққа баулитын үйірмелердің де маңызы зор. Солардың бірі облыс орталығындағы – «Сыр сандуғаштары» балалар ән үйірмесі.

Үйірме 2014 жылы Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған. Оған 9-16 жас аралығындағы  балалар қатысады. Талантты балалардың басын біріктіретін  ән үйірмесінде талапты жастарды ән салу жанрына машықтандырып, кәсіби сахнада қалыптасуына және облыстық,  республикалық, халықаралық дәрежедегі  конкурстарда  өнер көрсетуіне мүмкіндік береді. Оған Мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Есмұрзаева  жетекшілік етеді.

– Үйірменің өнер әлеміндегі алғашқы қадамы 2015 жылы республикалық «Айгөлек» телевизиялық фестивалінің концерттік бағдарламасында өнер көрсетумен басталды. Вокалды топтың алғашқы қарлығаштары – Арайлым Берік, Аякөз Аралбайқызы, Сымбат Шәймерден, Димаш Әбуов, Қарақат Базарбай республика жұртшылығына әдемі әндерін тарту етіп, көрермен қауымның зор ықыласына бөленді.   Қала мәдениетінің өсіп-өркендеуі жолында бұқара халықпен мәдени байланыс орнатып, түрлі концерттер мен ауқымды шаралардың жоғары деңгейде өтуіне  үйірме мүшелерінің  үлесі зор, – дейді ол.

Үйірмедегі өнерпаз балғындар облыс көлемінде өткізілетін түрлі мерекелерде, атаулы күндерге арналған мерекелік концерттерде, қала күнін тойлауға арналған мәдени-көпшілік іс-шараларда өнер жұлдыздарымен бірге  сахна төрінен табылып, қазақтың халық әндерінен бастап, Сыр елі және  Қазақстан композиторларының әндерін, әлемдік хит әндерді жоғары деңгейде орындап келеді. Сондай-ақ олар облыстық «Бозторғай», «Ақ көгершін», республикалық «Дала сазы», «Бақытты елдің ұрпағы», «Дельфий ойындары», «Голос дети Казахстана»  конкурстары мен тележобаларда жеңіс тұғырынан көрініп, аймақ абыройын асқақтатып та жүр. Мәселен, өнерлі балалардың басын біріктіріп, кәсіби өнерге шыңдайтын республикалық «Бала дауысы» конкурсына Сыр елінің намысын  2018 жылы Қарақат Базарбай, 2019 жылы Сезім Қаһарман, былтыр Серік Мадияр қорғап, конкурстың лауреаты атанды. Оған қоса үйірме мүшелері халықаралық «ALMALY.KZ», «Бозторғай», «Жаңа жұлдыз», «Жас толқын», «Жеті өнер», «Алтын микрафон» конкурстарына да  ұдайы қатысып отырады. 2019 жылы Болгария мемлекетінде өткен «Әлем жұлдыздары»,  Ресей мемлекетінде өткен  «Хрустальная магнолия» халықаралық конкурстарында Қарақат Базарбай, Серік Мадияр Гран-при иеленсе, Саят Сарманбек ІІІ орын жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, Беларусь мемлекетінде өткен «Арт-Парад в Витебске 2019» конкурсында қазіргі кезде Қызылорда музыкалық колледжінің студенті, үйірме түлегі Аякөз Аралбайқызы ІІІ орынға ие болды. Ал, 2020-2021 жылдары, яғни,   пандемия кезінде де Италия, Ресей, Испания, Франция, Болгария, Қырғызстан мемлекеттерінде өткен халықаралық онлайн конкурстарында  үйірме мүшелері лауреат атанды.

Бағдагүл Саинқызының тәрбиесінен өткен үйірме мүшелері – қазіргі кезде Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шабыт» академиясының, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің студенттері.

Өнерлі балаларды сахна мәдениетін меңгеріп, кәсіби сахнаға баулу мақсатында 2019 жылы облыстық филармонияның «Ля-ля-фа» мюзикл-қойылымында үйірменің  талантты өнерпазы Сезім Қаһарман басты рөлді сомдаса, үйірменің кіші топ мүшелері аяжандар рөлін сахналады. Сонымен қатар мерекелерге арналған концерттерде топтық өнер көрсетіп, облыстық филармонияның кәсіби әншілерімен бірге ән салуды дәстүрге айналдырған.

– Үйірме мүшелері балалар шығармашылығының өңірде жоғары деңгейде дамуына өз үлестерін қосып, үздіксіз ізденіс үстінде келеді. Үйірменің 5 жылдығына арналған  мерейтойлық концертіміз онлайн форматта 2020 жылы желтоқсан айында өтті. Ол «facebook» әлеуметтік желісінде жарияланды. Бүлдіршіндеріміз жыл сайын өздерінің есепті концертін беріп, қала халқына мәдени қызмет көрсетуді борышымыз санаймыз, – дейді Б.Есмұрзаева.

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, бойында құдай берген қабілеті, таудай талабы бар балғындарды тауып, оны өнер атты әдемі әлемге әкелу, баулу, шығармашылығын шыңдау үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденісті, темірдей төзімді және ең бастысы – үлкен жүректі қажет ететіні белгілі. Осы сан түрлі қасиет бір бойына тұрақтаған Бағдагүл Саинқызының еңбегі шынында батырлық деуге болатындай. Өйткені ол жетекшілік ететін «Сыр сандуғаштары» ән үйірмесі  қаншама өнерлі балғынның бағын жандырып, өнер атты үлкен әлемдеде өз орнын табуға ықпал етіп келеді. Алдағы уақытта да «Сыр сандуғаштарының» саны артып, қатары көбейе беретініне сенім мол.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<