«Сыр сандықты» ашып қара, жырласын!

1738

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Сыр сандық» атты жас ақындар антологиясының тұсаукесері өтті. Іс-шараға ақын, журналист Шаһизада Әбдікәрімов, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев, айтыскер ақын Серік Ыдырысов, ақын, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағамбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай қатысты.

Ақын Шаһизада Әбдікәрімов ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқан іс-шаралардың ішінде Сыр елінің жас ақындарының антологиясының жарық көруі өңірдің рухани өміріндегі оқшау оқиға екенін атап өтті.

– Жастардың бір-бірін демеп, үзеңгілесе жүріп осындай кітапты шығарғандарына қызығып та тұрмын. Жастар поэзиясын қадағалап оқып жүремін. Модернистік, постмодернистік деген сияқты әртүрлі ағымдар бар, еліктеушілер де көп. Бірақ соның ішінде Сыр бойының жас ақындары сол жаңалықтарды қабылдай отырып, оған Сыр бойының жыраулық, сүлейлік дәстүрінің, классикалық поэзияның үлгілерін тұздықтап, шымыр шығарады, – деді ол.

Сондай-ақ, аға буын өкілдері Шанжархан Бекмағамбетов, Серік Ыдырысов өлеңге жаңаша леп алып келген жас таланттарға лебізін білдіріп, батасын берді.

Іс-шарада ақындар Ұлықбек Тәңірбергенов, Бекжан Ержігіт, Жамбыл Бақытәлі және Асқар Әли өз өлеңдерін оқыды. Сырдың талантты ақын қыздары Дина Бөкебай, Аружан Оралбай және Сымбат Сұлтан жырдан шашу шашты. Ал, айтыс ақыны Бексұлтан Орынбасаров арнау айтып, жырсүйер қауымды өлеңмен құттықтады.

Бұдан бөлек, жаңа әннің де тұсауы кесілді. Әнші-сазгер, күйші Үкітай Ерниязов пен ақын Әл-Фараби Бекарысұлы «Табылды Досымовқа арнау» атты жаңа әндерін орындап, көрермен қошеметіне бөленді.

Антологияның баспа бетін көруіне жастар жанашыры, кәсіпкер Мағжан Ералиев демеушілік жасаған. Кітаптың таралымы – 500 дана. Жинаққа 70 ақынның топтама өлеңдері енген.

– Соңғы уақытта Сырдың жыршыл жастары жиі-жиі бас қосып, өлең өлкесіне бірге саяхаттап жүр. Осындай кішкене ғана кездесуден басталған іс-шара үлкен поэзиялық кештер мен кітаптың тұсаукесеріне жалғасуда. Сырбойылық шайырлар облыс орталығынан бөлек, әр ауданда поэзия кештерін өткізіп тұруды межелеген. Бір айда екі не үш мәрте Қызылорда қаласында өтіп келген поэзия кештері қарт Қаратаудың етегінде де ұйымдастырылды. Жастар осы игі үрдісті тоқтатпай, Қазалы ауданының орталығында қайта бас қосты. Өзге де аудандарды өнер сапарымен аралап жүр, – дейді Мағжан Ералиев.

Айта кетейік, кітаптың басылып шығуына, өлеңдердің жинақталуына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жастар саясаты және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы, осы оқу орнының пиар-менеджері Талғат Меңдібай, Абылай хан атындағы №140 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Жақсылық, «Ұстаз мәртебесі» газетінің жауапты хатшысы, ақын Айдар Сайлауов еңбек сіңірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<