Жақында «Сыр сүлейлері шығармаларының ұлттық, тәлім-тәрбиелік тағылымы» атты ғылыми-танымдық кітабы Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарық көрді. Бұл кітап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы мен университет профессоры, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Рабиға Игенбаеваның авторлығымен оқырманға жол тартты.
Ғылыми еңбек ҚМУ жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтында дайындалған. Баспаға осы институттың ғылыми-әдістемелік кеңесінің шешімімен ұсынылған болатын. Осы кезге дейін Бағдат Кәрібозұлының жетекшілігімен Сыр елі әдебиетінің інжу-маржандарының 200 томдығы – «Сырдария кітапханасы» шығарылған болатын.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі аралығында бұл өңірде жүзден аса ақын, жыраулар, сүлейлер өмір сүрген. Сыр сүлейлерінің шығармашылығындағы тәлімдік-тәрбиелік мәні орасан зор көркем туындылары, өзекті және гуманистік мәселелерді көтеретін жырлары, адамгершілік, адалдыққа насихаттайтын нақылдары, ұрпаққа мирас етіп қалдырған ғибраттары, өсиеттері үздіксіз зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Сыр сүлейлері шығармашылығындағы ұлтжандылық идеялары өмірді, адамды сүюден бастау алып, жастардың еңбексүйгіштік дағдыларын қалыптастыруға, адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттауға, сана-сезімді жетілдіріп, ұлттық рухты көтеруге бағытталған.
Жалпы, біз әңгіме етіп отырған еңбекте Сыр сүлейлерінің педагогикалық ой-пікірлері, тәрбиелік тағылымы арнайы зерттеліп, ғылыми педагогикалық тұрғыдан зерделенген. Әлемдік, бұрынғы кеңестік кезеңдегі педагогикалық ой-пікірлер, ұстанымдар мен тұжырымдар Сыр сүлейлерінің шығармаларында салыстырмалы түрде зерттеліп, оның ұлттық, дүниетанымдық ерекшеліктеріне мән берілген. Авторлар ұлттық педагогиканың негізін, қалыптасу жолдары мен даму арналарын Сыр сүлейлерінің шығармалары арқылы дәлелдеуге тырысқан. Кітап көпшілік оқырманға, сүлейлер шығармаларын зерттеуші студенттер мен магистранттарға, докторанттар мен оқытушыларға арналған.
Ғылыми-танымдық кітап ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруы негізінде «Cыр сүлейлері шығармаларының тәлім-тәрбиелік, дүниетанымдық және ұлттық сипаттарының «Мәңгілік Ел» рухында жырлануы» атты ғылыми жобасы аясында дайындалды. Сонымен қатар, жоба аясында Б.Кәрібозұлы мен Б.Апеновтің «Сыр сүлейлері шығармаларындағы ұлттық дүниетаным сипаты» атты ғылыми-танымдық кітабы да оқырмандар қолына тиді.
Алдағы уақытта да осы бағыттағы ғылыми-танымдық кітаптар мен Сыр сүлейлері шығармаларының дүниетанымдық, тәлім-тәрбиелік және ұлттық сипаттарын ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттейтін монография жарық көрмек.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<