Бүгінде өңірде 95 спорт түрі бойынша 316 100 мың адам тұрақты дене шынықтырумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Тиісінше, жыл басынан бері облыста 920 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 106 750 адам қатыстырылған. Бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күніне орай облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов Сыр спортындағы жағымды жаңалықтарын БАҚ өкілдеріне баяндады.
– Бүгінде Сыр спорты серпінді дамып келеді. Мәселен, біздің спортшыларымыз ҚР чемпионаты мен кубоктарынан 732 медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 32 медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан барлығы 552 спортшы енгізілген. Осы жетістіктерімізді одан әрі жетілдіру аса маңызды. Сондықтан да жыл басынан бері 4 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 4 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 48 ҚР спорт шебері, 598 ҚР спорт шеберлігіне кандидат спортшы дайындалды. Ендігі кезекте, тамыз айының үшінші жексенбісі – спорт күні орай өңірімізде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Нағи Ильясов спорт кешенінде Қызылорда облысының 85 жылдығы мен ҚР спорт күніне орай спорт мектептері басшыларының арасында үстел теннисінен облыстық турнир өтті. Сонымен қатар, 18 тамыз күні велошеру өтеді. Бұл шараға кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Ал ең басты мерекелік кеш Президент саябағында өтіп, соңы концерттік бағдарламаға ұласады, – деді басқарма басшысының орынбасары Жігер Ондасынұлы.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<