Сыр спортындағы СЕРПІН

400

0

Жан мен тәннің сергек әрі ширақ болуы үшін спортты өміріңіздің мәніне айналдырғаныңыз жөн. Ауру-сырқау, шаршап-шалдығу жиілеп кетсе, оның емі – еңбек. Тарқатып айтқанда, дененің көп қозғалыста болғаны сан түрлі сырқаттан құтқарады.

Жақында Қызылорда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Жаманқұловпен тілдесудің сәті түсті. Ол бөлімнің 2018 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Қызылордалықтардың спортпен қамтылу көрсеткіші бұрынғыдан жоғарылаған.

Бұқаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу – үлкен спортқа алғашқы баспалдақ және зиянды әдеттерден аулақ болып, қоғамдық тәртіпті бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың тиімді құралының бірі. Қазір Қызылорда қаласында спортпен шұғылданушылар саны­ның өсу үрдісі осы кеселдердің жолын кес­пек.

Бөлім басшысы бұқаралық спорттық іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес биылғы 5 айда 58 спорттық іс-шара өткізілгенін атап өтті. Облыстық біріншіліктер алдында 8 оқу-жаттығу жиыны өткізіліп, түрлі деңгейдегі облыстық жарыстар ұйымдастырылды. Қазір қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен облыстық футбол федерациясы қала тұрғындары арасында шағын футбол лигасын ұйымдастырып келеді. Лигада жалпы 40 команда қатысуда. Алдағы уақытта жазғы және қысқы маусымдар жүйелі түрде өткізілмек.

Жұрт көңілінен шыққан шараның тағы бірі –тұрғындар арасында қоғамдық бірлестіктер, жас­тар ресурстық орталықтары ұйымдастыруы­мен өтетін қайырымдылық марафоны мен веложарыстар. Күзге дейін екі апта веломарафон, екі апта жүгіру жарыстары дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ. Жалқаулықтан жаны ада жандар осылайша өз өмірлерін ұзартуға бір қадам болса да қарекет қылуда. Бұл – спорт деген өнердің жетістігі.

Елге ортақ игілік

Бұқаралық спортты дамытудың алғы шарт­тарының бірі – ол спорттық ғимарат­тар­дың қолжетімділігі. Қызылорда қаласында тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына арналған 610 спорттық нысан бар. Оның ішінде: 3 стадион, 7 спорттық кешен, 108 спорт зал, 6 бассейн, 1 хоккей корты, 2 ату тирі, 8 теннис корты, 85 қосымша салынған және лайықтандырылған ғимараттар, 388 қарапайым спорт алаңы, 1 жеңілатлетикалық манеж ел игілігіне қызмет жасап тұр.

Балалар мен оқушыларды спортқа баулу үшін былтыр жеке кәсіпкер қаражатымен «Арай» мөлтек ауданында футбол манежі пайдалануға берілген. Сонымен қатар, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі демеушілер тарта отырып, қаланың және Тасбөгет кентінің орталық алаңдарына, М.Ералиева атындағы мәдениет үйі мен «Мерей» шағын ауданы №16 үйдің алдына стрит-воркаут алаңдары салынды. Мұндай алаңқайлар кез келген тұрғын үшін ыңғайлы. Бұдан әрі бұқаралық спортты дамыту және спорт алаңдарын көбейту мақсатында бюджеттен 80 млн теңге бөлініп, қаланың шағын аудандарында 20 алаң салынған. Бұл бұқаралық спорттың кең етек жаюына оң ықпал жасап отыр.

«Қайнар» спорт клубы қоғамдық бірлестігі қалада және қалаға қарасты 9 елді мекенде тұрғындар мен жастар арасында сауықтыру, дене шынықтыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Евразия», «Мұз айдыны» спорт кешендерінде және М.Ералиева атындағы мә­дениет үйінің спорт залында бекітілген кестеге сәйкес 320 қала тұрғынына жыл соңына дейін күнделікті тегін спорт түрлерімен шұғылдануын қамтамасыз етіп келеді.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық, Қызылорда қаласында Бейбарыс Сұлтан көшесі №198 мекен-жайда «Қайнар-Бұлақ» спорттық-сауықтыру орталығы ашылды. Аталған спорт кешенінде спорттың 15 түрінен жаттығу жүргізіледі. Оның игілігін қала тұрғындары көріп келеді. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептер желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру бағытында мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында осы жылы Қы­зылорда қаласы «Мерей» шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға беру жобасы іске қосылып, жоба аясында 1200-ге тарта баланы спортпен қамту жүзеге асырылған. Қалада спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып, алдағы уақытта көптеген спорт нысандарын ел игілігіне беру өз жалғасын таба бермек. Халық барды бар деп бағалайды. Ендігі кезекте қыстық ойындарға арналған нысандар көптеп салынса деген бұйымтай да бар. Себебі, осы бағытта өзге облыс қатарынан қалып қоймауымыз қажет.

«Қажымұқанның»

қарқыны

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне тікелей бағыныстағы «Қажымұқан» спорт клубында бұқа­ралық спортты дамытып, жастар­ды ұлттық спортқа тарту мақса­тында әртүрлі үйірмелер ашылып, қа­зіргі таңда мыңға жуық тұрғын шұғыл­дануда.

Қалада ұлттық спорт түрлерін дамыту үрдісі байқалады. Соның дәлелі жастар арасында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Қызылорда қаласы әкімінің жүлдесі үшін Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы қазақ күре­сінен дәстүрлі республикалық ашық турнир 6-шы рет өткізілді. Бұл турнирге еліміздің бүкіл өңірінен және аудандардан 180 спортшы келіп қатысты. Турнирдің жеңімпаз жүлдегерлері қазақ күре­сінен Ұлттық құрама сапына кіру мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ, 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай ипподромда ұлттық спорт­тың 4 түрінен (бәйге, теңге ілу, көкпар, жамбы ату) жарыстар өткізілді. Жеңім­паздар автокөлік кілтін иемденді.

Осындай шаралардың жалғасы Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаев атындағы жүлде үшін VI Халық спорты ойындары аясында өткізіледі. Аталған спартакиадада 13 спорт түрінен спортшылар бақ сынайды. Қазіргі кезде жарысқа қызу дайындық жүруде. Сайысқа қаладан барлығы 164 спортшы қатысады. Осылайша ұлттық спортқа деген бетбұрыс дәстүрімізді дәріптеп, өткенімізді жаңғыртуға қызмет жасайды.

Жеңіс –

жетістіктер жемісі

Қай салада да нәтиже басты орында. Спорт­шылардың нәтижесі ол – жеңіс. 2018 жылы облысымыздың басты жетістіктерінің бірі Пхёнчхан қаласында (Оңтүстік Корея) өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына Қызылорда облысынан мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева қатысты. Бұл мүмкіндікті спортшы 2017 жылғы 29 наурызда Хельсинкиде (Финляндия) өткен Әлем чемпионатында (қысқа және еркін бағдарлама қорытындысы бойынша 191,99 ұпаймен 8 орын) иеленген еді. Элизабет Тұрсынбаева қыздар арасындағы жекелей сырғанау бойынша Қазақстан спортының тарихында алғаш рет екі жолдаманы жеңіп алды.

Ал, Назерке Нұрғали Албанияның Дюррес қаласында өткен шахматтан 15 жасқа дейінгі оқушылар арасындағы Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Назерке швейцар жүйесі бойынша классика түрінен 9 турдан 8 ұпай жинап, жеңімпаз тұғырынан көрінді. Албанияда оқушылар арасындағы Әлем чемпионатына 40 елден 420 спортшы жүлделерді сарапқа салды.

Қала спортшылары спорттың барлық түрле­рінен жетістіктен кенде емес екені қуан­тады. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткізілген жастар арасындағы Әлем чемпионатында «Қажымұқан Мұңайтпасұлы» атындағы спорт клубының спортшысы Ғани Әділсерік І орынды жеңіп алды және Астанада өткен грепплингтен Азия чемпионатында осы клубтың өрендері Руслан Мұстафа Азия чемпионы атанса, Диана Сәдуақасова күміс жүлдені иеленді.   

Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласында өткен Азия кубогында қызылордалық споршылар 3 жүлдені қоржынға салды. Ерлер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде Нұрдәулет Аманқосов күміс жүлде, қыздар арасында 52 келі салмақ дәрежесінде Анель Мұхан және 40 келі салмақ дәрежесінде Құндыз Жылқыбай қола медальді тағынды. Бұл жетістіктермен тоқталып қалмай, қала спортшылары жоғары жетістікке жетуін жалғастыруда. Атап айтсақ, биыл Жапония мемлекеті Окинава қаласында каратэдодан өткен Азия чемпионатында жерлесіміз, жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Мөлдір Жаңбырбай жеңіске жетті.

Айдар САЙЛАУОВ.

                                       

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<