Сыр тарихы Алматыда айшықталады

5383

0

Қызылорда облысының Алматы қаласындағы өнер күндері аясында Сыр өңірі тарихын баяндайтын 6 бөлімнен тұратын көрме жасақталып, өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт өтеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Өнер орталығында» өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мира Қазбекова өнер күндерінде жоспарланып отырған іс-шаралармен таныстырды.

Алматылықтар назарына ұсынылатын көрменің бірінші этнографиялық бөліміне ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт мұрасы, Сыр бойындағы қазақтар пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар,  оның ішінде музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы орналастырылады. Сонымен қатар, Бұқарбай батыр Естекбайұлы, Қалмұхаммед ишан Маралұлы, Ер Сейітпенбет әулие, Сердалы би Бекшораұлы, Құлболды ишан Сұлтанұлы  пайдаланған жәдігерлер, белгілі тұлғалардың домбыралар коллекциясы және «Алтын домбыра», жаңғырған жәдігерлер қойылады.

Көрмедегі құнды жәдігердің бірі – «Шірік Рабат сақ жауынгері» реконструкциясы. Атап айтар болсақ, Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан, Апасиак сақтарының астанасы болған ежелгі Шірік Рабат қалашығына 2004-2005 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген экспедицияда Сақ жауынгері мүрдесі табылған болатын. Көрмеге өткен жылы жасалған «Шірік Рабат сақ жауынгері» реконструкциясы және оған тиесілі көне бұйымдар қойылады. Сонымен қатар, облыстық музей қорындағы Шірік Рабат, Бәбіш мола қалашығынан табылған алтын жапсырмалар коллекциясы, қыш ыдыстар топтамасы сынды сақ дәуірі артефактілері орналастырылады.

 Алтын Орданың төрі болған ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы және оған тиесілі маржан көзді алтын сырғалар, көгілдір ақық көзді цилиндр формасындағы тұмар, тамшы формасындағы түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллекциясы да көрменің мазмұнын аша түсері анық.

 Тағы бір құнды жәдігер – «Түгіскен көсемі» реконструкциясы және Оңтүстік Түгіскен ескерткішіне жататын музей қорындағы қыш бұйымдар, біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықта өмір сүрген «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциясы және Жетіасар мәдениетіне жататын музей қорындағы археологиялық материалдар көрмеге қойылады. Бұдан бөлек, көрмеге оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығынан табылған қыш дастарқан, саптыаяқтар коллекциясы, қыш қазандық, керамикалық ыдыстар, ортағасырлық Қышқала қалашығынан табылған глазурлі қаптамалар апарылады.

– Алматыда өтетін өнер күндеріне дайындық жүйелі жүргізілуде. Алматылықтар ең алдымен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмемен танысады. Көрмеге аймақтың жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылады. Әсіресе, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, жаңғыртудан өткен «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» мүсіндері көпшілікке ұсынылады. Әншілердің де репертуары толық өзгерді. Жаңа бағдарламамен Алматыға жол тартпақпыз. Облыс әкімінің қолдауымен артистерімізге жаңа костюмдер әзірленді. Гала-концертте Алматыдағы жерлестеріміз де бой көрсетеді. Сондай-ақ терме бағыты бойынша білім алып жатқан қызылордалық студенттерге де жыршы-жырауларымыздың шеберлік сағаты өткізіледі деп жоспарлануда, – деді Мира Жомартқызы.

«Сұлу Сырдан – ару Алматыға» атты өнер шеберлерінің гала-концерті 21 қырүйекте Республика сарайында өтеді. Концерттің ашылуында жерлесіміз, ҚР Еңбек сіңірген артисі Ғани Құлжанов, театр артисі Нұрдәулет Баймахан туған жер тақырыбында монолог оқиды. Оның аясында хор орындалып, қобызшылар ансамблі өнер көрсетеді. Сондай-ақ бейнебаян арқылы Сыр елінің табиғат көрінісі, шаһардың бүгінгі жаңарған келбеті айшықталады. Сыр елінен шыққан өнер майталмандары Т.Жүргенов, Р.Бағланова, Ә.Нұрпейісов, Қ.Қожықов, Н.Бекежанов, С.Майқанова, К.Дүйсекеев, М.Ералиева, Б.Шөкеновтің жарқын бейнелері жұрт жадында жаңғырып өтеді.

Дәстүрлі өнер шеруінде Тұрмағамбеттің «Тәлім», Нұртуғанның «Жырауларға өсиет», Нартайдың бастауын, З.Дәулетбаевтың «Сыр сүлейлерін», Сәрсенбай жыраудың термесін, «Ақын арнауын» Руслан Ахметов, Шолпан Биімбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов сынды жыраулар орындаса, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов Сыр халқының арнауын жолдайды. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Томирис» би ансамблі өнер көрсетеді.

Оркестрдің сүйемелдеуімен Сырдың белгілі күйшісі М.Сыдықовтың «Батыр баба» күйі орындалып, бейнежазба арқылы Сыр батырлары жайлы коллаж ұсынылады. Әншілер халық әндерінен топтама орындайды.

«Мәңгілік мұра» этномузыкалық композициясы, қобызда Марат Сүгірбай, домбырада Бейсенбек Төлеубай, клавиште композитор-пианист Сәтжан Шәменов, қосымша арнаулы аспапта Руслан Бурабай өнер көрсетеді. 

Камералық, симфониялық, эстрадалық жанр бойынша шетелдік музыка туындыларынан бірнеше ән орындалады. Ел жүрегінен орын алған ерекше өнер иесі Б.Шөкеновтің репертуарынан Қ.Шілдебаевтың әні «Сағым дүние», Д.Сүлеевтің әні «Алматы түні», Ж.Сейдоллаұлының «Алматым – алтын бесігім» әндері шырқалып, гала-концерт жерлесіміз, ақын, композитор Е.Әбдіхалықованың «Қазақ елі» әнімен қорытындыланады.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына және Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға алматылық ақын-жазушылар, Сыр өңірінен арнайы барған қаламгерлер, зиялы қауым және кітапханашылар қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов кезінде астана болған Қызылорданың қазақтың рухани өміріндегі, мәдени ошақтар мен шығармашылық ұйымдардың құрылып қалыптасуындағы бірегей ролін атап өтіп, осындай рухани маңызды іс-шаралар арқылы аймақтар арасындағы әдеби, мәдени байланыстың арта түсетінін айтты. Ал жиынға қатысқан Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Дулат Исабеков өз сөзін қазіргі әдебиет дамуының өзекті проблемаларына, соның ішінде қазақ әдебиетін әлем жұртшылығына таныстыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Конференция аясында көпшілікке «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Сыр елі» атты кітап және архив құжаттарының көрмесі, белгілі фототілші С.Пернебаевтың архив қорындағы қаламгерлер образдары бейнеленген фотокөрме таныстырылды.

Бұдан бөлек, жуырда елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қызылорда облысының «Сұлу Сырдан сазды сәлем!» атты этно концерті өтті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<