Сыр ұстаздары көш бастады

2333

0

Ұрпақ ұстазға қарап бой түзейді. Тіпті оның креативтілігі мен жан-жақтылығынан бөлек, киім киюі, жүріс-тұрысымен үлгі болуы да маңызды. Оқушыға тек сабақ беріп қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға баулитын да педагог. Күзгі демалыстың кезін тиімді пайдалана білген республика мұғалімдері біздің облыста бас қосып, бесінші республикалық спартакиадада бақ сынады. Білім қызметкерлері арасындағы қарым-қатынасты нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру, ең бастысы мұғалім мәртебесін көтеру мақсатындағы дәстүрлі жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 921 адам қатысты.

Сыр ұстаздарынан жасақталған команда биыл да көш басынан көрініп, екінші жыл қатарынан мықтылықтарын байқатты. Бес күнге созылған спартакиаданың қорытындысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Ұстаздар 7 спорт түрінен  ойын көрсетті. Биылғы жарыстың ерекшелігі – ұлттық ойындардың көбірек орын алуында. Оның ішінде тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық ойындары бар.

Брифинг барысында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының бас маманы Асан Бітімбай бұл ұйымның 100 жылдық белесті бағындырып отырғанын айтты.

– Өткен ғасырдың 20-жылдарында құрылған салалық кәсіподақ – еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйым. Құрамында 600 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі бар 21 облыстық кәсіподақ комитетін біріктіреді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігімен әлеуметтік әріптестік туралы келісімге қол қойған. Осы келісім аясында қызметкерлердің құқықтарын қорғау, мүдделерін білдіру, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту, сауықтыру бойынша жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамытуға үлкен назар аударады. Осыған байланысты салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен» бірлесіп, орта білім беру ұйымдары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында республикалық спартакиада өткізуді қолға алды.

Спартакиада жалпы 3 кезеңнен тұрады: аудандық/қалалық; облыстық, республикалық кезең. Бірінші және екінші кезеңде білім бөлімі және білім басқармаларымен бірлесіп ұйымдастырылады. Спартакиада қатаң түрде бекітілген ережеге сәйкес өткізіледі. Арнайы мандаттық комиссия құрылып, барлық қатысушының ұсынған құжаттары толығымен тексеріледі. Егер ережеде көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда сол спорт түрінен команда жарысқа жіберілмейді және кейінгі 2 жыл жарысқа қатыстырылмайды, сонымен қатар өңірдегі уәкілетті органға тиісті тәртіптік қызмет хаттары жолданады. Спартакиаданың өткізілуіне өңірлердегі облыстық кәсіподақ комитеттері де белсенді атсалысқанын атап өткен жөн, – деді ол.

Алғаш рет Астана қаласы, одан кейін Түркістан, Жамбыл, Абай облыстарында өткізілген. Жыл сайын ұйымдастырылатын әр спартакиадаға 600-700 адам қатысса, биыл 900-ден астам білім қызметкері ынта білдірген.

Брифинг барысында облыстық білім басқармасы тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархат Досаев биылғы сайыстың ерекшелігіне тоқталды.

– Кейінгі кезде ұлттық ойындар сабақ барысына енгізілуде. Сондықтан ұстаздардың да дайындығы мықты болуы керек деп, үш ұлттық ойын түрін жарысқа қостық. Ол алдағы уақытта да жалғасын табады. Жарыс барысында арнайы жиын өтті. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері бар. Олар тек облыстық кезеңмен тоқтап қалды. Осы сайысқа қосу үшін мұны да республикалық деңгейде дамытсақ деген ойымыз бар. Аймақ басшысының қолдауымен «Сыр лигасы» жобасы қарқынды жүруде. Бұл – балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға үлкен мүмкіндік. Оның қорытындысы желтоқсан айында белгілі болады, – деді Ф.Досаев.

Республикалық спартакиадада Сыр ұстаздары бес асық және тоғызқұмалақ ойындарында және ерлер арасындағы волейболдан І орынға ие болса, асық атуда ІІ, үстел теннисінде ІІІ орынды олжалады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<