Мәлікаждар Айкөпеш Қармақшы ауданы Қызылтам ауылдық кеңесінде 1932 жылы дүниеге келген. Сол ауылда білім алып, 1947-1949 жылдары Қызылорда педагогикалық училищесін оқып, бітірді.
1954 жылы облыс орталығындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін үздік дипломмен тәмамдаған. 1958-1971 жылдары – облыстық жоспарлау комиссиясы аппаратында, 1971-1975 жылдары – Қызылорда облыстық партия комитетінде, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында басқарма бастығының жоспарлау-экономика жөніндегі орынбасары, 1979-1991 жылдары – облыстық еңбек нормативтік зерттеу стансасының директоры, 1991-1999 жылдар аралығында агроөнеркәсіп облыстық басқармасында бөлім бастығы қызметтерін атқарды.
М.Айкөпеш шаруашылықтың қай саласында болмасын, бар ынта-жігері мен білімін аямай еңбек етіп, халық шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қоса білді. Мамандығына сай Мәскеудегі екі жылдық экономикалық курсты бітірді. Жоспарлау комиссиясында қызмет атқарған кезеңде 5-7 жылдық жоспарлардың авторы, облыс ауыл шаруашылығының 20 жылдық жоспарын жасауға белсенді қатысушы болып және оны республикалық мемлекеттік жоспарлау комитетінде қорғаған. 1970-1980 жылдары шаруашылықты мердігерлік әдіске, нарядсыз жұмыс істеуге көшіру кезінде белсенді жұмыс атқарды. Мердігерлік әдісті ендіру үшін ұжымшар және кеңшараралық семинарлар ұйымдастырды. Тереңөзек кеңшарында «Мердігерлік әдісті ендіру шаралары» атты шағын кітаптың авторы. Ол шаруашылықтарда атқарылатын жұмыстардың технологиялық картасын нарядсыз жасау тәжірибесін ұжымшар, кеңшар экономистеріне түсіндіруде елеулі жұмыс жасады. Осындай жаңа әдістерді қорыта келіп, облыстық экономикалық конференция ұйымдастырды. Конференциядан жинақталған материалдарды қорытып, «Облыс экономикасының жағдайы және келешекте күттірмейтін мәселелер» деген кітап шығарды.
Оның аймақ экономикасын дамытуға қосқан еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «В.Лениннің туғанына 100 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жұмыс істегені үшін», Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 50, 60 жыл және «Тың игерудің 50 жылдығы» медальдарымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы», Халық шаруашылығы көрмесінің күміс және қола медальдарымен марапатталған.
Ол зейнетке шыққаннан кейін де қоғаммен байланысын үзген жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында 2006 жылға дейін ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Мәлікаждар аға 2013 жылы 81 жасында дүниеден озды.
Кезінде бірге қызметтес болған ағаның еңбегі ескеріліп, облыстың дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамына қандай құрмет көрсетілсе де, артық емес деп ойлаймыз. Қызылорда қаласындағы бір көшеге Мәлікаждар Айкөпештің есімі берілсе, есте қалар шаралардың бірі болар еді.
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<