Сырдағы саятшылық сайысы

1979

0

Қазақ халқында аңшылық, саятшылық дейтін өнер бар. Ілкі заманнан келе жатқан ұлттық құндылық бүгінде әр жерде жанданып келеді. Әрине, екінің біріне дари бермейтін тазы ерту, құс баулу сияқты өнерді ұстаған азаматтар құрметке қашанда лайық. Жүгіртер иті мен ұшырар қыран құсының мінез-құлқы мен қасиетін жетік білетін нағыз саятшылар, құсбегілер ортамызда жетерлік. Өткен аптада бұрынғы бабалардан қалған қасиетті құндылықты дәріптеушілер Сыр бойына да келді.

Өткен апта соңында, яғни, 16-20 ақпан күндері Жаңақорған ауданында ұлттық спорт түрі – саятшылықтан республикалық чемпионат өтті. Қыран құстың түр-түрін баулыған құсбегілер сайысы жоғары деңгейде өтті десек, қателеспеспіз. Ересектер арасындағы XV чемпионатқа еліміздің 2 қаласы мен 10 облысынан 70 құс және 90 саятшы қатысты. Аңға салар құстардың қатарынан ителгі, бүркіт, қаршыға тұқымдарын байқадық.

Оған дейін өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг берген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұлов ұлттық спорттың осы түрінен сайыс Қызылорда облысында алғаш ұйымдастырылып отырғанын айтқан еді.

– Қазақ  халқының  саятшылық өнері – қызықты әрі қасиетті өнер. Жеті қазынаның бірі – ит пен құстың мінез-құлқы мен қасиетін жетік білетін нағыз саятшылар мен құсбегілердің жарысы тартысқа толы болмақ. Ұлттық спорттың дамуына атсалысып жүрген ардагер саятшы Әбдікәрім Түсей мен Алматы облысының ардагер саятшысы, ұлттық спорттың жанашыры Шаймардан Әден жарыстың құрметті қонағы болады, – деген еді басқарма басшысы.

Сондай-ақ баспасөз конференциясына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы мен ҚР Қыран федерациясының президенті, ҚР құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы саятшылық өнер туралы баяндап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Республиканың барлық облысындағы ұлттық спорт мектептерінің жанында құсбегілікке баулу сабақтары да жүреді. 1980 жылдары 10-15 ақсақал ғана осы кәсіппен айналысыпты. Оның ең үлкені 85 жаста, ең жасы 60-тан асқан болатын. Ал қазір 200-ге жуық құсбегі бар. Сондай-ақ ол кезде бүркітті ғана баулыған болса, бүгінде қаршыға, ителгі, лашын, бидайық сияқты құстарды қолға үйрету көбейген, – дейді Бағдатхан Мүптекеқызы.

Оның айтуынша, ұлттық спорт түрлеріне қызығушы жастар көбейген. Әсіресе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында мектеп жанындағы құсбегілік бөлімнің жастармен жұмыс істеуі өте жақсы. Жуырда ғана Павлодарда өткен сайысқа қатысушы құсбегі-саятшылардың қатарында жас жігіттер көп болыпты.

– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде бұл чемпионат алғаш рет өтіп отыр. Бұған қуаныштымыз. Мойындау керек, ұлттық спортта ат бәйгесі, жамбы ату, көкпар сияқты түрлері алға шығып кетті. Сондықтан осы саятшылық, оның ішінде құсбегілік өнердің қасиетін жас буынға насихаттау үшін осындай ауқымды шаралар жиі ұйымдастыруымыз керек, – деді Б.Мүптекеқызы.

Апта соңында мәресіне жеткен чемпионатта жеңімпаз құсбегілер анықталды. Республикалық сайыста Түркістан облысынан келген Сейдулла Паңның қаршығасы алға шықса, ителгі баулыған маңғыстаулық Айшуақ Тайманов бірінші жүлдеге ие болды. Ал бүркітшілер сайысында Атырау облысының құсбегісі Ақберен Құрманалиевтің қыраны бас жүлдені жеңіп алды.

Облыс әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ, Жаңақорған ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен чемпионатта екінші және үшінші орын иеленген құсбегілер де марапаттан құр қалған жоқ.  Жүлдегерлерге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спортты дамыту дирекциясы әзірлеген диплом, медальдар тапсырылып, демеушілер тарапынан қаржылай сыйлық та берілді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<