Сырдария өзенінде кеме жүрген

2343

0

«Қызылорда» дегенде «Сыр бойы» тіркесі еріксіз ойыңа орала кетеді. Сыр бойын мекендеген халық әрине өзен суын жағалап тіршілік еткен. Сыр өңірін бойлай ағатын өзен де сәйкесінше «Сырдария» аталады. Қазіргі кезде «Сырдария» аталатын өзеннің ежелгі атаулары сізді ойландырды ма? Ал, мені қызықтырғаны рас! Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде экскурсия тыңдап жүріп, музей қызметкері Әйгерім Сейітбекқызының туған өлкемізді бойлай ағатын өзен туралы айтқан қызықты мәліметтері толғандырмай қоймады.

Сырдария аумағын мекендеген сақтар өзеннің төменгі ағысын және Арал өңірін Силис деп атаған, ал Сырдарияның ортаңғы ағысын Яксарт деген. Таң қалатыны, «Яксарт» сөзі әр тілде әр түрлі мағына береді. Қытай тілінде «Нағыз інжу өзен», моңғол тілінде «Үлкен өзен», көне иран және түрік тілінде «Інжу өзен», парсы тілінде «Суық өзен» деген мағынаға ие болған. Қызық, ия?!

Сырдария өзенінің көне атаулары қатарында «Танаис» деген атау да кездесіп жатады. Сыр бойы ескерткіштерін зерттеген Т.Қоңыратбаев Геродот деректерінде кездесетін Танаис өзенін қазіргі Сырдария өзені деп топшылайды. Т.Қоңыратбаев «Ертедегі ескерткіштер» еңбегінде атақты Ескендір Зұлқарнайын, яғни Александр Македонский өз жорықтарында Танаис өзенін кездестіргені туралы дерек бар. Ал, мына қызыққа қараңыз, көне дәуірдегі зороастризм діні кітабы «Авестада» Сырдария өзенінің атауы «Канха» деп жазылған. Осы «Канха» атауын кей ғалымдар қаңлылармен байланыстырады. Көне иран тілінде «Канга» сөзі «арықтар» дегенді білдіреді. Дегенмен, «Канха» сөзі арықтардан гөрі Сыр бойын мекен еткен қаңлылармен тікелей байланысты болғанға ұқсайды.

Ортағасырларда Сырдарияның атауы «Сейхун» деп аталған. Ортағасырлық әдеби шығарма – Бабырнамада Сырдария «Сейхун» деп берілген. Ортағасырлық құнды мәліметтерде Сырдария атауын «Сейхун» атап, «қыс айларында өзеннен керуен өте алатындай мұз қатады» делінген. «Сейхун» мен «Жейхун» – жұмақтағы төрт өзеннің екеуі. Сейхун – Сырдария болса, Жейхун – Әмудария. Ортағасырлық ислам жазбаларында өзен жұмақ өзендерінің атауын иеленген. Монғолдар Гүлзариян, ал түріктер Сырдария немесе Сырсу деп атаған деген дерек те жоқ емес. Түріктерден қалған атау көнерместен қазірге дейін жетіп отыр.

Сырдарияның көне атаулары өзеннің алқабында өмір сүрген халықтардың ықпалымен әр кезде өзгеріп отырған. Ал, біз туған қаламызды бойлай ағатын Сырдария өзені өз дәуірлерінде Силис, Яксарт, Танаис, Канха, Сейхун, Гүлзариян аталғанын білдік.

Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзендердің бірі. Сырдарияда кеме жүрген. Ғажап, ия?! Сырдарияның Арал теңізіне құяр тұсындағы суы мол жерінде кемелер ерсілі-қарсылы жүрген. Көзге елестету мүмкін емес. Дегенмен, тарихи деректер солай сөйлейді. Тянь-Шань тауынан бастау алатын өзен Арал теңізіне барып құяды. Сол аралықты өзен суы ұлғайып барып, Арал суымен қабысып жатса керек. Кемелердің де сол екі ортада су қатынас жолын құрағандығын дәлелдейді. Араб саяхатшыларының жазбаларында да Сырдарияда кемемен жүзуге болады делінген. «Қыс айларында өзеннің бетіне мұз қатады, со себепті өзеннің үстінен арбалар жүре беретін», – дейді араб жазбалары.

Дария суының Сыр аталуы да бекер емес. Небір қиын-қыстау замандарда қазаққа ғана емес, басқа ұлт өкілдеріне де пана болған, ана болған Сыр өзені емес пе?! Сырдың Алаштың анасы атануы да сондықтан! Сырдарияның ішіне бүккен сыры мол. Сыр бойын жағалап, Сырдариямен сырлассаңыз, өзен сіздің сырыңызды ұғар, мұңыңызды шағар, жаныңызға жолдас болар!

Махаббат ЕРТУҒАН, №282 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<