Сырдария ауданындағы «Ақжарма және К» шаруа қожалығы диқандары егінге орақ салып, Сыр салысын шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісті. Егінге орақ салу рәсіміне аудан әкімі Руслан Рүстемов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ержан Әжікенов, ауыл ақсақалдары, шаруашылық төрағалары мен еңбеккерлер қатысты.
Алғашқы орақ салу шарасында аудан басшысы сөз сөйлеп, науқандық жұмысты бастаған ақжармалықтарға құттықтау лебізін жеткізді.
– Сыр күріші дегенде алдымен даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевты айтамыз. Егін егуде рекордтық көрсеткішке жеткен дала кемеңгері «Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге – нәсіп» деген екен. Сол айтқандай, егінжай ерлері ала жаздай Сыр дақылының бап-күтімін жасады. Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтей жерлестерін мақтан тұтатын сырдариялық диқандар ырзық-несібесін жерден іздеп, алтын күзге ерекше мереймен жетіп отыр. Негізі әлемде күріш дақылы ғана судың ішінде тұрып өседі екен. Біз оны «Күміс күріш», «Сыр сұлуы» деп ерекше атаймыз. Ауданда Сыр күрішін егетін ірі шаруашылықтар жұмысы жолға қойылып, шаруасы шираған. Солардың қатарындағы «Ақжарма және К» фермер қожалығы жыл сайын қамбаны астыққа толтырып, аудан мерейінің үстем болуына үлес қосуда. Биылғы жылы да шаруашылық диқандары мерей тұғынынан көрінеді деген сенімдеміз. Астықты шашпай-төкпей, ысырапсыз жинап алуға тілекшіміз. Қамба дәнге толсын, – деді аудан әкімі.
Құттықтаудан кейін кұрметті меймандар алғашқы егін орағының лентасын қиып, астықтың мол болуына тілектестік білдірді.
Биылғы жылы «Ақжарма және К» ФҚ 1550 гектар жерге Сыр дақылын орналастырған. Егінді күтіп-баптауға шаруашылық диқандары ала жаздай еңбектеніп, маңдай терлерін төкті. Олар күріштікті уақытылы суарып, тыңайтқыштарын беріп, күндіз-түні егінжайды қадағалады. Жаз бойы күннің аптап ыстықтарына қарамай, бас көтерген күріштің түрлі ауруға ұшырамауына да жауаптылық танытты. Енді күріш піскен шақта бұйырған несібесіне қарай мол өнім алуға ниет етіп, оны ысырапсыз жинап алуға қамданған. Осы жылы шаруашылық құрылымы 99,7 млн теңгеге 13 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Нәтижесінде, техникалар жаңаланып, науқанға сақадай сай дайындықпен кірісіп отыр.
– Биылғы жылы су тапшылығы болады деген соң егістік көлемін қысқартқан жайымыз бар. Егінге су жетіспеушілігін болдырмау мақсатында арнайы насостарды алдырдық. Диқандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде егініміз бітік шығып, науқанды бастағалы тұрмыз. Бүгін №6 өндірістік бригаданың күріш өсірушісі Ермек Иманбаевтың егістік алқабына орақ түсті. Бұл жерге Ресейден жеткізілген «Партнер» күріш сорты егіліп, биыл тәжірибеден өткіздік. Негізі, шаруашылық егін егумен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар негізінде жылқы басын көбейтіп, қымыз өндірісін дамытуды көздеп отырмыз, – деді шаруашылық төрағасы Қайрат Нұрсейітов.
Төрағаның айтуынша, фермер қожалығының жұмысы ілгерілеген сайын ауылдың әлеуетін жақсартуға жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілуде, сондай-ақ шаруашылықта жұмыс істейтін жас мамандарға үй салынып берілуде. Жастарды қолдау шаралары іске асырылуда. Карантан кезеңінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары да шаруашылық есебінен ұйымдастырылған.
Өз кезегінде шаруашылықтың агрономы Ғалымбек Ізтілеуов тәжірибеден өткізілген күріш сортының өнімділігін атап көрсетті.
– Биыл шаруашылықтан 20 гектар жерге «Партнер» тұқымы егілді. Күріш тұқымы 2-3 жыл зерттеліп, Ресейдің Краснодар өлкесінен жеткізілді. Мұның өнімділігі мол көрінеді және суды аз қажет ететін тұқым саналады. Сонымен қатар күріш сабағы өте ұзын болмайды. Жаңа тұқым болған соң аурушаңдыққа төтеп бере алады. Биыл өңірде су тапшылығы сезілген соң осыны тәжірибеден өткізіп, егіп көрдік. Нәтижесі жаман емес. Осыдан жиналған астықты келер жылғы тұқымдыққа сақтап, егістік көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деді шаруашылық агрономы.
Айта кетейік, биылғы жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 33110 гектар жерге ауыл шаруашылғы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, 21126 гектар жерге негізгі дақыл – күріш егілді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<