Сырдариядан мұз кетіп болды

560

0

Облыс аумағындағы Сырдария өзенінің арнасы мұздан толықтай тазарды. Елді мекендерді су басу қауіпі жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев мәлімдеді.

– Сең жүру кезінде облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп өзенге жақын орналасқан елді мекендердегі 72 147 тұрғынға және 262 шаруақожалық иелеріне су басқан жағдайда қауіпсіз аймаққа көшу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде Сырдария өзені толықтай мұздан тазарып, су тасқыны кезеңі аяқталды. Айта кететін жайт, биыл облысқа келетін судың аздығынан мұз жару жұмыстары жүргізілген жоқ,- Саид Шазындаұлы.

– Қазіргі таңда облысқа түсіп жатқан судың көлемі секундына 310 текше метрді құрап отыр. Ал Шардара қоймасында жиналған судың көлемі 5067 миллион және Көксарайда 1631,52 млн. текше метр су бар. Соңғы аптада жауған жауын-шашыннан қосылып жатқан суды есептей отырып, алдағы уақытта егіске қажеттісін кестеге сәйкес жіберу үшін жұмыс істейтін боламыз, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

– Қауіпті учаскелер тікұшақпен әуеге ұшу арқылы тексерілді. Барлық учаскеге бекітілген мамандар жұмыс жасауда. Одан бөлек, су тасқынына қарсы шараларға 117 жеке құрам, 25 техника, 9 жүзу құралы мен 34 мотопомпа дайындыққа келтірілді. Ал биыл облыста Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асатын қорғаныс бөгеттерінің 5 учаскесі жөнделеді. Қазір екеуінде жұмыс басталып кетті ,-деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Усаин Медет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<