СЫРДАРИЯ: Ақжармада спорттық кешен

976

0

СЫРДАРИЯ: Ақжармада спорттық кешен Конституция күніне орай Сырдария ауданы Ақжарма елді мекенінде жаңа 120 орынды спорттық сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, аудан әкімі Ғанибек Қазантаев қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған Руслан Рүстемұлы спорттың бұқа­ралық сипатын дамыту мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Дені сау ұлт әркез бәсекеге қабілетті бола алады. Бұл жайында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында терең мән беріп, бұқаралық спортпен айналысатын қазақстандықтардың үлесін арттыру жөнінде үлкен міндет қойып келеді. Осы орайда дене шынықтыру, бұқаралық спортты дамыту, типтік жобадағы спорттық нысандар салу – негізгі мәселе. Ол үшін елімізде барынша жағдай жасалып, шаралар қабылдануда. Біздің облыста бұл бағытта көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Жыл сайын дене шынықтыру және спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығаюда. Соңғы жылдары облыста 9 спорт кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ, былтыр облыстық бюджеттен 7 елді мекенде спорт кешендерінің құрылысы басталған болатын. Бүгін, міне, Ақжарма ауылында спорт кешені беріліп отыр. Бұл – біздің аймақ экономикасының өркендеп келе жатқандығының дәлелі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан соң волейболдан Сырдария ауданының намысын қорғап жүрген жас спортшы Жанерке Асқарова өз әріптестері атынан ризашылығын білдіріп, Сыр өңірінің абыройын асқақтата беруге уәде етті. Еңбек ардагері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрман Ысқақов атқарушы билік өкілдеріне ауыл халқының атынан шынайы алғысын білдірді.
Айта кету керек, Сырдария ауданында 10630 адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіш тұрғындардың 27,2%-ін құрайды. Ауданда 128 спорт нысаны бар. Жыл басынан бері 137 спорттық шара өтіп, оған 13140 аудан тұрғыны қатысқан.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<