Сырдарияға жыланбалық қайдан келген?

418

0

Сырдарияға жыланбалық қайдан келген? Сырдария өзенінде жыланбалық деген бар. Тұрқы да, түсі де өзгеше оны байырғы балықшылар оншалықты қадірлей бермейтінін байқайтынбыз. Тіпті түрі алашұбар жыланға ұқсайтын осы бір тіршілік иесінің өзенде қашан пайда болғанын тап басып айта алатындар да аз.

Жыртқыш балықтар қатарына жататын жыланбалық өте жансебілдігімен өзге тұқымнан ерекшеленіп тұрады. Қайбір жылы жігіттермен балыққа барып, қармаққа алғаш ілінген осы балықты жағаға лақтыра салғанымыз бар. Ет пісірім уақыттан кейін қайтып келгенімізде жалаңаяқ жүрсең жан шыдатпайтын ыстық құмда олжамыздың әлі жыбырлап жатқанын көріп жағамызды ұстағанбыз. Кейін осы жұмбақтау тіршілік иесі туралы мәлімет іздедік. Мына бір дерек шалқамыздан түсіре жаздады: бұл балықтың кейбір түрі құрғақта 4 тәулікке дейін тіршілік ете береді екен. Судан шығып, жағалаудағы көкке  «жайылып»  келетіндері де кездеседі дейді.

Тез көбейіп, өзге балықтардың тұқымын тұздай құртатын жыланбалыққа біраз ел «бәрекелді» дей қоймайды. Бұл жыртқыш АҚШ-тың Мэриленд, Флорида, Калифорния штаттарында жергілікті ихтиофаунаға зардабы көп деп танылған. Біраз жылдардан бері олардың қатарына Джорджия штаты та қосылды.

Сонымен бұл балық Сырдарияға қайдан және қашан келді? Мына үйден шықпай, оқшауланудың арқасында бұл сұрақтың да жауабын таптық. «Егемен Қазақстан» газетінің былтырғы бір ғасырлық белесіне орай «Жүз жылдық жылнама» атты бестомдық шығарғанын білесіздер. Бас басылымның өкілі ретінде осы құнды жинақ біздің де қолымызға тиген. Талай жылдан бері басты қатырған сауалдың жауабы осы жинақтан табылды. Төртеуін түгесіп, бесінші томын орталай бергенде «Жылан басты балық» деген материалға көзіміз түсті. 1965 жылы 27 наурызда жарияланған мақалада Сыр бойындағы көлдердің бірінде балық аулап жүргендердің торына күтпеген  жерден түсі өзгеше бір балық түскені жазылыпты. Әлгінің қандай тіршілік иесін екендігін су тереңін талай сүзген байырғы балықшылар да, балық түрін зерттеумен айналысатын мамандар да тап басып айта алмапты. Ақыры энцликопедияға қарап, мұның Қиыр Шығыстағы Ханко көлінде тіршілік ететін жылан басты балық екенін анықтапты. Бірақ сол жолы оның Сыр бойына қалай келгені ақыры белгісіз күйде қалса керек.

Көптен жауабын іздеген мәселенің бір ұшы қолымызға іліккесін әрі қарай індете түстік. 1960 жылдың басында Мәскеудегі хайуанаттар бағынан жыланбалықтың жүз шақты шабағы Өзбекстандағы «Қалған Шыршық» балық шаруашылығына жеткізілген деседі. Өсімтал балық аз жылда күрт көбейіп, тоғаннан өзенге «көшіпті». Сырдарияның бойымен Аралға қарай сырғыған жыланбалығыңыз осылайша аз жылда өңірдегі барлық айдынды еркін иеленіп алған көрінеді. Айтпақшы, осыдан 5-6 жыл бұрын  осы жыртқыштың Балқаш көлін де басып бара жатқаны жайлы жергілікті балықшылар дабыл қаққаны да есімізде.

Жылан басты балықтың Сыр бойына келу тарихы жайлы біздің білгеніміз осы болды.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<