Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастамасы бойынша ауылшаруашылық өнімдерін, тұқымдарды, ауыл шаруашылығы техникаларын, тыңайтқыштарды, химиялық заттарды сатып алуға, сатуға немесе айырбастауға және қызметтерді пайдалануға болатын «Агробиржа» интернет-ресурсы құрылған.
Агробиржа жобалық басқару шеңберінде іске қосылды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қызылорда облысындағы бұл тәжірибе барлық өңірлерге ұсынылады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жахановтың айтуынша, көбінесе тауар өндірушілер нарыққа тікелей қол жеткізе алмайды. Өндірілген тауарлардың қайда, кімге және қандай бағада сатылатындығының белгісіздігі тек аймақта ғана емес, республикада да шешілмеген проблемалардың бірі болып табылады.
– Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – делдалдардың көптігі екені ешкімге жасырын емес, сарапшылардың пікірінше, үстеме бағаның 65-85 проценті солардың үлесіне тиеді. Бұл бағаны негізсіз көтеруге алып келеді, ал тауар өндірушілердің өзі аз пайдаға қанағат етеді. Осы мақсатта біз «Агробиржа» ауылшаруашылық өнімдерінің саудасына арналған электронды платформа құрдық. Ол сатылым нарығын кеңейтуге, сатып алушы мен сатушы арасындағы тікелей байланыстарды орнатуға, экспорттық операцияларды арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Бақыт Жаханов.
Естеріңізге салайық, www.agrosauda.kz веб-сайтындағы ақпарат қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ұсынылған. Болашақта оған парсы тілін де қосу жоспарлануда. Өйткені, қызылордалық аграрлар өз өнімдерін экспорттайтын елдердің бірі – Иран.
Қазіргі уақытта интернет-ресурстарын жетілдіру жұмыстары жалғасуда, жақын арада «Агробиржа» мобильді қосымшасы іске қосылады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<