Сырдың балығы – Еуропа нарығында

688

0

Теңізден маржан сүзген жандар бұл күнде өз кәсібін әп-әдемі дөңгелентіп отыр. Сырдың балығы өңірден бөлек республиканың, тіпті Еуропаның бірқатар қалаларына тасымалданып жүр. Шаруашылық аясы кеңіген сайын жергілікті тұрғындардың да тіршілігіне талғажау, бала-шағасына нәпақа болатыны жасырын емес. Сондай берекелі кәсіптің иесі Төребек Игіліков. Ол – аудандық мәслихат депутаты, 100-ге жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған іскер азамат.

– Карантин кезінде зауыт жұмысы тоқтамады. Себебі халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге ешқандай шектеу қойылмады. Баяғы қалыппен күнделікті тірлігімізді жүргіздік. Дегенмен жұмысшылар саны біршама қысқарды. Бірақ бұл шектеудің әсерінен емес. Бір күнде атқарылатын еңбек көлеміне қарай жалақы жазылатын кәсіпте жұмыс ауқымына шыдай алмайтындар да бар. Жаз айларында жұмысшы қолы жетіспей қалып жатады. Көпшілік жеңіл еңбек ету жолын іздейді. Адам жетіспеушілігіне қарамастан, жоспар үдесінен шығып отырдық. Жаңа жобаларды іске қосудамыз, – дейді ол.

Әйтеке би кентіндегі «Балық өңдеу зауыты» жұмысын 2006 жылы бастаған болатын. Сол тұста «Райпотребсоюз» сауда кәсіпорны базасында құрылған еді.

Тұрмыстық үй-жайлар мен зертхана өндірістік кешеннің ішінде орналастырылған. Барлық өндірістік цехтар, тоңазытқыш камералар мен тұрмыстық бөлмелер халықаралық стандарттарға сай жасалған және Еуроодақтың талаптарына сай келеді. Берекелі кәсіпте ілгерілеу байқалып, жаңа ойлар туындайды. Сөйтіп «Көксерке сүбесін қайта өңдеу» зауыты да іске қосылды. Биыл оның халыққа қызмет етіп тұрғанына да бес жыл толады. Құрылысқа және жабдықтарға жұмсалған шығын аз емес. Бүгінде зауыттың қорғалатын арнайы аумағы бар.

Қазіргі кезде көксерке сүбесі Германия, Латвия, Нидерланды және Данияға экспортталады. Мұздатылған көксерке, шортан, ақмарқа жіберіліп тұр.

2012 жылы Балқаш қаласынан 6 дана СМБ-40, жылым қайығы және 60 шағын қайық сатып алынған. Мұнда 60-қа жуық балықшы жұмыспен қамтамасыз етілген және мерзімінде тағы 50-ге жуық жұмысшы балық аулайды.

«Балықшының еңбегі етек-жеңі кепкенше» деген сөз бар. Ықылымнан ырысқа баланған атакәсіпті өшірмей, оны нарық талаптарына бейімдей білген іскер азаматтар қай кезде де елдің жүгін жігерімен көтерері сөзсіз.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<