Сырдың дарынды балалары

617

0

         Елорда төрінде «IQanat-2022» олимпиадасының республикалық слеті өтті. Жалпы білім бәйгесіне еліміздің  түпкір-түпкіріндегі 164 ауданнан 8-сынып бойынша 36 мың бала қатысқан болатын. Нәтижесінде топ жарған 750 оқушы республикалық бәйгеде бақ сынасып, білімдерін көрсетті. Аталған олимпиадаға облыстан 35 оқушы қатысты.

         Тарқатып айтайық,  IQanat олимпиадасы республикалық жоба. Әсіресе ауыл оқушыларына арналған. Мақсаты – ауыл мектептері оқушыларының Қазақстандық және шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына оқуға түсу мүмкіндігіне тең қолжетімділікке ие болуларын қолдау. Сонымен қатар, осы олимпиада арқылы ауыл оқушыларын пәнге деген қызығушылықтарын ояту. «IQanat» қорының басқа да бағдарламалары ауылдан келген мыңдаған балаларға ең жоғары технологиялы мектептердің бірі – IQanat High School of Burabay-ға оқуға түсу мүмкіндігін, озық үлгілі педагогтармен пікірлесудің баға жетпес тәжірибесін сыйлап, көкжиегін кеңейтеді және де жалпы өмір сүру деңгейін арттырып, нәтижесінде ауыл балаларының үздік жоғары оқу орындарына түсуіне жол ашты.   

Сырдың дарынды балалары

         Аймақта «Дарын» облыстық косымша білім беру орталығы Iqanat қорымен арадағы меморандумға сәйкес іріктеу олимпиадасын бірлесе отырып жүргізеді. Кызылорда облысы бойынша координаторы Райкүл Байназарова. Республикалық білім бәйгесінде ешкімге дес бермей дарындылығын байқатқан Қазалы ауданы, №249 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Нұрдәулет Әбсұланов, Қармақшы ауданы №250 мектеп-лицейінің шәкірті Нұртілеу Жаңбырбаев және Сырдария ауданы №129 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Данияр Жұбаныш  Qanat High School of Burabay мектебіне жолдама алды. Тарих пәні бойынша Қазалы ауданы №24 мектептің 8 сынып оқушысы Сақтаған Нұрислам І орын иеленді. Жүлделі ІІ орынды Арал ауданы, №57 мектептің 8 сынып оқушысы Нұралы Нұрасыл жеңіп алды.

         Республикалық «Мағжан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өтіп онда жас дарындар бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды. Мағжан Жұмабаев мұрасын жас ұрпаққа насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға облыстан 3 оқушы қатысты. Сыр елінің жас ақындары «Мағжан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауының Республикалық кезеңінің жеңімпазы атанды.

Сырдың дарынды балалары

«Ақында бір бала ғой айға ұмтылған» ақындар мүшәйрасы номинациясы бойынша Жаңақорған ауданы, №163 мектеп, 10-сынып оқушысы Әсел Маулен I орын иеленді. Ал Арал ауданы, №69 мектеп, 9-сынып оқушысы. Біржан Бахытжанов та жеңімпаздар қатарынан көрінді. Білім мен ғылымға құштар өрендерді жеңісімен құттықтаймыз!

Гүлбану МАҚАЖАН, «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<