Сырдың суы қалыпты

272

0

Сурет ашық дереккөзден

Биыл жауын-шашынның қалыпты түсуі Сырдария өзеніндегі су деңгейіне жақсы әсер етті. «Шардараға» дейінгі су қоймаларында осы кезде 16,3 млрд текше метр су жинақталған. Былтыр 14,6 млрд текше метрді құраған еді.

– Айта кетсек, бүгінде «Шардара» су қоймасында 4,9 млрд текше метр су бар. Өткен жылмен салыстырғанда 903 млн текше метрге артық. Облыс шекарасына дейін секундына 654 текше метр су келуде. Ал «Қызылорда» су торабына дейін каналдар арқылы секундына 363 текше метрден астам су алынуда. Кейінгі жылдары дариядағы судың аз болуына байланысты Кіші Арал теңізіне жиналған су көлемі 27 млрд текше метрден 21,5 млрд текше метрге төмендеді. Осы мақсатта  биыл вегетация кезінде «Қаратерең» су бекеті арқылы теңізге  997 млн текше метр су босату жоспарланып отыр. Су деңгейіне байланысты Қызылорда облысына бөлінген су лимиті қайта қаралды. Оның мөлшері 3,7 млрд текше метрді құрайды, – деді Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев кешегі өткен брифингте.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлының айтуынша, дария суы шабындық пен жайылымдық жерлерге және егістікке жіберілуде.

– Өткен жылдың 8 желтоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды  қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілген еді. Соған сәйкес республикалық меншіктегі 26 магистралды және шаруашылықаралық каналды, 21 қашыртқыны, 144 тік дренажды ұңғыманы қайта жаңғырту, каналдарды цифрландыру, автоматтандыру және басқа да су шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 37 жоба енгізілді. Жаңақорған ауданының «Келінтөбе магистралды каналына су беретін канал» және «Жаманбай батыр ауылдық округіндегі науалық суғару жүйесінің құрылысы» жобаларын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді басқарма басшысының орынбасары.

«Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы нақтыланған индикативтік жоспар мен белгіленген лимитке сәйкес су пайдаланушылармен келісім-шартқа отыру жұмыстарын жүргізуде. Қазірге дейін олардың саны 760-қа жетті.Сондай-ақ, су пайдаланушылардың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында облыс және аудан әкімдіктерімен тығыз қарым-қатынас жасалған. Филиалдың аудандық өндірістік бөлімшелерінің барлық мамандары күндіз-түні егін алқаптарына су жеткізіп беру үшін жұмыс жасауда.  

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<