Астана қаласында Қызылорда облысы тауарөндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Екі күндік жәрмеңкеде елорда тұрғындарына Сыр өңірінің брендіне айналған ақ күріш, балық пен ас тұзы, қауын-қарбыз, ұлттық сусындар сауда сөресіне қойылды.
80-ге жуық Сыр диқандары мен тауарөндірушілері құны 270 млн теңге болатын 600 тоннадан астам өнім ұсынды.
Атап айтқанда, 300 тоннадан астам күріш, 6 тонна ет өнімдері, 30 тоннадай балық өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 180 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері бар. Келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Сыр елі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды.
Аймақтың аграрлық саласында бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді.
Осы жылдың 8 айында ауыл шаруашылығында 58,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,1%-ға артты.
Жалпы биыл облыста 190 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, негізгі дақыл күрiштің көлемі 85,6 мың гектарды құрады.
Егісті әртараптандыру бағытында 2,6 мың гектарға, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 4,4 мың гектарға дақылдар егілді.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында диқандарға су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылықтар күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді. Шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.
Қазір облыста егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 50 мың гектардан астамы орылып, 42,7 мың гектары бастырылды. Әр гектардан орта есеппен 52,1 центнерден өнім алынуда.
Мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда ірі қара мал басы 36,6%, қой мен ешкі 22,3%, жылқы 0,1%, түйе 4,3%, құс 7,7%-ға көбейді.
Сондай-ақ өңірдің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Бүгінде Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда.
Экспортталған өнімнің басым бөлігі – күріш. Ол Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне Сыр басты дақылы жөнелтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<