Ақын Ақжол Түменбай қызылордалық оқырмандарын ақжолтай жаңалығымен қуантты. Осы уақытқа дейін өзіңнің туған жері Қазалыда және білім алған қаласы Семей шаһарында «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» атты поэтикалық кешін өткізген болатын. Бұл жолғы жырдың көші Сыр елінің орталығында «Сүйемін» атты кешпен жалғасты.
Кейінгі кезде сөзінің күші уытты жас ақындар өсіп келеді. Соның ішінде қадірі биік ауыл қарттарының аузынан жыр-қисса, дастандарды естіп өскен, киелі дала мен туған өлкенің тылсым табиғатынан өн-бойына тазалықты сіңіре білген жас қалам иесі Ақжол Түменбайдың поэзия әлемі өзінше өрнектерге, қанық бояуға толы. Өзінің «өлеңге таласы бар» екенін ерте аңғартқан ол жазған жырлар мыңдаған тыңдарманның құлағында. Туындылары эстрада әншілерінің хит әндеріне айналуда. Қазірдің өзінде «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?», «Әке», «Сүйемін» «Кеткім келмейді», «Арал гимні», «Кімсіз?», «Махаббат» сынды есті әндері халық арасында кеңінен таралған.
«Ақ жолда жүрмін» деп жырлаған ақжүрек ақын Ақжол – өз өлеңдерін, әлдекімдердей күшпен құрастырып, әсіре әдемі сөздер мен ерекше теңеулер іздеп, өз ойы мен оқырман ойын ауырлатқысы келмейтін жан. Жастыққа тән албырттықтан да болар, бірде жүрегі от шашып, бірде көңілі судай басылып, бірде тіпті өмірден баз кешкендей болады ол. Әйтсе де, өлеңдері қазіргі көп жастардың шығармаларындай жасық емес. Айтар ойын ашық жеткізе біледі, қажет тұста іркілмей, кесек түйіндерді шымыр шумақтарға сыйғызуға бейім. «Сүйемін» атты шығармашылық кеші оның өлең өлкесіне өзінше өрнегімен келгенін тағы бір мәрте дәлелдегендей.
– Сізді Сыр сахнасындағы «Сүйемін» атты шығармашылық кешіңіздің өтуімен құттықтаймын. Ақындық – туа бітті талант жемісі. Қара сөздің қасиетін, өлең сөздің өсиетін танытуыңыз – сол талантыңыздың қуаты, өзіңіздің өлеңге деген өршіл махаббатыңыздың өресі. Шығармашылығыңызға қазақтың марғасқа ақындарының шынайы баға беруі рухы биік өлеңмен егіз туғаныңызды дәлелдейді. Ел сүйіспеншілігіне бөленген сізге шығармашылық шабытыңыз таси берсін деп тілеймін. Сыр елінің атын Алашқа танытып, әлемге паш етер күнге жетіңіз, – деген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібевтың құттықтау сөзін облыстың мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов оқып, Ақжол ақынға ақжарма лебізін жеткізді.
Үш сағатқа созылған кешті халық тапжылмай тамашалап, ақынға тік тұрып құрмет көрсетті.
– Мен осы кеште ауылдастарымның, ағаларымның, облыс басшылығының қолдауын ерекше сезіндім. Баршаңызға алғыс айтамын.
Барлығы біз қалағандай болса, Шерағаң айтпақшы, «Бір кем дүние» болмас еді ғой. Тұрмыс билеп, шығармашылықтан алыстап, қарайып қалған кездерім де болды. Қазір сол ортада жүрмін демесем де, ақындық дейтін жолдамын. «Әттеген-ай, тіл мамандарынан, ғалымдардан дәріс алсам, бүгінгіден әлдеқайда жоғары, ойы мен пікірі толыққан ақынға айналар ма едім?» дейтін ой да арагідік туындайтын. Ол олқылықтың да орнын толтырдым.
Бүгін де барынша ерекше болуға талпындық. Кешіме қолдау білдіріп келгендеріңізге алғыс, – деді Ақжол Түменбай.
Кеште Ақжолдың сөзіне жазылған туындыларды Р.Шамшырақ, М.Жамбылұлы, Ж.Қаржаубай, Е.Құмаров, К.Әлімжан, Ү.Ерниязов және Н.Абдуллин нақышына келтіре орындап, көрермен жүрегіне жол тапты.
Айдар САЙЛАУОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<